Керей билеушісі Тоғрыл мен Темүжіннің жауласу барысы

Көшпенділер әлеміндегі тарихи жүйенің сабақтастығы ешқашан үзілген емес. Бірінің ізін бірі басқан далалық империяның билігі ұйғыр хандығы құлап, біраз мезгілге жалғасқан дүрбелең кезеңнен кейін, Шыңғыс хан өмірге келудің қарсаңында, Груссе атап көрсеткендей, Керей ұлысының қолына өте бастаған еді [1.525]. Кейінгі кезеңде қазақ халқының құрамына енген керейлердің ол заманда даладағы ең қуатты ұлыстардың бірі болғаны тарихтан мәлім. Керейлер, әсіресе, Оң хан атанған Тоғрылдың билігі кезінде мейлінше дәуірледі. Шыңғыс ханның ұлы даланың билігін қолына алуына өкіл әкесі – Оң ханның көп ықпалы болғаны да жасырын емес.

Болашақ Шыңғыс хан — Темүжін қоңырат Тай шешеннің қызы Бөртеге үйленіп, Керліннің жоғарғы алабындағы Бұрғы деген жерді жайлап отырғанда, қайын апасы Сотан әжей киітке әкелген қара бұлғын тонды алып, Тула өзенінің бойындағы Оң ханның ордасына сәлем бере барады және «Әкемнің ежелгі андасы сізді туған әкемдей көріп, киітке келген тонды өзіңізге сыйлағалы келдім» дейді. Дән риза болған керейдің Оң ханы:

- Қара бұлғын тон

Қар болып текке кетпесін.

Тозғындаған еліңді

Топтастырып берейін.

Бытыраған еліңді

Біріктіріп берейін.

Ай дейтін ажасы болсын,

Қой дейтін қожасы болсын,- деп ағынан ақтарылады [2,30].

Қазақтың «Құдалық белгісі — киіт, қоныс белгісі — бейіт» деген ескі мақалында айтылғандай, дәстүрлі көшпенділер қоғамында киіт кигізу маңызды ғұрыптық мәнге ие жоралғылардың бірі саналады. Бұл дәстүрдің ғұн заманынан бері жалғасып келе жатқанын Қытайдың ескі жылнамалары айғақтайды. «Ханьшу» жылнамасында ғұндардың ухуаньдарға қарсы одақ құру мақсатымен, батыс аймақтағы елдерге іркес-тіркес елші салып, оларға қыз бермек, бұлғын тон кигізбек болып уәде ұстатқаны (设以子女貂裘) айтылады [3,2973]. Мәтінде қыз беру мен тон кигізудің қосарланып айтылуы киіт кигізу дейтін осы кәделі салттың құдалықтың басты белгісі ретінде, ғұн кезеңінен бастап-ақ ру-тайпалар арасындағы құдандалық байланыс пен саяси некеден туындайтын одақтастық қатынасты бекітетін айшықты нысан ретінде маңызды қызмет атқарғанын көрсетеді.

Көшпенділер ортасында киіт әкелудің қалыптасқан жол-жоралғысы болған. Соның бір қиығы Қытайдың Мин әулеті кезінде қағазға түскен «Солтүстіктегі бұратаналардың салт-дәстүрі» (XVI ғ.) деген еңбекте тәптіштеп баяндалады. Қысқа қайырсақ, ұзатылған қыз үстіне ұзын қызыл шапан, басына шошақ төбелі, әшекейлі бас киім киеді. Келін болып босағадан аттағанда, қолына үш білем құйрық май ұстап, ошаққа үш мәрте тәу етеді де жанған отқа май салады. Сосын атасы мен енесіне сәлем салып, оларға қыз кәдесі ретінде тон жабады [4,238]. Бұл айтуда моңғол салты болғанмен, ата дәстүріміздің көне үлгілері туралы басқа тараптан ақпарат беретін қызықты дерек екені күмән тудырмаса керек.

Олай болса, жас Темүжіннің китке келген бұлғын тонды әкесінің андасы Тоғрылдың иығына жабуының қандай сыры бар?

