Лингивист ғалым марқұм Рахманқұл Бердібаев «Кеңес дәуірінде қазақ тілінің 18 мың сөзі бұрмаланған, яғни мән-мағынасы өзгерген» депті. Осындағы мәні өзгеріп, мағынасы ауысқан атаудың бірі – қатын сөзі. Бұл термин ертедегі Түркі қағанаты кезінде билеушіден кейінгі екінші тұлға – оның сүйікті жарына берілетін құрметті атақ екен.
Айталық, алғашқы Түркі қағанатының негізін қалаған Бұмын қаған өзінің бірінші әйелін «қатын» деп атап, оған аса зор құқықтық мәртебе бергені жайлы қытай деректерінде айтылса, түркітанушы ғалым Сартқожа Қаржаубайұлының жуықта жарық көрген «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты еңбегінің 2-ші томында: «Білге қаған» ескерткіш-жазуында қағанның жары Бүбуді сұлуды «қатын» деп әспеттегені айтылады. Мұндай әспеттеулер Күлтегін және Теркін жазба мұраларында да бар екен.
Этнограф-ғалым Ахмет Тоқтабай: «Қатын сөзі – қағанның жәрдемшісі, елдің ұйытқысы немесе анағұрлым кең мағынада «Ел анасы» дегенді білдірген» десе, Қ.Сартқожа, ежелгі түркілер қағанның бас бәйбішесін «қатын» деп атап, оның қызметшілерін «қалаш» деген, қазіргі қолданыстағы «қатын-қалаш» тіркесінің түбі осында жатыр, дейді.
Сол сияқты, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген моңғолтанушы Константин Д Оссонның еңбектерінде Шыңғыс ханның өзіне қарасты бес жүзге жуық әйелі мен күңі болған. Солардың ішінде аса ықпалды құрметтілерін ғана «қатын» деп атаған. Мұндай мәртебеге қол жеткізген әйел төртеу. Олар ханның алғашқы жары қоңырат Дай (Tain) шешеннің қызы Бөрте, екіншісі меркіт ноянының қызы – Құлын, одан кейінгілер – апалы-сіңілі татар қыздары: Есуй мен Есүген. Бұл төртеуіне аса зор мәртебе берілген. Жіберген қателіктері кешірілген. Тіпті Есуй қатын 1219 жылы Шыңғыс хан Хорезмге жорыққа аттанған сәттегі кеңесте топтан суырылып шығып: «Құдіретті хан ием, ұзақ жолға аттанып барасыз. Олай-бұлай боп кетсеңіз, артыңдағы ұлдарың таққа таласып қырқысады. Көзің тірісінде мұрагеріңді таңдап, бекіт» деп жан баласы батып айта алмаған тілекті төте жеткізеді. Бұл оның батырлығы емес, осындай сөзді айтуға құқық, ерік берілгендігінде.
Яки, жоғарыдағы ежелгі түркі, одан кейінгі Жошы ұлысының мұрагері қазақ хандары да қоғамдық жүйенің іргелі тетігі «қатын институтын» берік ұстанған. Мысалы, шығыстанушы ғалым Зибагүл Ильясова қарындасымыз шамамен 1313-1341 жылдары Алтын Ордаға билік жүргізген Өзбек ханның ордасында болып, оның қатындарының көш кезіндегі салтанаты жайлы жазған араб саяхатшысы Баттутаның еңбегін қазақшалапты. Онда: «Әрбір қатын күймелі арбамен жүреді. Күйме шатыры алтын жалатқан немесе оймыштылып боялған ағаштан жасалған. Арбаны сүйрейтін аттар жібек жабулы. Ат айдаушыны «ұлақшы» дейді... Қатынның қарсы алдында жүзіктің көзінен өтетін алты сұлу қыз жайғасқан. Артқы жағында да осындай алты қыз орналасқан. Қатынның басында төбесіне тауыстың әсем қауырсынын бекітіп, қымбат тастармен көмкерген тәжі. Үстінде алтын-күмісі көз қарықтырар желбегей шапан...» деп суреттеліпті.
Жоғарыдағы деректер «қатын» мәртебесінің қандай биік болғанын әйгілеп тұр. Сонда біздің қазіргі таңда мәдени тіркеске теңеп жүрген «әйел» атауы қалай пайда болған.
«Бүгінгі әдеби тіл айналымындағы «әйел» ұғымының араб тіліндегі мағынасы – күңсі, яғни бас еркі жоқ, еңбегіне ақы төленбейтін, басыбайлы үй салмасы дегенді білдіреді. Кеңестік теңгерме саясат тұсында бойына көне тәрбие мен әдеп сіңбеген белсенді қазақ әйелдері: «біз меншік иесі – қатын емеспіз, мал-мүліксізбіз, басыбайлы крестьянкалар сияқты біз де әйелдерміз» деп таптық астар беріп, содан бастап «әйел» ұғымы жазба әдеби тілдік термин ретінде қалыптасып қалды» дейді алаштанушы ғалым Т.Жұртбай.
Сол сияқты ұстаз-журналист Тоғайбай Нұрмұратұлы төңкеріске дейін қазақтың қисса-дастандары, батырлар жыры, ауыз әдебиетіндегі «қатын» сөзі кеңестік кезеңде «әйел» деген атаумен алмасты. Шіркін, бағзы заманда жігіттер өз ұлтынан қалап алған жарын «қатын» деп атап, ал соғыста тұтқынға түскен, сатып алған, жаудан тартып алған ұрғашыларды «әйел» деп атағанын біздің ханымдар түсінсе ғой. Сонда өздерін «әйелміз» деп сонша төмендетпес еді, – деп толғаныпты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан» газетінен алынды
6alash ұсынады