Көне қолжазба табылды...

Көне қолжазба табылды, сәл болмағанда құрығандай екен... Менен басқа танитындар табыла қоймас. Күлтегіннің көк тасынан тағылым оқыған Қаржаубай Сартқожа көкем мен көне мәнжі жазуын оқитын жалғыз қазақ Бақыт Еженхан ағамның қолына бұл жазба түспеген де болар.

Бұл жазба би әрі шешен Лақтың Алтайдың төрт биінің бірі Бапының үйіне барғанда айтқаны екен. Әлқиса былай бопты:

Лақ би Бапының үйіне барғанда бәйбішесі шәйді кешіктіріп құйыпты, сонда Лақ шешен:
Зәкерияның әйелі төре болғасын тектімін дейді,
Мәмидің әйелі сұлу болғасын беттімін дейді.
Жәкенің әйелі найман болғасын ептімін дейді,
Өміртайдың әйелі балалы болғасын к...н дейді,
Бапының әйелі сен семіздігіңді көрсетіп еттімін деп бұлданып отырасың, тездет шәйіңді,- деген екен.

Бір ауыз сөзге тоқтаған қайран данышпан бабаларымыз, арды ойлаған аналарымыз, аруақтарыңнан айналайын. Бұл аты аталған тұлғаларды әрқайсысы бір-бір тарих, шежіре. Мысалы атақты Өміртай би, исі Жәдіктің иесі де киесі Биқажы көрнекті жазушы Мағаз Разданұлының "Алтайдың ақиықтары" романының бас кейіпкері. Ал енді Лақ би Алтайдағы атақты төрт би төре заманында ұлықтарға бағынбай, өзіне қарасты елді түрлі алман салықтан сақтаған қара билердің бірі, сол замандағы "Өсерді өсірмеу, Лақты серке шығармау" дейтіндей қарсылыққа қарамастан туған халқына жан аямай қызмет көрсеткен тарихи тұлғалар.

Жәке би де тура сондай әділ би болған. "Керейдің Жәкесі, Меркіттің әкесі" атанған әйгілі би тұтас рулы елді уысында ұстап, билік жүргізген. Өсер де әрі би, әрі шешен батыр адам болған екен. 1883 жылғы Мәнжі үкіметі мен Шар Россия арасындағы шекара келісіміне дейін Алтайды бөктерлеген шекара сызығы Тартылған Қаба өңірі Өсердің билігінде болған, бүгінгі таңда да бабамыздың жайлауының жартысы Ресейде, жартысы қыстауымен қытайға қарасты мекенде. Осы жердің амандығын, Алтайдың тұтастығы үшін тартысқа түскен бабамызды орыстар шекара бөлісін сылтау етіп Зайсанға шақыртып, үзеңгісіне у жағып өлтіреді.
Байқасам бұл бір бет қағаз бір кітаптың жүгін көтеріп тұрғандай екен. Алдағы уақыттың жемісін көрейік...


Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ

6alash ұсынады