Пазырық кілемі

Жуықта елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің «Сақ мұрасы» атты көшпелі көрмесі ұйымдастырылды. Осында қойылған экспонаттар арасынан – әйгілі «Пазырық кілемінің» қалпына келтірілген нұсқасын көрдік.

Пазырық қорғандары – Ресей Федерациясы Таулы Алтай аймағы, Ұлаган ауданы жерінде, теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте орналасқан сақтар дәуірінде тұрғызылып, мәңгі мұздақта бүлінбей сақталған бес үлкен оба. Қорымды ғалымдар б.з.б. 5-3 ғасыр үлесіне жатқызып жүр. Мұндағы тоң-мұздақтың арқасында табиғи бальзамдалған адам мүрдесі мен металл, тері, былғары, ағаштан жасалған бұйымдар жақсы сақталған.

Соның бірі – біз көрген кілем. Бұл бұйым қорымының бесінші обасынан табылған: көлемі 4,5 х 6,5 метр, қалыңдығы 3 мм. Түпнұсқасы қазір Петербордағы Кунсткамера қорында сақтаулы. Кілемге реконструкция жасаған шеберлер оның тұла бойын қалпына келтіру үшін қырғыз бауырларымыз қалпақ жасап киетін жұқа ақ киізді пайдаланыпты. Одан кейін кілем бедеріндегі нақыштарды байырғы стильдік үлгісі мен ескі бояуын сақтай отырып, айнытпай жасап шыққан.

Зерттеуші С.И.Руденконың пайымдауынша, кілем сәндік бұйым ретінде салтанатты сарайдың қабырғасына ілініп, көсем қайтыс болған соң оны жерлеу рәсіміне пайдаланған, соңында мүрденің қасына қойылған арба мен төрт жылқының үстіне жапқан десе, екінші бір зерттеуші М.П.Грязнов, кілем көсемді жерлеуге дейін оның мүрдесін уақытша сақтайтын ғұрыптық сахна-шатырдың ішіне қойлыған мәйіттің жабынтығы дегенді алға тартады.

 Расында Алтайдың қақаған қарлы қысында тоңды қазып сахна-зират тұрғызу қиын. Сол себепті, қыста өмірі үзілген адамды күн жылығанға дейін уақытша жерлеу рәсімін атқаратын жасанды-зират көп өлкелерде бертінге дейін сақталып келгенін білеміз. Екінші оқымысты осыны меңзеп отыр.

1970-ші жылдары «Ескі» қорғанына жүргізілген қазба-зерттеу жұмыстары барысында «Алтын адамның» астындағы ағаш еденге төселген  кілем болған. Алайда,  кілем шіріп кетіп, алғашқы қалпы сақталмаған. Одан басқа тағы бір ескерер дүние, Пазырық кілеміндегі ою-өрнек атрибуттары «Есік» қорғанынан табылған қолданбалы заттық бұйымдар стилімен ұқсастығы.

Осы орайда еске түседі, басқа жақты білмеймін, біздің елде әлі күнге дейін мәйітті кілем немесе сырмаққа орап шығарады. Бұл рәсім сонау сақ дәуірінен бері жалғасып келе жатқан үрдіс емес пе екен?!

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