БІР ҮЙІНДІ ТЕЗЕКТІ ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ АТАҒАН: Әділет Ахметұлы

немесе жал тапқанның бәрі жалған айтпайды

 

Тақырыпқа төтесінен кірелік. Бір үйір жылқы, бір бас сиыр, бір тұяқ қой, бес қора қой, бір түп ағаш, бір шоқ гүл, бір уыс құм,  бір тал үкі, он қап бидай, бір ағаш жүгері, бір келе түйе, бес қарын май, үш рулы ел, алты арыс ел, бір топ адам, т.б. болып кете беретіні қазақ тілінде сөйлейтін  әркімге таң қаларлық дүние емес. Дегенмен, дәстүрлі тұрмыс ортасына қош айтып, жарым-жартылай қалалық бола бастағаннан бері талай асыл сөздеріміз қалтарыста қалып барады. Түйені «келелеп» есептейтіні, жүз түйе болғанда «бір соқыр» деп атайтыны ұмыт бола бастап, желі қолданушылар дауласып жатқанына да куә болғанбыз.

Арқалап отын көтеріп, қаппен тезек теріп, тіршілік отын маздатқан елдің баласы болғандықтан, оқырманға қи туралы сауал қоюдың сәті түсті. Бір арқа отын, бір қап қи, бір шелек су, бір таба нан, бір дана кітап деп тізе беруге болады. Бірақ, бір арқа шөп немесе бір құшақ шөп дегенді білген кісі осындағы көрсетілетін заттың көлемі үлкен болғанда қалай аталатынын толық айтып бере алады дегенге ешкім кепіл бола алмасы мұнда тұр.

Айталық шөпке келсек, санының азынан көбіне қарай: бір тал шөп, бір жіліншік шөп, бір буда шөп, бір құшақ шөп, бір арқа шөп, бір арба шөп .... деп келеді де, бір отау шөп, бір мая шөп, тау мая шөп болып кетеді. Яғни, шөптің көлемі үлкен болғанда «мая», «отау» деп қолданатынымызға күмән жоқ. Ал бір қап қи, бір кенеп қи, бір қанар (дағар) қи деп, оны салатын ыдыстардың атауы арқылы көрсетуге болатынын да бәріміз білеміз. Бірақ, осындағы қи мен тезектің мөлшері өте көп болса қалай атаушы едік? Бір мая қи деп ешкім атамайды. Тау мая қи деп те атамайды. Қойып отырған бұл сауал бабадан қалған дәстүрлі мал шаруашылығымен шұғылданып отырған ауылдардағы ағайынға түк те таңсық емес болуы мүмкін. Дегенмен, қара қостан өсіп-өніп, қалада ғұмыр кешіп жатқан біздер мұны естен шығара бастағанымыз жалған емес.

Жақында мен қазақтың маңғаз ақындарының бірі Серік Нүсіпұлының шығармаларын оқып оқып отырып, осы сауалдың жауабын тауып алып, көзім жарқ ете түсті. Тоқсаныншы жылдары арғы беттегі қазақ әдебиетіне жас буын болып келіп, тебінді жырларды қосқан ақынның  «Қара нөсер» өлеңінде мынадай шумақ бар:

Үрей билеп күн бойы үйге енбеген,

Жетім шал жүр мардымсыз күйбеңменен.

Бір жал қиға үйдегі барын жауып,

Бір тошала салуға күй келмеген.

Мінеки, жиналған қи көп болса оны «Бір жал қи» деп көрсетеміз. Енді «жал» сөзі жамағатқа белгілі. Аттың жалы, атанның қомы дегендегі жылқының жалы. Ал, қырынан көлбеп жататын жазықтан биік белегірді де жал дейді қазақ. Сонда да,  біз осы екі «жалға» сөздіктерімізде қалай түсінік берілгеніне де назар салып өтейік:

Жал. 1. Жылқының (құланның, арыстанның, есектің) желкесі үстіне өскен қалың қыл. 2. Жылқының шоқтығы мен ауыз омыртқасының арасында, мойын омыртқаны ұстап тұратын желкемен жымдаса біткен майы. Ж а л – жылқы етінің кәделі мүшелерінің бірі. 3. Жылқының желке майынан жасалатын ұлттық тағам (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 5 - том / Құраст.: Б. Әбілқасымов, С.Бизақов, Ә.Жүнiсбеков және т.б. - Алматы, 2011. - 752 б.).