Темүжіннің барлық дала тайпаларының ішінде құрығы ұзын, құдіреті үстем жұрт — керейдің әміршісі Оң ханды туған әкесіндей қадыр тұтып, әмірші ретінде мойындағанын «Құпия шежіре» де, өзге жылнамалар да растайды. Мысалы, «Құпия шежіре» бойынша, Оң хан найманның Көксау Сабырық батырынан жеңіліп, айырылған ел-жұртын Темүжіннің төрт батырының көмегімен қайта құрап алғанда, «Жалғыз ұлым — Сенгүміме серік болар кісі жоқ. Сондықтан, Темүжінді Сенгүмге аға етіп, екі ұлды болайын» деп байлам жасайды. Сонымен, Оң хан мен Темүжін Тула өзенінің ну орманында бас қосып, әкелі-балалы болысады [2,98]. «Юаньши» жылнамасында айтылуынша, ұлыстағы бүліктің салдарынан шетке қашқан Оң хан босқын сапарын аяқтап, Қарақытай елінен ата жұртына қайта оралғанда, Темүжін алдынан шығып атын ұстайды және Тула өзенінің бойында той жасап, Оң ханды құрметпен әке деп таниды (遂会于土兀剌河上,尊汪罕为父) [5,6]. Хатқа түскен осы үзік оқиғалардан белгілі болғандай, Оң ханның басына күн туған ауыр шақтарда да Темүжін оған деген адалдығынан айнымай, атса оғы, шапса қылышы болуға дайын тұрады, тіпті, олжа бөлісінде әділетсіздік сезсе де, ішіне бүкпе сақтамайды. Себебі, ол кезде Темүжін ел-жұртқа енді-енді таныла бастаған, қанат-құйрығы жетілмеген, билігі шақты, бұйрығы жұмсақ көп ағаманның бірі ғана еді. Дала ұлысын бүлік жайлаған бұлғақ кезеңде, Оң хандай қамқоршыға қол арту жас Темүжіннің бағын өрлетіп, мерейін жандырған дұрыс таңдау болғаны даусыз. Темүжіннің Оң ханға бауыр басқаны сонша, керей жұртының оны «ханзада» (太子) деп танығанын Қытай жазбалары растайды [5,9]. Демек, Темүжіннің китке келген қара бұлғын тонды Оң ханның иығына жабуының мәні оны өкіл әке, басқаша айтқанда, қамқоршы сюзерен ретінде мойындауының көрінісі еді.

Ендеше, айрандай ұйыған татулыққа сызат салып, тумаса да туғандай болған Оң хан мен Темүжіннің арасына от жаққан, керей жұртының болашақ иесі — Сенгүмге ақылшы аға, айнымас анда болуға тиісті Темүжінді теріс айналдырған қандай қысас? Шыңғыс хан тарихын зерттеушілердің көпшілігі бұған атақты Жамұқа шешенді кінәлі етіп көрсетеді. Айтса айтқандай, тіліне аспандағы бұлт айналған су жорға шешен, бірақ, тұрлаусыз, “бойы бұлғаң, сөзі жылмаң” Жамұқаның Шыңғыс хан өмірінде алар орны бір төбе. Оның Тоғрыл мен Темүжінді араздастыру үшін қызыл тілін безеп баққаны рас. Алайда, Оң хан оның сөзіне мән бермеген сыңайлы. «Құпия шежіре» бойынша, Жамұқаның жеңіл уәдесін малданған Сенгүм “Темүжіннің көзін құртайық” деп әкесіне алғаш сөз салғанда, Оң хан “Жамұқа ежелден тұрақсыз әрі мылжың кісі. Ол орынды-орынсыз сөйлей береді” Деп, ұлының бетін қайтарып тастайды [2,100]. Демек, Оң ханның бойында сөздің парқын, кісінің нарқын тани білетін, бөстекі әңгімеге құлай кетпейтін көрегендік қасиет бар. Біздің ойымызша, кейінгі жылнамашылар Оң хан арзан сөзге еріп, арқа сүйер азаматымен ат кекілін кесісті, бұған себепкер — Жамұқа деу арқылы қаһарлы Шыңғыс ханның атақ-даңқына сызат түсірмеуді ойласа керек.

Там-тұмдап жеткен деректер мәселеге басқа қырынан көз тастап, Тоғрыл мен Темүжіннің араздасуының шынайы себебі жөнінде өзгеше болжам жасауға мүмкіндік береді. «Юаньши» кітабында жазылуынша, Темүжін үлкен ұлы Жошыға Оң ханның қызы Шауыр бегімді айттырмақ болады, Оң ханның немересі Тұсақ Темүжіннің қызы Қожын бегімді алуға ниет білдіреді, бірақ, істің жөні келмей, арада егес туады [5,9].

