– Оразақ Смағұлұлы, отандық антропологияны ұзақ жыл зерттедіңіз. Сізге сұрағым: қазіргі Қазақстан жерінде адам баласы қай дәуірден бастап өмір сүріп келеді?
– Қазіргі Қазақстан жерін адам баласының мекен етуі тас дәуірінен басталады. Яғни бір миллион жыл бұрын мұнда адамдар өмір сүрген. Содан бастап бүгінге дейін ұлы далада адамдардың – еңбегі, тіршілігі, өмірі үзілмеген. Өз басым осы уақыт бедерінен қазақ халқының жеке-дара этнос ретінде қалыптасып, пайда болған кезеңін іздедім. Ол үшін әуелі, қазақтың шығу тегі жайлы гуманитарлық ғылымдар соның ішінде тарихшылар не айтады. Соған назар аудардым. Сөйтсем, гуманитарлық ғылымдар қазақтың шығу тегін «қазақ» деген этностық атаудың пайда болу кезеңіне тіреп зерттейді екен. Бұл қате!
– Неліктен қате?
– Антропология этникалық халықтың пайда болу кезеңін оның ғылыми үлгісі мен артифактісіне сүйеніп айтады. Этнос атауының пайда болу кезеңіне сүйеніп дәлел айтудың қателігі – кейбір халықтың атауы ерте шығады, кейбірі жай шығады. Мысалы, «қырғыз» атауы тіпті біздің дәуірдің алғашқы жылдарына тән қытай жазбаларында кездеседі. Сол сияқты «моңғол» атауы ХІІ ғасырда Шыңғысхан құрған тайпалық одақ негізінде пайда болды. Бірақ бұл халықтар оған дейін де болды емес пе?! Мүмкін басқа атаумен жүрген шығар... Демек, қоғамдық ғылым этностардың пайда болу тарихын нақты айта алмайды, сөйтіп тарих бұрмаланады.
Тарихты бұрмалау патшалық Ресей мен кеңестік дәуірде қатты жүргізілді. Әсіресе, түрік халықтарының тарихын славян жұртынан төмен етіп көрсету, мәдениетсіз, шыққан тегі күмәнді жабайы деп баға беру жалпыласты. Тіпті 1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасын бас хатшы Горбачев «түземдіктердің көтерілісі» деген жоқ па?! Қысқасы, бізге күні кешеге дейін осы бұрмаланған тарих оқытылып келді.
– Түсінікті. Бұрмаланған тарихты қалай қалпына келтіреміз?
– Бұрмаланған тарихты қалпына келтіру үшін бұлжытпайтын ғылыми дәлел-дәйек керек. Оны атқаратын физикалық антропологиялық зерттеулер. Осы салада ұзақ жыл еңбек еткен адам ретінде орыс тілінде «Қазақ халқы және оның шығу тегі» дейтін көлемді кітап жазып шықтым. Ол әлі жарық көрген жоқ. Қолжазба күйінде қолымда тұр.
Бұл еңбегіңізде қазаққа қатысты қандай жаңа зерттеулер бар?
Бұл еңбекте қазақ этносына қатысты оның – бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс құрылысы, сезімі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне ұзақ жыл жүргізілген кешенді салыстырмалы зерттеудің нәтижесі топтастырылған. Яғни, қазақ халқы Еуразия құрлығында өзімен бірге тұрып жатқан жүздеген этникалық топтармен салыстырылып толық зерттелді. Нәтижесінде, қазақ халқы ешкімге ұқсамайтын жеке-дара, құдай айырықша бөлек етіп жаратқан өзіндік морфофизиологиялық анықтамалары мен антропологиялық мәртебесі бар этнос екені дәлелденді. Осы зерттеудің арқасында қазақтың биологиялық, антропологиялық тарихы жаңадан жазылып, ешкімге ұқсамайтын жеке-дара этнос ретінде осыдан 40 ғасыр бұрын пайда болғандығы толық дәлелденді.
– Салыстырмалы зерттеудің басты мақсаты қазақтың ешкімге ұқсамайтын жеке-дара этнос екенін дәлелдеу болып отыр ғой...
– Дәл айттыңыз. Антропология – әлемдегі халықтардың шығу тегін зерттейтін жалғыз ғылым. Бұл ғылым – адамның морфологиялық, генетикалық деректеріне қатысты тек дәлелді әңгіме қозғайды. Осы орайда, біз қазақтың күллі Еуразияны мекендеп отырған басқа халықтардан қандай айырмашылығы бар, осыны ажыратуға ниет қойдық. Мысалы, бұдан 5-7 мың жыл бұрын қазіргі Қазақстан жерін мекендеген аталарымыз көне европойд типтес болған. Ол қазіргі орыстар немесе басқа да славян тектестер емес. Қазіргі қазақтарда ежелгі европойд аталарымыздың үлесі – қан құрамында, бет-әлпетінде, алақан тері бедерлері, тіс морфологиясы сияқты пропорцияларында және биологиялық, морфологиялық, физиологиялық гендерінің үштен бірінде сақтаулы. Осының арқасында қазақ айналысында өмір сүріп жатқан топтардың бірде біреуіне қосылмайтын даралығын сақтап келген.
