Қыран құстың сыны мен сипаты

Самғау көкте, яғни, көзкөрім биікте ұшып жүрген бүркіттің қандай екенін һәм жақсы-жаманын анықтау үшін жерде тұрып сынайсыз. Әуелі, оның ұшып жүрген биіктігіне мән беру керек. Қыран бүркіт басқаларға қарағанда, тым биікке көтеріледі. Тіпті, сонау көкте самғап бара жатқан ұшақтарға соқтығысқан оқиғаларда болып тұрады. Екінші шарт – құстың беталысына қарайсыз. Мысалы, көктегі құс желді жарып өршелене ұшса ол – қыран. Үшінші шарт – құстың көтеріп ұшқан жемінің (түлкі, қоян, қарсақ, қозы-лақ, қоңыр аңдардың төлі т.б.) үлкен-кіші мөлшеріне қарап, бүркіттің қуат-қарымын шамалауға болады.

Сол сияқты, бүркітті жерге түсіп, қонақтап отырған кезінде де сынайды. Қазақ құсбегілері тұғырға қонақтап отырған бүркіттің сырт тұлғасына қарап, кермиық немесе кербез құс екенін аңғаратын болған. Мұндай сипаттағы құстар – тұғырда отырғанда екі топшысы үшкілденіп алдына қарай шығып тұрады да, қос жауырынның ортасы науаланып көрінеді. Кермиық құс алдынан қарағанда сыйдамша келеді. Бұндай кермиық-кербез құстар ішегі тарылған (бір ішек) жылқы сияқты әлсіздеу келеді.  

Ал, тұғырында қонақтап отырған құс – көрер көзге  күстілеу көрінсе,  алдынан қарағанда денесі сәл қушықтау, топшысының ұшар басы дөңгеленіп тұрса, отырысы бүкіштеу келсе, мұндай құс – алғыр, ерекше қуатты, алысқанын астына басатын күшті болғаны.

*****

Жалпы бүркітті сынағанда оның түр-тұлғасына, дене бітіміне, сүйек қаңқасына, қанат-құйрығына, мамығына, басына, аяқ-бақайларына, тұмсық-тырнағына, көз ажарына, ұшып-қонуына.., т.б. назар аударылады.

Бүркіттің алғырлығы денесінің үлкен-кішілігімен өлшенбейді. Денесі еңселі зор болғанымен кеуде сүйегі қушық бүркіт қарымды қыран бола алмайды. Құстың кеуде бітімі жалпы денесімен үйлесіп тұрғаны абзал. Мысалы, денесі қанша үлкен болғанымен, төсі тар, төбесі үшкіл, тұмсық түбі қушық, сан еттері босалаң болса ондай бүркіттен жақсы қыран шықпайды.

Егерде, бүркіттің езуі кепсерлі, қауырсыны қылшықты, беті сүйегі жалпақ, тұмсығының сарысы дөңестеу, тұмсық ұшындағы имек мүйізі қысқа, әрі жұқа, танауы кең, суағары жырық, шүңірек көз, екі иығының арасы алшақ, қобы жауырынды, шалқақ төсті, тұғырда аяғын алшаң басып нық отырса, бұл қыран болар бүркіттің сыны. Мұндай бүркітке қазақ құсбегілері: 

Қылыш тұмсық, қайқы төс,

Үңгір қабақ, қысық көз,

Не берсе де, табылмас,

Өзі қағып, өзі алар,

Ырыстыға болған кез, - деп баға берген.

*****

Тәжірибелі құсбегілер қыран құстың біріншіден, қанаты ұзын болуын, екіншіден, құйрығы ұзын болуын, үшіншіден, сирағы ұзын болуын қадағалайды. Бұл үшеуі бір құстың бойынан табылса, ол өте жақсы құс деп есептеледі.  Жалпы қазақ құсбегілері бүркітті сынына қарай бес түрге бөлген:

Біріншісі сыны. Басы үлкен, қанды көз, орқызыл балақ, жауырынды, терек жапырақ жүнді, қауырсыны мелжемді, құйрық шалғысы қылыш тәрізді әрі түзу, кең алқымды, тілі мен таңдайында қара жолақ (қанға тоймас қара тіл) болады.

Екіншісі сыны. Көк тұмсық, көк аяқ, басы көкшіл, тұяғының түбірі жазықтау бітімі нығыз бүркітті көк ауыз долы қыран деп атаған. Себебі, бұл құс аңмен алысқан сайын долдана түседі.  

