Алтай тауының бөктерінде тіршілік ететін қазақ халқының байырғы өнерінің бірі − қаршаңғы ұзақ тарихқа ие. Ұзақ тарихқа ие болатыны Алтайдың қарـмұз жастанған Ұлытауларында қыс бойы қалың қар жауып, қия басуға мүмкіндік бермейтіні көне көз қарттарымызға таң емес.
Алтай тауларының биік, қарының қалыңдығы ат бойы, кісі бойы жаууы қаршаңғының шығуына ең басты себеп. Қар қалың болса оны жылқының бұзуы, жол салуы мүмкін емес. Алайда, шаңғы таққан, аяғына шаңғы байлаған адамның қалың қарда жүруі, екі ауылдың арасына қатынауы, азықـтүлігін қамдауына да өте оңтайлы болса керек. Байырғы қаршаңғы кісі бойынан бір қарыстай ұзын, ені жалпақ болғандықтан қалың қарға көмілмей алға жүруге оңтайлы, еңіске өзіـақ зымырай жөнелуге дайын тұратындықтан қашқан аңды ұстауға таптырмайтын тез көлік еді.
Осы тұста шаңғы атауына түсінік жасауды да жөн көрдім. «Шаңғы − зат есім, адам аяғына іліп қар үстінде сырғанайтын, шана табаны сияқты жалпақтау келген, басы қайқы жұқа ағаш» («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 10-том, 187 бет) десе, енді бірде: «Шаңғы − екі аяққа тағатын, екі ұзын жалпақ ағаштан жасалған, қосымша ұзын сырық таяқтың көмегімен таулы жерде қардан сырғанайтын көлік құралы» («Қазақтың көлік мәдениеті», Ясин Құмарұлы, 14 бет) деп ішкерілей өзектей түседі де: «Көне түркі тілінде ‹шаңғы›, ‹шана› атауына ең жуық − (xandan чандан) деген сөз бар. Ол қазақшадағы сандал. Сандал − жазғы жеңіл аяқ киім. Терістікте қыстаұзын қоныш, жылы, ауыр аяқ киім киеді. Сондықтан жазда аяқтың басына ғана киетін (таңатын), қонышсыз аяқ киім жазғы жеңіл аяқ киім саналады. Сандалдың табаны ерте кезде ағаштан, қайыңтоздан жасалады. Демек, чандан (сандал) да біртұрлы ағаш аяқ киім» («Қазақтың көлік мәдениеті», Ясин Құмарұлы, 25 бет) деп түсінік жасайды. Демек, чандан(сандал) жасалу шеберлігіне қарағанда шаңғыдан көп кейін. Ал, қар шаңғының жасалуы қазақ халқының дала серісі жылқыны қолға үйретуден бұрын болғаны шын. Ал, жылқыны қолға үйретуден бұрын болса жылқыға шегетін арбадан да бұрын жасалғанына күмән келтіруге болмайды.
Қазақтың жылқы терісінен қаптаған байырғы қар шаңғысы самырсын мен қайыңнан жасалады. Қаршаңғының мықты, қайымайтын, оңайлыққа сынбайтын ағаштан жасалуы шаңғышының өміріне жасаған ең үлкен қамқорлық, жәуәпкерлік. Самырсын аяққа жеңіл, суға аумайды, су сіміргіштігі баяу, мықты. Ал, қайың болса суға аууы самырсыннан тез, су сіміргіштігі біршама жоғары болады да, шаңғышы қар бұзып жүрген сайын салмағы ауырлап аяққа күш түседі. Бірақ, шыдамдылығы самырсыннан неше есе жоғары болады. Бұтағы аз, оқтаудай түзу ағашты кісі бойынан екі қарыс ұзын келтелеп кесіп алады. Кескен ағаштың жуандығы бір сүйем болады. Кісі бойы ағашты дәл ортасынан сыналап отырып жарып екіге айырып, екі аяққа байлайтын шаңғының материялы яғни табаны етеді. Одан оны балта немесе шотпен жұқалап шауып, шаңғының ұлы тұлғасын шығарады, бейімдейді. Шаңғының ұшын жұқартып, сәл доғалап үшкілдеп алғаннан кейін қоламтаға тығып, не болмаса ыстық суға бөктіріп жұмсартып алғаннан кейін арнаулы тезге салып ұшар басын жоғары қайқайтып ақырынـақырын қайырып иген соң, тас қып таңып тастап күн көзіне кептіреді. Кепкеннен кейін және де артықـкемін қырыпـжонып табанын майдалап, жотасын дөңестеу етіп шауып, аяқ басатын жерін аяққа оңтайлы етіп тегістеп