Алматыда «Саңлақ» атты жаңа кітап басылып шықты. «Саңлақтың» жөні өзге кітаптардан бөлек, арқалаған жүгі ауыр, үлкен тәуекелдің жемісі екенінен хабардар болдық. Кітаптың авторы Дәурен Бақытқажыұлы. Талай жылдық ізденістер нәтидесінде оқырманмен жүздесу алдында тұрған «Саңлақтың» айқара бетінде мынадай аңдатпа берілген:
«Бұл танымдық фотоальбомға Ата жұртымыз Қазақстанды айтпағанда, әлемнің 15 елінде тарыдай шашылып жүрген, Әлем спортында өзіндік орны бар, 500-ден астам қазақ спортшының тарихы, жетістіктері фото суреттерімен қоса берілді. Құрастырушының бірнеше шетелді аралап, сегіз жылға созылған ізденісінің арқасында жинақталған еңбек ел игілігіне жарары сөзсіз.
Кітап қазақ спортының тарихын зерттеушілерге және жалпы оқырман қауымға арналады».
Ішінің де, сыртының да салмағы зор, зерлі еңбектің тұсауы алдағы уақыттарда Алматыда кесіледі екен. Кітапты жобалаушы, суртеші, дизайнер Адал Қалибектің айтуынша, аталған еңбектің оқырман рухына сілкініс әкелері даусыз. Себебі, алыс-жуықтағы ағайынның арасынан топ жарып, әлемдік аренаға көтерілген қазақтың апайтөс балуандарынан бастап, спорттың әр саласында маңдайы жарқыраған біліктірлеріміздің еселі еңбектері тұңғыш рет кітап болып жинақталып отыр екен. Кітап «Әдебиет» баспа үйі арқылы оқырманға жол тартуда.
«Өсетін ел өзінің өткен-кеткенін түгендейді» дегендей, Дәурен Бақытқажыұлының жан сүйінтер жаңалығын алғашқы болып оқырманға «Арқау» сайты арқылы жеткізуге асықтық.
Әділет Ахметұлы