– Бұны қалай дәлелдедіңіздер?
– Әуелі қазақтың тіс құрылысына арнайы зерттеу жүргіздік. Тұрақты тістерде халықтың морфологиялық заңдылығы мен кәдімгі тарихы сақталады. Бұл ғылым саласында әлдеқашан дәлелденген дүние. Сөйтіп, қазақ халқының тіс құрылысы жағынан еуразиялық этностардың ешқайсына ұқсамайтын одонтологиялық ерекшелігі барын анықтадық. Өткен 40 ғасырда қазақтың морфологиялық тіс құрылымына енген өзгешелік – астыңғы бірінші азу тіс 60 пайызға өзгерсе, екінші азу тіс 7-8 пайызға ғана өзгерген. Бұл зерттеуге 12-17 жас аралығындағы 7 мың жасөспірім қатысты.
Келесі зерттеу обектісі қан жүйелеріне қатысты айтар болсақ: әлемдегі бүгінгі адам баласының қаны 30 түрлі жүйеден тұрады. Медицина осылардан 1-ші, 2-ші, 3-ші, 4-ші дейтін төрт жүйесін ғана кәдеге жаратып жүр. Қан жүйесінің басқа зерттеулерден ерекшелігі, ғылыми сараптамалық есептерді жылдам шығарып алуға қолайлы. Өз басым 40 мыңнан астам қан жүйесін жинап, оны итальян ғалымдарымен бірлесіп зерттедім. Бұған барлық өлкенің қазақтары қамтылды. Бұдан байқағаным – қазақтың қанында өлкелік немесе ру-жүздік ешқандай айырмашылық жоқ. Бір қызығы, дүние жүзінде қазаққа қан жүйесі жағынан ең жақын халық қалмақтар болып шықты.
Сол сияқты қазақ халқын өңірлік-жерлік-мекендік тұрғыдан географиялық бес аймаққа және жүздік-рулық құрамға бөліп олардың бет-әлпетіне арнайы есептік формула арқылы антропологиялық зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде, барлық қазақ бір тектен, бір саптан тараған түп атасы бір халық екені дәлелденді. Әлемде бет-әлпеті жағынан қазаққа ең жақын халық – қырғыздар екен. Екінші орында алтайлықтар тұр.
Сонда жүздік-рулық құрылымдардың қазаққа туыстық немесе гендік ешқандай қатысы жоқ болғаны ма?
Туыстық қатысы болуы мүмкін, қандық-тектік қатысы жоқ. Ру-жүз дегеніміз – көшпенділердің шаруашылық-тұрмыстық бөлінісі мен жауынгерлік-әскери одағы ғана. Одан кейін алақан тері бедерлері арқылы зерттеу жүргіздік. Әлемде 7 млрд адам бар. Осылардың алақан терілерінің бедері бір-біріне ұқсамайды. Сол сияқты әрбір халықтың өзіне тән басқа халықтан ажыратып тануға болатын алақан бедері болады. Бұл бір тылсымның ғаламаты.
Алақан тері бедерлері арқылы зерттеудің тек мамандар ғана білетін есеп-қисаптары болады. Бұны да оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс деп төрт өңірлік типке бөліп қарастырдық. Яғни, Қазақстанның батысындағы қазақ пен шығыс шетінде өмір сүріп жатқан қазақтың тері бедерлері 100 пайыз бірдей. Бұл тағы да жүздік-рулық тұрғыдан зерттелді. Өз басым әлемдегі барлық ұлттардың ішінен қазақтың алақан бедерін ажыратып тани аламын.
– Қазақтың алақан тері бедерінің басқа жұрттан негізгі айырмасы қандай?
– Қазақтың алақан тері бедері доғалы (аркус) стильге жатады. Екіншіден ілмек (петля) немесе орама (завиток) формалы болады. Осы формалардың саусақ іздерінде бедерленуі әр халықта әртүрлі. Одан кейін этностың біртектілігін зерттейтін дүние – дәм сезімі. «Фенилтио карбинит» дейтін арнайы ұнтақ бар. Оны суға араластырып тілдің екінші жартысына тамызасыз. Кім қандай дәм сезінді осы арқылы нәтиже анықталады. Дәм сезімі арқылы зерттеудің 14 тәсілі және осының ішінде этностық-ұлттық ерекшелігін анықтайтын 7 және 8 нұсқалары ғылымға белгілі.