Дәл осы оқиға «Құпия шежіреде» былай беріледі: достығымыз нығая берсін деген ниетпен Темүжін Жошыға Сенгүмнің қарындасы Шауырбикені (Шауыр бегім) айттырмақ болады және оның өтеуіне Сенгүмнің ұлы Тұсаққа өз қызы Қожынбикені (Қожын бегім) айырбас етіп бермек болады (қазақтағы қарсы құдалық секілді), бірақ, Сенгүм паң мінез көрсетіп, Шауырбикені бермеуге ұйғарады. Сөйтіп, Темүжін Оң хан мен Сенгүм екеуін іштей жек көре бастайды [2,99].

Екі нұсқада аздап айырмашылық бар, «Юаньши» бойынша, Қожын бикені алуға Тұсақ ниет етеді, ал «Құпия шежіре» бойынша, Қарсы құдалық туралы ұсыныс Темүжін тарапынан түскен. Бірақ, қалай болмасын, осы құдалыққа байланысты Сенгүм мен Темүжіннің арасына алауыздық кіргені анық, бұның аяғы Темүжіннің Оң хан мен Сенгүмге өшігуіне алып келеді.

Бұл дерек ескі түріктер мен жужандар арасындағы аяғы аламан ұрысқа ұласқан айтулы дауды еске салады. «Чжоушу» жылнамасы бойынша, телелерді талқандап, олардан елу мыңдай ауылды жәсірге алып, едәуір күшейген түріктер жужандардан қыз айттыруға жаушы салады. Сонда жужандардың әміршісі Анағи бұлқан-талқан болып “менің темірші құлдарымның бұлай сөйлеуге қалай батылы барды?” Деп, түріктерге арнайы елші аттандырады. Түрік көсемі Түмен (Бумын) де от алып, қопаға түсіп, келген елшіні өлтіреді де, жужандармен ат кекілін кесіседі. Ізінше, Қытай императорымен құда болады. Арада бір жыл өтер-өтпесте, түріктің қалың қолы жужандарды шауып, күл-талқан қылады. Осыдан кейін Түмен өзін ел қаған деп жариялайды [6,908]. Гумилев түріктерге тарих аренасына шығуға мүмкіндік берген осы оқиға туралы тоқталғанда, «жужандармен арада жанжал тудыру үшін және сонымен бірге бұл тартыстың айыпкері болып көрінбеу үшін, Бумын арандату әрекетін жасады. Ол жужан ханы Анахуаның (Анағи) қызына үйленбекші болып, ханға сөз салды. Дала дәстүрі бойынша, бұл онда ханмен иық теңестіріп шыға келер еді, ал хан абыройын төккісі келмесе, бұған келіспеуге тиіс» Деп жазады [7,27]. Гумилевтің пікірі орынды және Тоғрыл мен Темүжін ортасындағы бітіспес жаулыққа жалғасқан құдалық дауының да шын сыры осында деп білеміз. Өйткені, бұл ауыл арасының жай құдалығы емес, әке-бала (сюзерен-вассал) қатынасын тең тұрғылы одақтастық (құдандалық) деңгейге көтеруге бағытталған саяси әрекет еді.

Дала дәстүрінде билеуші әулеттер арасында құдалықтың қалыптасқан жолы мен шектеулі өрісі болды. Мысалы, ғұндарда әміршілер сайланатын луанди руы текті әулет саналатын құяң, лан, сүбік руларымен ғана құдандалы болса, сянбилерді билеген тоба руы, көбінесе, құлан, молқы, мұрын аталарымен қыз берісіп, қыз алысатын [8,89]. Шыңғыс хан билікке келгенше, бөржігін руының дәстүрлі құдасы — қоңырат болған сыңайлы. Әбілғазы Баһадұр ханның жазуынша, Темүжін керейлердің алғашқы шабуылын тойтарып, әскерімен кері шегінгенде, Құласудың бойында отырған көп елге кез болады. Хабарын білсе, қоңыраттар екен. Темүжін елші салып, олардың басшысына “Осы уақытқа дейін жамандаспаған құданда едік. Ел болсаң, одақтасым бол, жау болсаң, өзім келіп тұрмын” Деп сәлем айтады. Бұны естіген барлық қоңырат алдына келіп, оған бағынады [9,71]. демек, дала өмірінде, әсіресе, билеуші әулеттер арасында құдалық жолы одақтастық қарым-қатынасты нығайтатын саяси неке қызметін атқарғаны дау тудырмаса керек.