шабады. Аяқтың үшымен өкшесін ілінетіндей аралық қалдырып 4 тесік тесіп, алдыңғы 2 тесікке тұмылдырық, артқы 2 тесікке қайыстан бау тағып, табанына жылқының пұшпақ терісінен жүнін артына қарай жығылғанын бағыт етіп қайыспен көктейді. Бертін келе ұсақ шегелермен шегелейтін де болған. Жылқы терісі жүнінің жығылуы артына қаратылуы шаңғы табаны майда болып алдыға тез сырғанайтындығы. Ал, қайқайыс, орге аяқтағы шаңғы кейін кетіп таймайтындығын өлшем еткен. Қаршаңғының байырғы өлшемі кісі бойынан бір қарыс ұзын яғни 10 қарыс, енінің артқы доғал ұшы бірсүйем, алдыңғы ұшы сынық сүйем. Шет қалыңдығы бір елі, жалының қалыңдығы екі елі болып келеді. Жылқы терісін шаңғыға шылғи түрінде пайдаланады. Жылқы терісі иленетін болса өрімге пайдаланғаны сиыр терісінен де шыдамды әрі тегіс, біркелкі болады. Ал, тері шаңғының бүгінгі нақты жасалуына келсек: «Шаңғының ұзындығы адамның бойы мен дене салмағына қарай 1.80 сантиметр де 2 метраралығында болады. Қалыңдығы 4-5 сантиметр. Табаны түзу, тегіс келеді. Үстінгі беті баулықтың алды ـ арты ортасынан жал болып келеді де, екі шеті қырнап жұқартылып шабылады. Жалпақтығының ені арты 10 сантиметр, алды сүйірлене келіп 6,9 сантиметр айналасында болады» («Қазақтың ата мұрасы − байырғы тері шаңғы», «Мұра» журналы, 2009 жылғы 2 сан, Тасқын Ысқақұлы, 46 бет).
Жазба және тарихи материялдарға сүйенер болсақ: «20 ғасырдың 60 жылдары, орыс археологтары орал сілеміндегі батпақты саздан осыдан 8000 жыл бұрын жасалған делінген шаңғы қалдығын байқаса» («Қазақ көлік мәдениеті», Ясин Құмарұлы, 16 бет), 2005 жылы Алтай қаласының Қандығаты ауылына қарасты «Дөңді бұлақ» деген жердегі тас үңгірден табылған жартас суретіндегі қаршаңғы таққан адамның бейнесі түсірілген тіршілік таңбасын Қытай шаңғышылар қоғамының техникалық ақылшысы Шан Жаужян мырза қатысты археологиялық сараптаулардан өткізіп, оның 12 мың жылдың алдындағы «Көне тас құралдар» дәуіріне жататындығын тұрақтандыру арқылы, тас үңгірдегі жартас суретінің тіршілік көзі алтай өңірінде тіршілік еткен адамзаттың тым ертеде ең алғаш қар шаңғы пайдаланғанын тұрақтандырады. 2006 жылы 16 қаңтар күні Шан Жаужян батыс терістік университетсінің маманы Уаң Жяншынмен бірге бүкіл дүние жүзіне: «Қытай Шинжяң Алтай − адамзаттың байырғы қаршаңғы мекені», ـ деп жариялады, сонымен бірге, Алтай қалалық партком мен үкімет әр жылғы 16 қаңтар күнін: «Адамзаттың байырғы қар шаңғы мекенін» еске алу күні етіп белгіледі. 2007 жылы 16 қаңтарда дүние жүзілік геннис рэкорды жинағына: «Алтай − адамзаттың ең байырғы қар шаңғы мекені» деп алтын әріппен жазылуы ең үлкен тарихи құндылық болды.
АҚШ-тың байырғы қар шаңғы мәдениеті мен тарихын зерттеу маманы Нилс Ларсен Алтайдың көркем көрінісін, қар жамылған Ұлытауының кіреукелі шыңын көргеннен кейін: «Дүние жүзінің барлық жерінде тау да, қар да бар. Алайда, сол жерлердің бірде бірі Алтайдың осы бір ұшан теңіз тарихи қайнар көзі байырғы қаршаңғы мекенінің орнын баса алмайды. Осы өлкеден басталған бұл тамаша бастама осызаман қар шаңғысының алтын мекені. Бүгінгі қаршаңғы байырғы қаршаңғының жалғасы екеніне көз жеткіздік. Бұл ретте қоғамдық тексеруге қатынасқан қаршаңғы әуескерлерінің қоржындары қомақты. Өйткені, бұл дүниедегі шоқтығы биік байырғы мәдениет саналады», ـ деп бағалаған.
Дидарбек Зәкіржан
6alash ұсынады