КҮЙ БОЛЫП ТӨГІЛДІМ: ПЕРИЗАТ ҚҰРМАНӘЛІ

Есіңді алар, ессіз мына қоғамда,
Арсыздыққа, өтінемін тоналма.
Адам болып келсең егер өмірге,
Адам болып ғұмырыңды тәмамда.

Жүрек дейтін жұдырықтай көк етің,
Мейрімнің нұрын болсын төгетін.
Сақта Құдай тексіздерден тебінген,
Дүниеге құл болумен өлетін.

Тұтастығым - берекем мен бірлігім,
Сонда менің тақуалы тірлігім.
Елдескеннің күндестері имансыз,
Жүрегіме жара салып жүр бүгін.

Бірің қазақ, бауыр болмай біріңе,
Жеңілдік жоқ арқалаған жүгіңе.
Алауыздық, білімсіздік, мәңгүрттік,
Досың емес, жетеді ғой түбіңе.

 

** **

Күннің түскен сәулесіне мажаурап,

Мағандағы жеткен сынды ғазал бақ.
Жүрегіме жасырынған сұлу мұң,
Сұлу көктем сәніменен тазармақ.

Айналамда бәрі өзгеше, бөлек тым,
Көңілімді өзің ие, төр еттің,
Жаным жылы жүру үшін жалғанда,
Өзің ғана, өзің ғана керексің.

Жүрмін неге махаббатқа мұң артып,
Сезінейін сезіміңе құмарып,
Құла таңда күн шуағын құшақтап,
Оянайын өзімді- өзім жұбатып...
 

** **

Сені көрсем келеді еркелегім.
Елітеді өзіне ертегі өмір.
Алаштың азаматын аңсап жүрген,
Сезімім сен недеген көркем едің.

Үніне құлақ асып жүрегімнің,
Қамытын шешіп тастап түнерудің.
Тәңірден махаббатты сұрағанда,
Тағдырын бергенің-ай, Жібегіңнің.

Айналдың махаббат ән мақамына,
Қосылып таспалардың қатарына.
Мені қойшы бақытты бола берем,
Сен күліп кір қымбаттым, отауыңа.

Мені қойшы бақытты бола берем...

 

** **

Сездіңіз бе сіз салған әннің әуені,
Менің сағынышым.
Тармақтарыңыз жырдағы әдемі,
Сияқты дәруішім.

Сіз салған суреттердің алуан бояуы да 
Тағдыр түсімдей.
Мені де бояған баяғыда,
Көркем мүсіндей...

Сіздегі асқақ рухтың әдемі өрнегі,
Санамды сәндеген.
Қуат та, күш те махаббатта мендегі,
Өмірімді әрілеген.

Күй болып төгілген асыл домбыраңызда,
Кербез сұлумын.
Оң бұрау, сол бұрауыңызда,
Өмір сазымды ұғындым.