– Сіз қазақтарды түрік халықтары ішіндегі «ортаңғы этнос» деген пікір айтыпсыз? Осыны тарқатып бере аласыз ба?
– Қазіргі таңда әлемде жүз миллиондаған түрік тұқымдастар бар. Осылардың барлығы дерлік өздерінің түп тамырын бүгінгі қазақ даласымен байланыстырады. Расында солай. Өйткені, 7-8 ғасырда оғыз тайпалары қазақ даласынан қазіргі Түркия жеріне қоныс аударғаны туралы дерек бар. Осыдан кейін біз қазақ даласынан табылған 7-10 ғасырларға тән қаңқа сүйектерге зерттеу жүргізіп көрдік. Мынадай қортынды шықты. Қазіргі қазақтардың антропологиясының 50 пайызы ерте ғасырларда қазақ даласында өмір сүрген көне еуропойдтардың үлесінде екен де, қалған 50 пайызы шығыстан келіп кірмелік жасаған моңғолойд тектестердің үлесінде екен.
Сонымен қатар екі мың жыл бұрынғы үйсін дәуірі мен одан да ілгеріде өмір сүрген сақтардың сүйек қаңқасына зерттеу жасап көрдім. Сақтардың қаңқасын зерттегенде: біздің дәуірге дейінгі бес мың жылдықта шығыстан келіп қазақ даласына қоныстанған тайпалардың ізін аңғардық. Осы кірме тайпалардың үлесі қазіргі қазақтың бойында 15 пайызға тән екен.
– Ал қалған 85 пайызы ше?
– Қалған 85 пайыз қола дәуірінде қазақ жерін мекен еткен тайпалардың үлесі болып табылады және бұл тайпада моңғолойдтық әсер жоққа тән, негізінен көне еуропойдтар.
– Осы іспен айналысқаныңызға қанша жыл болды.
– 50 жылдан астам ғұмырым кетті. Құдай маған жақсы ұстаздар жолықтырды. Олар: «Сен жергілікті мамансың, өз халқыңның антропологиясын кешенді түрде зертте! Бұны білмейінше сендер өткен ғасырда нені жоғалтып, нені таптыңдар, соны білмей өтесіңдер, сонымен қатар морфологиялық және стоматологиялық әдіс арқылы қазіргі қазақты зертте! Әсіресе көне қаңқалардың тісін зерттеуді үйрен, әйтпесе этностың даму үрдісіндегі биологиялық заңдылықты аңғара алмайсың. Одан кейін қан жүйесін зерттеуді үйрен» деп аманат айтты.
– Ұстаздар аманатын орындаған боларсыз?
– Әрине, ұстаздар аманатын орындаймын деп қан жүйесін зерттеу үшін медицинаның төрт курсын бітірдім емес пе?!
– Сіз өткен ғасырдың 50-ші жылдарының аяғында Қазақстан Ғылым академиясының басшысы Қаныш Сәтбаевтың тапсырмасымен қазақ даласында иесіз қалған қорымдарды қазып қаңқа сүйек жинадыңыз...
– Қаныш ағамен кездесуімнің өзі тосыннан болды. 1958 жылы Мәскеудің аспирантурасына оқуға түстім. Мақсатым – Қазақстанның антропологиясын зерттеу. Мәскеу айтты: «Қазақстанда бұл тақырып жабық, егер зерттегің келсе Ресей ме, басқа бір шетелді таңда». Бірақ мен ҚҒА стипендиясына оқып жүргендіктен қалайда Қазақстанға қатысты тақырып таңдауым керек-тін. Қазақстанда мен зерттейтіндей сүйек қоры жасалмаған. Осы мәселе академик Қаныш Сәтбаевтың алдында талқыланды. Қанекең бұған дейін атымды да естімепті. Бірақ менің антропологияға деген құштарлығымды бірден түсінді де, дереу сүйек қорын жасауға бұйрық берді. Мен іске кірістім.
– Қаңқа сүйек жинауды қай өңірден бастадыңыз?
– Бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданы жерінен бастадым. Одан кейін Қарқаралы маңындағы Қарасор көлінің жағасы мен Баянауылдың Қаратас деген жерінде аштан өлген адамдары көмген қолатты қаздым.
– Қанша қаңқа сүйек жинадыңыз?
– 185 бас сүйек жинадым. Бірақ осы сүйектерді сақтайтын жер, зерттеу жүргізетін лаборатория, құрал-жабдық болмады. Міне, содан бері 60 жыл өтті, әлі жоқ. Ақыры жинаған қаңқа сүйектерді Кунсткамераға өткіздім.
– Антрополог ретінде Ресейдегі барлық қаңқа сүйектер сақталған музейлерді толық аралап көрдіңіз бе?
