Қабыл Ыбырайұлы 1942 жылы қыркүйекте Жеменей ауданының Еркінбұлақ деген жерінде дүниеге келген. 1960 жылы Іле педагогика мектебін бітіргеннен кейін «Алтай газетынде» тілші және редактор болып істеген. 1966-1979 жылдары Алтай аймақтық сауда мекемесінде кәсіп бөлімінің бөлім бастығы болып қызмет атқарған. 1979 жылдан 1984 жылға дейін Алтай аймақтық ойын-сауық үйірмесінің үйірме бастығы болып қызмет істеген. 1984 жылдан 1999 жылы зейнетке шыққанға дейін «Алтай аясы» журналы редакция бөлімының бас редакторы болып жұмыс жүргізді.
1960 жылдардың алғашқы мезгілінен бастап көркем әдебиет табалдырығын аттаған ақын, поэзия сынды киелі өнерге ықылас, пейілін арнап, тынбай құлшынып, Тол әдебиетіміздегі алымды орта буындардың біріне айналды. Неше жүз өлеңі, жирма неше дастаны, оншақты баллада толғауы жарық көрді. Ақының «Бал дәурен», «Астана аясында», «Ақ бөкендер», «Туған жер», «Аққайыңды аралда», «Алтын» өлеңдері, «Жаятас балладасы» Қатарлы дастандары жұрт жүрегіндегі туындылар. Қаламгердің «Ағажай», «Бал дәурен», «Далалықтың дауысы», «Арманы алыс адамдар», «Елдегі ерлік ендігі жыр» қатарлы өлең – дастан жинақтары арт артынан баспадан шықты.
Ақын есімі мен еңбектері «Жуңго мамандары», «Жуңго жазушылары», «Дүние мәдениетіндегі әйгілі адамдар» қатарлы сөздіктерден орын алған. Ол Жуңго жазушылар қоғамының мүшесі, Шинжияң жазушылар қоғамының алқасы, Іле обылыстық жазушылар қоғамының орынбасар төрағасы, Алтай аймақтық әдебиет көркемөнершілер бірлестігінің орынбасар төрағасы, Алтай аймақтық жазушылар қоғамының төрағасы қатарлы міндеттерді өтеген. Ақын ағамыз 2007 жылы 27 ақпанда уақыттан озған.
Бұлт
Дауылдың тілегендей арашасын,
Долы бұлт көкке жайып қара шашын.
Найзағай бұрымынан жүрсе уыстап,
Жер жасыл жаяды көк алашасын.
Жатқандай мың шаңтаспен қырман айдап,
Көк сабан бұлт Ошәріп тұрған аймақ.
Дән сеуіп жатыр ол да жер бетіне,
Дихандай жомарт көзін тұрған ойлап.
Қанас
Бар ма өзіңсіз тіршілік,
Байыпты ана шіркін жер.
Алыс жолдан күншілік,
Аңсап келем жұртыңды ел.
Ақ қалпақты Қызайдың,
Ақсақалы сияқты,
Басында қар құзардың,
Күннен күрең сияқты.
Маңғаз дара төбемде,
Қапталы курурт қалың ну,
Тентек шатаң төменде,
Құлайды өзен сарын су.
Жүз бүктеліп иірлеп,
Өрлейді жол асуға,
Маторыңның күйін тек,
Сына, шөпер осында.
Өне бойын өрт буған.
Түсті шуақ тауға кер,
Толқындары көк шулан,
Мөлдірейді алда көл.
Толған тоят зердеге,
Жаннәтпенен жанас жер.
Кілең Жібек пердеге,
Кірген ару Қанас көл.
Ақын достар атың бар,
Артық айтсам таласқа.
Сурет қана жақындар,
Сұлулықта Қанасқа.
Суат
Жатса да үстін сеңгір мұз бен қар алып,
Қарайды екен суат көзі қадалып.
Жайдағынан ат суарып тұр едім,
Қашты алып ойымды өткен балалық.
Ар күреңін жайдақ мініп әкемнің,
Күн таласа суатқа сан әкелдім.
Сонда маған мұз шекердей мұздақтан,
Суат-суат, уыс-уыс әпердің.
Ұйықтаса да дариялы кең дала,
Жем шарбақты бу көтерген көң қора.
Жылы жүзбен сылдыр қағып сыр айтқан,
Қара көзді ояу суат сен ғана.
Тентек пе едім, ерке ме едім білмегем,
Суға келген қыздарды да күндеп ем.
Шіркін менің бала күнім қыстауды –
Көрген сайын сығалайсың іргеден.
6alash ұсынды