Әлбетте, Тоғрыл тірі тұрғанда, Темүжін онымен шендес бола алмас, бірақ, Тоғрыл көз жұмғаннан кейін, Темүжін, қалайда, керей ұлысының қақпайынан босап, Сенгүммен үзеңгі қағыстыратындай тәуелсіз күшке айналмақ, Темүжіннің ішкі есебі осы еді. Бұны Сенгүм де сезген, «Құпия шежіреге» сенсек, Сенгүм әкесінің құзырында болғанда, Темүжіннің көзін жою туралы тағы да сөз қозғап, “Ол бізді көзіңнің тірісінде елемей отыр. Егер, хан еке, аққа шашалып, қараға қақалсаң, Құршақұс Бұйрық хан шаршап жинаған еліңді, шалдығып орнатқан билігіңді бізге білгізе қояр ма екен?!”  Деп [2,101], Темүжін тарабынан түскен талаптың астарлы мәнін тайға таңба басқандай анық көрсетеді. Расында, бұған дейін Оң ханның қол астында болған Темүжін енді болашақ әміршісінің уысынан шығуға пиғыл танытып жатса, бұндай авантюристік әрекет қатаң реакция тудырмай қалмас еді. Сенгүмнің “Біздің туыстар олардыкіне барса, әрқашан төрге қарап отырмақ. Олардың туыстары біздікіне келсе, әрқашан босағаға қарап отырмақ” [2,99] деуінің мәні осында: “Босағадан орын тисе, төрге озатын қандай хақысы бар” Деген емеурін, ескерту. «Құпия шежіре» бойынша, Темүжін керейлермен алғашқы айқастан кейін, Арқай Қасар мен Сүкеқай Жеуін екеуін елшілікке жіберіп, туған әкесі Есугей мен өзінің жасаған жақсылық, көрсеткен жәрдемін жіпке тізгендей термелеп, Оң ханның көп айыбын бетіне басқанда, орындалмаған құдалық туралы тіс жармай қалады, оның себебі, кешегі тонды бала, басыбайлы боданның құдалық жөнімен шылбыр үзбек болғаны, шындығында, дала дәстүріне жат оғаш қылық еді.

Қысқасы, Тоғрыл мен Темүжіннің арасын ашқан Жамұқаның жел сөзі емес, оқиғаның астарында керей ұлысы мен Темүжінді хан көтерген моңғол аталарының (Құпия шежіре бойынша) саяси қарым-қатынасының болашақ деңгейін анықтауға байланысты ымырасыз күрес жатқан еді. Түмен жужандардың көшбасшысы Анағидың құдалықтан бас тартуын оған қарсы көтерілудің желеуі етсе, Темүжін де қиюы келмеген құдалықтан кейінгі кірбеңдікті сәтті пайдаланып, ең қауіпті бәсекелесі керей ұлысының іргесін сөгіп, шаңырағын ортасына түсіреді. Бұл күресте, хан Тоғрыл айтқандай, керейлерді тәңір жарылқамағаны анық еді.

Пайдаланған әдебиеттер:

[1] Рене Груссе, Дала империясы. Бейжің, The Commercial Press, –1998.

[2] Моңғолдың құпия шежіресі. Күйтүн, Іле халық баспасы, – 2009.

[3] Ханьшу. Бейжің, Zhonghua Book Company, – 1964.

[4] Моңғолдар туралы мин әулеті кезінде хатқа түскен қытай тілді тарихи деректердің жинағы (II). Хух-хот, –2006.

[5] Юаньши. Бейжің, Zhonghua Book Company, – 1976

[6] Чжоушу. Бейжің, Zhonghua Book Company, – 1974

[7] Лев Гумилев, Көне түріктер. Алматы, –1994

[8] Го Хуңчжэнь, Түркі тілдес халықтардың әлеуметтік институттары туралы зерттеу. Бейжің, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының әдебиеттер баспасы, – 2008 жыл

[9] Әбілғазы Баһадұр хан, Түрк шежіресі. Күйтүн, Іле халық баспасы, – 2009

Ерлан МАЗАН

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің магистранты, аға аудармашы

6alash ұсынады