– Ресей бер жағы, АҚШ, Италия, Үндістан, Жапония, Қытай елдеріндегі сүйек қоры музейлерін көрдім. Тек көріп қана қойған жоқпын, сол жерде отырып ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргіздім.
– Ресей музейлеріндегі қаңқа сүйектер арасынан Кенесары ханның басын көзіңіз шалып қалған жоқ па?
– Бұл жай үнемі назарымда болды. Бірақ біз Кене ханның бас сүйегіне қатысты көбінде аңыз-әпсана айтамыз. Ханның басын Омбыға апарыпты, кейін Эрмитажға тапсырыпты деген сияқты. Бұл туралы ешқандай құжаттық дерек сақталмаған. Маман ретінде айтарым: қырғыздың Алмасайында ханның басы шабылды, ол атпен Омбыға жеткізілді-мыс. Бұл мүмкін емес. Өйткені, шабылған бас алып жүруге келмейді. Тез сасиды. Оны тасымалдамай тұрып ғылыми методологиялық шаралар жасалуы керек. Мысалы, басты әуелі ыстық құмға 35 см тереңдікке көміп қояды. Үш күннен соң екінші жерге ауыстырып көмеді. Осылай бастың терісі мен етін ағызады. Тазарған сүйекті арнайы ертіндімен жуады. Екінші тәсіл – басты арнайы тесік ыдысқа салып ыстық суға 4-5 сағат қайнатады. Шамалы уақыт өткеннен кейін бүтін ыдысқа салып тағы қайнатады. Терісі сыдырылған қаңқаны арнайы ерітіндіге малып жолға дайындайды. Одан соң алып жүруге болады. Кенесарының шабылған басына осының бәрі жасалды деп ойлайсыз ба? Қысқасы, ханның басы Омбыға да жетпеген...
- Елімізде антропологияны дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
Қазақ даласында өмір сүрген адамдардың сан ғасырлық сүйек қорын жасап, оны Ұлттық музейде тұрақты сақтау шарасын жедел қарастырмасақ кеш. Мысалы, мен отандық антропология жайлы көптеген ғылыми еңбектер жаздым. Күндердің күнінде менің еңбегімді біреу көріп, «мынау антрополог Оразақ Смағұловтың еңбегі екен, енді мұның дәлелі сүйектерді көрейік» десе, көрсететін сынық қабырға жоқ. Сөйтіп мен дәлел-дәйекті ауадан алған адам болып шығамын. Содан бір қу келеді де «қазақтарда Смағұлов жазғандай генетикалық тарих жоқ» демей ме?! Осылай болмас үшін Қазақстан жерінен табылған қаңқаларды қай ғасырға жататынын анықтап, уақыттық тізбе бойынша ұлттық музейге қою керек. Сүйек дәлелі өтірік айтуға келмейді. Сөйтіп халқымыздың генетикалық, биологиялық тарихы түгенделеді. Елбасы айтып жүрген «Мәңгілік Ел» дегеніміз осы.
Қазақтың тарихы оның бір тамшы қаны мен қаңқа сүйегінде сақтаулы. Бұндай әрі шын, әрі нақ, әрі ақиқат ақпаратты әлемнің ешбір архивінен таба алмайсыз. Сүйек арқылы адамның нәсілін және сол халықтың тек өзіне тән генетикалық ауру-сырқатын да анықтауға болады. Мысалы, еврей ауруымен тек еврей ғана ауырады. Амозанка тайпаларының ауруымен басқа халық ауырмайды. Біздегі күрделі мәселе институт-университеттерде антропология оқытылмайды. Одан кейін аса бір құнды қаңқалар жеке адамдардың қолында. Олар қаңқаның өзін жоқ дегенде тісін шетелге контрабандалық жолмен сатып жіберіп жатыр.
– Неге?
– Бұларға ақша керек. Ал шетелдіктерге қазақтың генетикалық қорын біліп алу керек. Басқа басқа біздің ел шетке таза қан (живая кровь) сатуды бастады. Бір тамшы қанда күллі ұлттың генетикалық заңдылығы сақталады. Әлемде 4000-ға жуық этникалық қауым болса осылардың табиғи жаратылысында жазымыштан берілген кемшілігі болады. Осы кемшілікті дәл тапсаң, сол халықты 30 жылдың ішінде ақымақ-мәңгүрт қылып жіберуге, 50 жылдан кейін жер бетінен жоқ қылып жіберуге болады. Қазіргі құрлықаралық зымырандардың әскери құпиялығы адамның генетикалық кодының құпиясының қасында түкке тұрмайды. Осыны біздің қоғам түсінбей отыр. Халықтың гендік қорын басқаның қолына беру – сол халықты өлтірумен бірдей.
Әңгімелескен Бекен Қайратұлы