ҚЫТАЙ ЖАЗЫҚСЫЗ ТҰТҚЫНДАҒАН ҚАЛАМГЕРЛЕР

Шығыстағы іргелі көршіміз осыдан төрт-бес жыл бұрын қазақ туралы жақсы сөз айтқандарды толассыз тұтқындап, түрмеге жапқаны, лагерге отырғызғаны белгілі. Кейін бұл қысым сәл де болса жеңілдегендей болған еді.
Дегенмен, өткен жаздан бері зиялы, рухты қазақ жастарын, қаламгерлерін із-түзсіз тұтқындап әкету көбейіп барады. Солардан өзіміз танитын есіл азаматтарды атай кетейік.
1. Ғарапа Нәсиоллаұлы. Бейжіңдегі Ұлттар университеті, Қазақ филологиясын тәмамдаған. Әнші, әдебиеттанушы, сазгер азамат. Бар жазығы "Suley" атты сайтында Қазақстанның Қабдеш Жүмәділов, Б.Соқпақбаев, Т.Нұрмағамбетов, Ф.Оңғарсынова, т.б. классик қаламгерлерінің шығармаларын арғы беттегі оқырман қауымға жариялап жеткізгені екен. Ғарапаны із-дерексіз әкеткелі төрт ай болды. Нұр-Сұлтан қаласында аяулы анасы, аға-жеңгелері тұрады.
2. Нағыз Мұхамметұлы. Жазушы, ақын, оқытушы. Бар кінәсі Оспан батырдың туысы болғаны үшін мерзімсіз қамақ жазасына кесілді.
3. Қабыкен Зейнұраин. Жеке кәсіпкер, ақын, зиялы азамат. Шынжаң халық баспасының кітаптарын он бес жыл бойы жобалаған дизайнер. Бар кінәсі – "Қазақ мұңы" атты толғау жазған. Ол өлеңде ұлтшылдық мазмұн бар деп айып тағылған. Естуге қарағанда, оншақты жылға үкім кесілген. Бірақ, бұл хабар нақтыланбады.
4. Қалысбек Бабанұлы. Әнші, композитор. Бар кінәсі – намаз оқығаны. Қалысбек бір рет тұтқындалып босатылған. Кейін қайта ұстап әкеткен. Одан бері нақты хабар жоқ.
5. Әденбек Қамашұлы. Жас ақын, Көктоғай ауданында оқытушы. Жеке куәліктегі аты: Атахият (阿塔黑亚提). Осыдан үш жыл бұрын себепсіз ұсталып кетті. "Түлек", "Қаражорға" атты сайт ашып, Қазақ елінің рухани мұраларын қандастарға жеткізіп тұрды. Қылмыс дәлелі толық, ешкім араласпасын деген ескерту берілген. Ақпаратқа сүйенсек, 5 жылға жуық мерзімге сотталды. Артында кішкене баласы, қатерлі ісікпен ауырған жұбайы қалды. Бұл азамат туралы біз үш жыл бұрын ҚР СІМ-нің қатысты орындарына арыз берген едік. Ешқандай ресми жауап ала алмадық.
6. Сарқытжан Салықұлы. Арғы беттегі ақпараттық, танымдық, әдеби сайт – Kultegin-нің тұрақты жазушысы, оқырманы, қолдаушысы болды. "Қайың35" деген қаламатпен белгіл. Білікті, білімді азамат. Мори ауданы орта мектебінде қызметте болған. Осыдан үш жыл бұрын он жылға сотталды. Бар кінәсі – Түркияға барған, кездеспеуге тиісті адамдарға кездескен. Айта кетерлігі, Қытайда 2016 жылдан бері қазақ тілді еркін сайттар түбегейлі тоқтатылды.
7. Нұрбақ Биғазин. Жеменей ауданында мәдениет саласының қызметкері. Ақын, қаламгер. Бірнеше кітаптың авторы. 2017 жылы Алматыда кітабы шыққан. Жақында сталып кетті деп естідік. Нақты, сенімді ақпарат ала алмай отырмыз.
Бұдан басқа да жазушы, ақын қыз-жігіттердің тұтқындалғаны туралы толық емес ақпараттар жетерлік. Оларға толық көз жетпеген соң мұнда  жазбадық.
Құрметті оқырман, біздің көрсетіп отырғанымыз – Қытайда жазықсыз ұсталған, тек әдебиет саласындағы бірнеше азаматтар. Жалпы қанша адам түрменің түбінде жалған жаланың жазықсыз жазасын өтеп жатқанын нақты білмейміз. Қазақстандағы және шетелдегі туыстары, жақындары осы азаматтарға іздеу салса, азаматтардың өздеріне онан бетер қысым көрсетеді, тіпті, сол елдегі туыстарын да әкетеді деген соң, бұған дейін  қузап, білуге, сұрау салуға таныс-білістері бата алмай келді. Біз де әліптің артын бақтық.
Өткен аптадағы кезекті жиналыста Қазақстан Жазушылар Одағының басшылары, мүшелері, арғы беттегі жазықсыз қысым көрген қаламгерлерді Еліміздің және Қытайдың қатысты орындарына мәлімдеу арқылы, араша сұраймыз дегенін естіп, бұл бастамаға үлкен үміт артып отырмыз. Сондықтан, көзіміз жеткен ақпараттарды бөліссек, Қазақ елін өзінің рухани сүйеніші деп біліп, Қазақстаннан үміт күтіп жатқан есіл азаматтарға сәл де болса пайдасы тиер деген оймен, қысқаша мәлімет жаздық.
Тыныш, бейбіт елде "Дарын", "Алаш" сыйлығын иеленіп, мерейі өсіп, мейманасы тасыған қаламгерлеріміз арғы бетте қанаты қайырылып жатқан қандас қаламдастарына қиын кезеңде іздеу салады, жоқтаушысы болады деп үміттенеміз және солай істеуге үндейміз. Ел болып аттанып, жұрт болып жұмылып, жат елде жаутаң қағып, Атажұртынан жақсы хабар күтіп, қинау мен үйренуден көз ашпай жатқан айбоз азаматтарды құтқару – Тәуелсіз Елдің ауасын жұтып, топырағын басып жүрген әрбір кісінің мойнындағы парызы, бұлтартпас борышы.

Кінәсіз, ұлтсүйгіш азаматтар ағат тағылған айыптан арылып, аман-есен Егемен Еліне келіп, арқа-жарқа сыр шертетін күн тусын!

Әділет АХМЕТҰЛЫ