Қазақ халқы қолданған мата атаулары
  • Жібек – беті тегіс, жылтыр, қымбат мата.
  • Қамқа – зерлі жіптен тоқылған жібек мата.
  • Қатипа – жол-жолы бар жұқа жібек мата.
  • Торқа – ең қымбат жібек мата.
  • Пасыл – жібек мата.
  • Торғын – қымбат бағалы жібек матаның бір түрі.
  • Патсайы (батсайы) – тығыз тоқылған жібек матаның бір түрі.
  • Биқасап – енсіз жібектен тоқылған жолақ мата.
  • Дүря – жылтырауық тығыз жібек мата.
  • Баршын – жолақты жібек мата.
  • Насар – жібек кездеме.
  • Қырмызы – жоғары сапалы қызыл жібек.
  • Пай (пайы) – тығыз жібектен жатық боялған, кең көлденең ұсақ жолдардан тұратын жібек мата.
  • Парша – алтын мен күмісті араластыра отырып тығыз тоқыған жылтырақ жібек мата және сол матадан тігілген қымбат бағалы киім.
  • Қымқап – алтынды, күмісті жіп араластырып тоқылған қалың жібек мата.
  • Сарпоңке – астарлық жібек мата.
  • Барқыт – түгі тығыз жібек мата.
  • Шибарқыт – бет жағы жол-жол болып келген барқыттың бедерлі түрі.
  • Баршын – жолақты жібек мата.
  • Құлпы – өңі құлпырып тұратын жібек мата.
  • Қазине – жібектен қалыңды-жұқалы етіп тоқитын мата.
  • Тібен – түрлі түсті қалың мата.
  • Мақпал – тығыз тоқылған, қалың, түкті барқыттың бір түрі (қара мақпал, қой мақпал, қырмызы мақпал деген үш түрі бар).
  • Сәтен – сапалы мақта жібінен тығыз етіп тоқылған жылтыр мата.
  • Шағи – жұқа келген жұмсақ мата.
  • Шұға – жұмсақ майда түкті жүн мата.
  • Манат – сырт киімдік барқыт сияқты бағалы шұға.
  • Мауыт (мәуіті) – оң жағы майда түкті келген қалың мата.
  • Қыжым – сапалы жүннен тоқылған түкті мата, плюш.
  • Қойқын – жуан жіптен тоқылған қалың мата.
  • Ләңке – сырт киімдік матаның бірі түрі.
  • Ұштап – ақ түсті тығыз мата.
  • Шөжім – іш киімдік, арзанқолды жұқа мата.
  • Саң – шыттан қалыңдау, ақ түсті мата.
  • Шыт – жеңіл әрі арзанқол жұқа мата.
  • Бояқ – батсайы тәріздес қалың кездеме.
  • Боян – боялған бөздің бір түрі.
  • Дабы – жұқа ақ матаның бір түрі.
  • Ламбок – сырт киімдік судыраған жылтыр қара мата.
  • Бөз – мақтадан тоқылатын жұқа, арзан қолды мата.
  • Аңдабы – жұқа ақ мата.
  • Ақсаң – ақ мата, сұпы.
  • Сұпы – жұқа ақ мата, ақ дабы.
  • Сиса – мақтадан тоқылатын, арзан бағалы, түрлі-түсті, жұқа шыт мата.
  • Асұп – ақзон, ақ сиса.
  • Бәтес – мақтадан тоқылатын жұқа ақ мата.
  • Борлат – қызыл түсті жұқа мата.
  • Бүлде – сапалы, қымбат мата.
  • Үлде – қымбат жұқа мата.
  • Доқаба – сырты түкті барқыттың жақсы түрі.
  • Кенеп – кендір мен зығыр талшықтарынан тоқылған мата.
  • Масаты – жұмсақ, түкті барқыт, жібек мата.
  • Берен – қымбат асыл мата.
  • Мандала – көбінесе сырт киім тігетін, сапалы да бағалы шұға.
  • Драп – жүннен жасалған сырт киімдік екі қабат қалың мата, мауыты.
  • Күлдір – үлбіреген жұмсақ жібек мата.
  • Атлас – бір жақ беті жылтыр келген жібек мата.
  • Зон – жұқа ақ мата, бәтес.
  • Бомази – жұмсақ, түкті мата.
  • Сұрып – шыттан сәл қалың, жылтырақ мата.
  • Саржа – астарлық матаның сусылдақ, жылтыр, мықты түрі.
  • Құмаш – асыл кездеме.
  • Үлдірік – жұқа шүберек, дәке.
  • Шүберек – қиылған, я жыртылған шағын мата.
  • Дәке – жұқа, селдір ақ мата (кей өңірлерде дәкені дакі, марлы, үлдірік, шарапшын, бөлер деп те атайды).
  • Ластік – сырт киімнің астары, көрпелік ретінде көп қолданылатын, жылтыр мақта матаның бір түрі.
  • Тептік – мақтадан не зығырдан тоқылған мата.
  • Ақзу – ақ мата, ақ шыт.
  • Меткетон – мақта матадан тоқылған кездеме, кендір жіпті мата.
  • Алаетек – түрлі-түсті жолақты мата.
  • Трико – жүн, мақта, мата жібіне химиялық талшық қосып тоқылған тығыз, қалың мата.
  • Дишолаң – дакрон кездеме, дакрон (териленнен тоқылатын кездеме).
  • Пүліш – түкті бағалы мата.
  • Шілтер – жібектен, мақтадан немесе жүн жіптен селдір етіп тоқылған әшекейлі бұйым.

 

Бұлардан сырт, Тапта, Мана, Бұйдас, Сылаң, Зипуын, Қасапдар, Қаламы, Побрк, Грп, Шәмбизі, Дика сияқты атаулар да кейбір өңірлерде қолданылған. Алайда бұл сөздердің ішінаралары матаның сапасына байланысты басқа ұлт тілдерінен кірген сөздер екенін де ескерген жөн.

Сөздіктерден реттеп жинақтаған Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

6alash ұсынады