Үшіншісі сыны. Саңғырығынан уыс-уыс құрт түсетін, әрі битті, екі танауы кең, суағары жырық әрі жұқа бүркітті құсбегілер битті қыран немесе құртты қыран деп атайды.

Төртіншісі  сыны. Ірі денелі саусақ-тұяғығы салалы бүркіттерді темір саусақ, шеге тұяқ деп атайды. Бұлар басқа бүркіттердей емес, аяғы етсіз, тұяғы жазық, басы жалпақ, тұмсығы қысқа, сұңқар тұмсық келеді. Мұндай қырандар өте сирек кездеседі. Түлкімен көп алыспайды. Салмағы ауыр болғандықтан аңға екпіндеп түскенді ұнатады. Кейде тіпті түлкінің ішін жарып немесе белін үзіп жібереді. Мұндай бүркітті құсбегілер тұйғын тоқпақ немесе іш жарғыш деп де атайды. 

Бесіншісі сыны. Бітімі зор, көзі шүңгіл, балапан кезінде жүні қара, балақ жүні шудалы, ақ білек, ақиық, жүнінің ұшында ақ бұршағы бар құсты құсбегілер Алтайдың ақиығы деп атайды. Бұл қарлы биік тауларда, әсіресе, Алтай тауында көбірек кездеседі. Мұндай құстар, көбінесе, қоңыр аңдарға құмар келеді. Тау ешкі, қара құйрық, елік сияқты аңдарды ұстап жейді. Бұл нағыз мұзбалақ қыран.

****

Жоғарыда айтылған бүркіттің сындарынан басқа өте алғыр қырандарда ғана кездесетін айырықша сипаттары да болады. Бұл туралы 2009 жылы Шинжан өлкелік Іле халық баспасынан жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі құсбегілік өнері» атты кітапта (құрастырған Бөлеш Қалиұлы) айтылған үш сипат бар.  

Бірінші сипаты. Тұлғасы шымыр, қағылез, бұлшық еттері қайыңның тошысындай бөлек біткен, төсі кең, шалқақ, топшысы қатты, төбесі жалпақ, маңдайы кең, тыныс тесігі үлкен, тұмсық түбі етекті, аузы үлкен, жұтқыншағы кең, тегеуіріні қысқа, жуан саусақты, өткір тұяқты, көзі шүңірек, биік қабақты, доғал тұмсығы ішке иіліңкі бітеді. Мұндай құс от жанарлы, жүректі келеді.

Екінші сипаты. Денесінде жалғыз тал ұзын жүні болады. Ол бір жақ қапталдың астындағы сербек жүннен бұрала-ширатылып шығады. Аспандап ұшқанда сол ұзын жүннен ысқырған дыбыс шығады. Тәжірибелі құсбегілер осы ысқырық-зуыл арқылы нағыз қыранды біледі, әрі аңғара алады. Оны қауырсын-жүнді  қыржа қыран деп атайды.

Үшінші сипаты. Қос қапталында екіден үшке дейін ақ құйрық қауырсын болады. Қасқа қауырсын құйрығы қара келеді. Сол себепті, ондай бүркітті қарақасқа қыран деп атайды.

****

Бүркіттің тұяғының түбі жіңішке, ұзыншақ, доғалданып бітсе,  жембасар майтабан дейді. Бүркіттің  саусағындағы астыңғы бауыр етін  томар дейді. Томарлы құс қыран болады.  

Кәнігі құсбегілер бүркіттің толарсағын ұстап көреді. Яғни, құстың толарсағы басбармақтың алғашқы буынына толса ондай бүркітті жақсы құс деп есептейді. Сол сияқты, бүркіттің ашамай сүйегінің арасына екі саусақтың басы сыйса немесе бармақтың басы кең айналып тұрса, бұны  айыр сүйек ашамайлы құс деп атайды. Ашамайы бітеу, тұйық құстар күйшіл келеді, онша жақсы болмайды.

Сол сияқты, құстың алқымына төрт саусақтың басы сиятындай болса, әрі төс сүйегінің ернеуі жылмағайланбай қайырылып бітсе, айтулы қыран деп есептеледі. Мұндай құстары өндіргішті өр мінез, айтулы алқакер деп мақтайды. Қыран құстың тілі қара болады. Құс әуескерлері мұны қанға тоймас қара тіл немесе қалың езу қара тіл дейді. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