Лайка
Лайкадан бұрын тірі жан иесі ғарышқа ұшпаған болатын. Ғалымдар ғарышта адам қандай күйде болмақ, қан қысымы шыдай ма, жоқ па, ешнәрсе білмейтін, тек болжамдар мен есептеулер ғана. Сонымен 1957 жылдың 3 қарашасында Лайка ғарышқа аттанады. Оның қорабында азығы бар, жеткілікті ауасы бар, ғарышта Лайка 1 аптадай болып қайтып келмекші болатын. Бірақ ғалымдар температураның көтерілуін ескермей қалған, кішкентай ғана сүйкімді ит Жерді 4 рет айналған соң ыстықтан өліп қалады.
Лайка
Лайканың құрбандығы бекер болған жоқ, адамның ғарышқа ұшуға болатындығы анықталды, қателіктер жойылды. Сөйтіп, Ит адамзаттың ғарышқа сапарына жол ашқан болатын.
Белка мен Стрелка
Лайканың өлімінен кейін батыс елдері КСРО-ны жануарларды қинап, өлтіруде деп айыптаумен болды. Сол себепті КСРО космонавт иттерді құпия түрде дайындай бастады. Батыс советтерді бекер айыптаған жоқ. Ұзын-саны 50 шақты ит көкке ұшырылған, оның басым көпшілігі сапар кезінде ракета жарылып, қаза болды, не болмаса жаудың аумағына қону қаупі туындағанда жарып жіберілген. Ал қайтып оралғаны зертханада пышаққа ілігіп, ағзасына ғарыштың қалай әсер еткені зерттелген. Жолы болып, тірі қалғандардың қатарында Белка мен Стрелка болды.
Белка мен Стрелка
1960 жылы Белка мен Стрелка сынақтан жақсылап өтеді, оларды киіммен, электродпен ұяда ұзақ уақыт тыныш отыруға үйретеді, сапар барысында иттер тыныш болады, тек орбитаға шыққанда екеуі қатты үреді, дәл осы уақытта америкалықтардың кемесі де көкке ұшқан болатын, олар орбитада соны көріп үрген болу керек-мыс. Жерге оралған соң екі ит те адамдардың қамқорлығында ұзақ өмір сүреді, Стрелка күшіктеп, оның Пушок деген күшігін Жаклин Кеннеди асырап алады. Қазіргі уақытта Белка мен Стрелканың тұлыптары Мәскеудегі космонавтика мұражайында тұр.
Фелиситта
Америкалықтар ғарышқа маймыл, советтер ит ұшырып бәсекелесіп жатқанда, француздар да ғарыш игеруде бақ сынап көрмек болады. Тек олар мысықты таңдайды. Сөйтіп, көшеде қоқыс айналасында нәпақасын айырып жүрген бірнеше мысық ғарышқа үміткерлер боп шыға келеді, арасынан іріктеліп бір мысық таңдалып, оған Феликс деп ат қойылады.
Фелиситта (Felicette)
Феликс – еркек мысық әп-сәтте әлемге танымал боп шыға келеді, суретке көп түседі, пошта маркаларына шығарылады, ол барлық дайындықтан өтеді, бірақ ұшуға бір-екі сағат қалғанда табанын жалтыратады. Феликс жоғалып, француздар сасқалақтап қалады. Көкке сапарды тоқтатуға болмайтын, жанұшыра ғарыш айлағындағы қоқыс маңына жүгіріп, бір қаңғыбас ақ-қара ұрғашы мысықты ұстап алады да, атын Фелиситта қойып, қорапқа салып, ғарышқа аттандырып жібереді. Аяқастынан ғарышкер боп шыға келген кір-қожалақ мысық аман-есен Жерге оралады, өкініштісі, Фелиситта ғылым жолында зертханада мәңгі ұйқыға жіберіледі. Есесіне, осы ақ-қара қаңғыбас мысық тарихта қалды, оның суреттерін мысықтарға арналған Феликс тамағынан көруге болады.
Жалпы, ғарышта ит пен мысықтан басқа, маймылдар, тышқандар, егеуқұйрықтар, тасбақалар, құрбақалар, балыққа дейін болған, тіпті Надежда деген таракан да болып, ол ғарыш сапарында ұрықтанып, оралған соң балалаған.