Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса.
Толығы:
Қазаншының еркі бар,
Қайдан құлақ шығарса.
Тәңірінің еркі бар,
Тастан бұлақ шығарса.
Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді
Толығы:
Жалғыз түскен құмалақ,
Бір қарын майды шірітеді.
Нәсілінде болса жамандық,
Ағайынды ірітеді.
Біз шынында мақалдардың жартысын ғана айтып жүрміз. Бұл туралы тіл зерттеуші ғалымдардың зерттеулерінен білуге болады. Ал, біз мұны сирек кітаптарды парақтап отырып онан ары тереңірек түсіндік. Бүгінгі таңда ұлы Абайдың әр өлең жолдары мақал-мәтелге айналып кеткені сияқты, қазіргі қолданыстағы мақал-мәтелдер де бір кезде әлдебір сөз сүлейлерінің айтқан төрт тармағы толық өлеңдері иә кемелді қанатты сөздері болуы мүмкін. Немесе бір тарихи оқиғаны бейнелейтін тұрақты тіркестер кейін келе қырланып, өңделіп, бүгінгі бізге мақал күйінде жеткен. Біздің бүгінгі жазбамызға түрткі болған жадыгер – Мейрам Ысқақұлы деген кісінің 1914 жылы Қазандағы Кәримовтар баспаханасынан шығарған «Қазақ мақалдары» атты 40 беттен тұратын шығын кітабы.
Кітапты оқып тырып, бұған дейін халықтық жырларда, жыраулардың туындыларында кездесетін өлеңдердің тармақтарын халық мақал деңгейіне дейін сіңіріп жібергеніне көзіміз жетті. Асанқайғы, Ақтамберді, Бұқар жыраулардың өлеңдеріндегі «Жар басына қонбаңыз», «Жал-құйрығы қаба деп...», «ағайының жамандап...» деп басталатын жырларының бірнешеуі мақал ретінде берілген.
Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған шағын ғана кітапша қалай деген күнде де осыдан 106 жыл бұрынғы туған жұртымыздың сөз саптау өнерінен аз да болса хабар береді. Кітапхана қорында осы мақалдарды жинақтаушы Мейрам Ысқақұғлы туралы осы шағын кітабынан басқа деректер кездеспейді. Кітапта мақал жинаушы автор ретінде Ысқақ баласы Мейрам Ырсай деген толық аты-жөні бар жазарман туралы зерттеу жасаған дұрыс. Дегенмен, оқырманға аңдатпа ретінде берген алғысөзіне қарағанда аталған қалам иесінің де өз ортасының озық ойлы азаматтарының бірі болған байқалады.
Біз төменде осы кітаптан оқығанымыз бойынша бірқанша мақалдардың толық нұсқасын жаздық.
Ұрлық түбі - қорлық.
Толығы:
Ұрлық.
Ұрлық түбі – қорлық .
Пақырға қылма зорлық,
Қияметте алар теңдік.
Бірінші байлық – денсаулық,
Екінші байлық – ақ жаулық,
Үшінші байлық– он саулық.
Толығы:
Әуелгі байлық – иман байлық,
Екінші байлық – денсаулық.
Үшінші байлық – ақ жаулық.
Төртінші байлық – он саулық.
Ошақтың үш бұты оттан түспесе,
Ат белдеуден кетпесе,
Ер жігітке бұ бір хандық.
Көрмес түйені көрмес.
Толығы:
Соқыр түйені көрмес,
Тәңірі асыраған тоқтыны бөрі жемес.
Жылы-жылы сөйлесе, жылан інінен шығады.
Толығы:
Жылы-жылы сөйлесе,
Жылан іннен шығады.
Қатты-қатты сөйлесе,
Мұсылман діннен шығады.
Заманына қарай амалы.
Толығы:
Тауына қарай түлкісі,
Заманына қарай күлкісі.
Адасқанның айыбы жоқ,
Қайтып үйірін тапқан соң.
Толығы:
Адасқанды сөкпеңіз,
Қайтып үйірін тапқан соң.
Ұрлағанды кешіңіз,
Тоғыз алып, жапқан соң.
Әлін білмеген әлек.
Толығы:
Әлін білмеген әлек,
Құр өкпелеп не керек.
Талапты ерге нұр жауар.
Толығы:
Талапты ерге нұр жауар,
Ырысты ерге мал тұрар.
Қалған көңіл – шыққан жан.
Толығы:
Даусыз деген ажал жоқ,
Кәрілікке жала жоқ.
Қайтқан көңіл – шыққан жан,
Жаман туған кез болса,
Дүниеде онан артық пәле жоқ.
Бір сынаған жаманды екінші қайта сынама.
Толығы:
Бір сынаған жаманды екінші қайта сынама.
Жүрмейтұғын шабанды жүргізем деп қинама.
Басқа пәле тілден.
Толығы:
Жобалаң жолдан,
Пәле тілден.
Ауыру астан,
Дау қарындастан.
Аталған құнды кітапты мына сілтемеден оқи аласыз:
«Қазақ мақалдары» жинаған Ысқақұғлы Мейрам. - 1-басылуы. - Қазан : Кәримовтар баспаханасы, 1914. - 39 б. - Мәтін араб шрифтімен берілген
Әділет Ахметұлы
Ақын, Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар, қолжазбалар бөлімінің қызметкері
6alash ұсынады