Әрине, ғалымдар бір ауыздан келісіп тұрақтандырған «жал» атауы туралы бұл үш анықтамаға қарсы дауымыз жоқ.

Бір қызығы, біз көрсетіп отырған сөздікте «жал» сөзін: «Адам төсіне өскен жүн, түк», – деп көрсеткен. Бұл енді артықтау. «Жүрегінде түгі бар» батырлардың кеудесінде жүн болатыны, оның жал секілді болатыны жұртқа белгілі. Дегенмен, оны тек жалға ұқсағандығынан ғана солай атаған. Сөзді жасаушылар бұл «жалдың» дербес мағынасы бар кенін жалғыз ғана Мағжанның мына өлеңіне сүйеніп айтады:  

Кене артында жас арыстан Сыздық бар.

Төс үстінде желкілдеген қара жал.

Ерден туған ердің жолын қуады:

Ер иманы – ел, айнымайтын елім – жар (М.Жұмабаев, Шығ.). Міне, Мағжан бір ғана Сыздық батырдың «төсінің үстінде желкілдеген жал секілді түгі бар» деп, әсерлеп (ұлғайтып) көрсетті екен деп, төстегі түк атаулыны қазақ «жал» деп атаған деп тұрақтандыра салуға бола ма? Бір көркем шығармада келген әсерлі сөзді күллі қазақ аузына сала салу да шын ғылымның барар жері емес. Оның үстіне төсінде түгі бар адамның бәрі жүрегінде түгі бар батыр болуы екіталай. Денесі түкті келетін оңтүстіктегі көршілердің бәрі жалаңаш барып жауға тиетін жүрек жұтқан батыр болмайды. Тіпті, біздің жақта әлдебір саудагер сарттар: «Қазақтар кеудесінде түгі бар адамды батыр дейді. Сондықтан, кеудемізді ұстарамен қырып, түгімізді молатып барайық», – депті деп күлісетін айтылымдар бар.

Яғни «жал» деген сөз жазықтан сәл көтеріңкі ұзыншақтау келген дүниелерге қаратылады. Сол жалды жалдап өскен қыл-қыбырды да қазақ жал деп атаған. Осымен бітті. Ал, тарихта арқасында жалы бар талай тұлға болғаны көпке аян. Көкжал барақтан бері қарай, кешегі Ер Оспан Сіламұлына дейін арқасында жалы, кеудесінде түгі болғаны ақиқат.

Сөздіктердің бірінде «жал» деген «шала жыртылған жер» деп анықтама берілген. «Соқашылар жерді жал қалдырып жыртыпты» деген сөйлемді осыған дәлел ретінде келтірген. Шала жыртылған жердің бәрін «жал» демейді, ағайын. Ол енді жал секілді болып қалса, «жал қалыпты» демегенде не десін? Шала жыртылған жер емес, тегіс болуға тиісті жұмыстың қай-қайсысына жал секілді биіктеу ұзынша бірдеңе қалып қалса, оны да айтады қазақтар «жал қалып қалыпты» деп. Қысқасы, «ананы да жал дейді, мынаны да жал дейді» деп тізе берсек, жүздеген атау атауды табуға болады.

  Қи мен тезектің көптігін білдіретін «жал» сөзі «Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде» Шығыс Қазақстанның Күршіміндегі жақындарымыз қолданады деп келтіреді. Онда жал сөзі «үймек», «үйінді» мағыналарын береді делінген.

