ЖАҢА КІТАП: "СЫБЫЗҒЫ САЗЫ" САМАРИЯ ДӘУІТҚЫЗЫ

 

Алматыда "Сыбызғы сазы" атты жаңа жыр жинақ жарық көрді. Жинақ авторы Самария Дәуітқызы. Қазақстанға Арғы Бет Шынжаңнан келіп кітаптарын шығарып қазақ әдебиетінің қазынасына қосып жатқан қандас қаламгерлер жетерлік. Алайда Қытай елінің ішкі өлкелерінде, қазақ сирек қоныстанған аудандарында тұратын азды-көпті қаламгерлері Қазақстан оқырмандарына таныс деп айту қиын. Милиардтаған халық ішінде бірнеше мың ғана қазақтан құралған аудандарда тұратын қандастарымыз бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ал сол шағын қауымның қазақтың салты мен мәдениетінің құнарын сақтап отырғанын да біреуге айтып сендіру неғайбыл нәрсе. 

"Сыбызғы Сазы" Алматыдағы "Bilge" баспасынан жарыққа шықты. 

Самария Дәуітқызы Қытай Халық Республикасының Гансу өлкесі Ақсай ауданында дүниеге келген. Шынжаңның Алтай аймағынан өткен ғасыр басында ауып кеткен ел сол Гансу өлкесіне орналасып қалған. Шынжаңмен салыстырғанда миллиардтаған қытай жұртшылығының ішінде отырған Ақсай ауданындағы қазақтар соған қарамастан салт-дәстүрін берік ұстанған. Еліміз тәуелсіздік алғанда Ақсай қазақтарынан да көптеген адамдар елге келіп қосылды. Бүгінгі таңда Егемен елінде зейнетті өмір кешіп жатқан ақын Самария Дәуітқызы сан алуан тақырыпта жазған өлеңдерінің жинағын тәуелсіз елінде оқырман қауыммен жүздестіріп отыр.

Кітап жалпы көпшілік оқырманға арналған.

Сүйіншілі жаңалығымызды автордың Атажұртына арнаған бір өлеңімен түйінделік:

 

ҚАЗАҚИЯ – ОТАНЫМ

 

Естілмейді еліме,

Ерте салған таңғы әнім.

Қиыр жәйлап, шет қондым,

Алаш болып арманым.

 

Елге келдім ұлтан боп,

Баба жолын жалғадым.

Сұлтан болу не керек,

Қазақ жерін таңдадым.

 

Қиыншылық көрсем де,

Көзсіздікке бармадым.

Ұлтты сүю иманнан,

Ұлтқа өмір арнадым.

 

Қанымда бар намысым,

Өзге жұрттан қалмадым.

Қазақия – отаным,

Қазақ болу – арманым!

 

Отаным деп от бастым,

Көкбайрағым қолымда.

Қазағым деп қан кешем,

Бейбітшілік жолында.

 

Ұрпағым деп, ұлтым деп,

Келген жерім Алатау.

Басы кеніш, бауыры құт,

Жетісуым жаннат-ау!

 

Елге әкелдім салт-сана,

Дәстүр менен тілімді.

Иманым мен тегімді,

Қанға сіңген жырымды.

 

Берік енді босағам,

Шаңырағым қос аман.

Қабыл етті тілекті,

Мейірімді Жасаған.

 

Шерік ғасыр – шежірем,

Етек-жеңім түгел-ді.

Басқан адал қадамнан,

Несібемнен гүл өнді.

 

Аңсағаным – әділдік,

Алла жолы – ақиқат.

Сені ғана жырлаймын,

Қазақия – өз елім!

 

Оғыз ойдан от ұран,

Алдаспандай ақынмын.

Ел бастаған Елісхан,

Ұрпағымын батырдың.

 

Кеудемде бір ағыс бар,

Жүрек үнін тыңдағын.

Мен ақыны – қазақтың,

Қазағымды жырлаған.

 

2021 жылы, 28 шілде,

Шудың бойында.