Бүгін бір ж а л тезек үйдік (Шьіғ. Қаз., Күрш.).Қазақ тілінің аймақтық сөздігі /Құраст. Ғ.Қалиев, О.Нақысбеков, Ш.Сарыбаев, А.Үдербаев және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2005. - 824 б.

Жал-жал қиды Күршім ғана емес, арғы беттегі ел де жинайды. Және солай қолданады. Міне біз осылайша көп мөлшердегі қи мен тезекті бейнелейтін жал сөзін ұмытып кете жаздаған жерімізден ақын өлеңінің арқасында қайта «тауып алып» жамағайынға жар салып отырмыз.

Енді «жалдың» өзге мағыналарын да қоса кетелік. Жал – жалдану, майлау (аренда), жалшы, жалақы мағыналарын білдіретіні көпке аян. Сөздіктер де мұны жақсы көрсеткен.

Ал қазақта: «Балта шапқанша, дөңбек жал табады» деген сөз бар. Бұл жердегі мағынасы: айла, ақыл, амалды білдіріп тұр. Оған талас жоқ.

Дегенмен де сөздіктер «жал» сөзінің мағынасы: «Жалған» деп көрсетеді. Онда да келтіріп отырғаны Шәкәрім өлеңіндегі жалғыз тармақ. Жоғарыдағы «Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде» «Жал» сөзінің бір мағынасы «Жалған», оны Қытайдағы қазақтар қолданады дейді. Және оның мысалы ретінде «Ұқпадым деп айтпа ж а л (Шәкәрім)», – деп келтіреді. Апыр-ау, бұл «жал» сөзінің «жалған» мағынасын Қытайдағы қазақтар қолданатыны рас болса, сол жақтағы қазақ қаламгерлерінен бір мысал алу керек еді-ау деймін. Бұл жерде Шәкәрім қажы «жалды» жалған мағынасында емес, сылтау, амал, тойтарыс мағынасында қолданып отыр. Тіптен, Шәкәрім ақсақал «жалған сөйлеме» мағынасында қолданса да, ол жалпы қазақ «жал айтуды» «жалған сөйлеудің» орнына қолданады деп, академиялық деңгейдегі сөзікке енгізе салу да асығыстық. Ғұламаның «Тәңірі мен жан» атты ғаламат өлеңінен алынған осы тармақтың бас-аяғын қосып қоып көрелік:

...................

Неше түрлі гүл, жапырақ,..

Әрбіреуін қолыңа ал.

Құры көріп қойма бірақ,

Онда не бар ойға сал.

Түсі қандай, түрі қандай,

Тамыры бар неше тал.

Тесе қара, тексере алмай

Ұқпадым деп айтпа жал.

Өлеңде автор «ұқпадым деп жалған айтпа» деп емес, ұға алмағаныңды сылтауратып, дәлел ретінде көрсетіп әуре болма» деп отыр. Осыларды қорта келгенде біз «жал» сөзі жалған мағынасын бермейді. Айла, ақыл, амал, тойтарыс, дәлел, сылтау мағыналарын береді. Яғни жалған сөз ешкімді сендіре алмайды. Ал жал айту арқылы сендіруге болады. Себебі, жал айтқан кісі себеп-салдарды көрсетеді. «Жалқау кісі адам таппас жал айтар». Жалғанға қарағанда жалдың иландыу қуаты басымырақ келеді.

Мінеки, біз бүгін «бір жал қидан» біраз ойымызды ортаға салдық. Жал-жал қи мен тезек жағып өмірінің ошағын лаулатқан елдің оты өшпесін. Айтпақшы, жал-жал қи мен тезек жинау үшін жапанды жайлап жатқан төрт түік мал болуы керек. Төрт түлігін баққан елдің өз сөзі өзіне жат болмас та еді. Осындайда тағы бір кем дүниенің құлағы қалқиып көріне бастайды...

Әділет Ахметұлы