Дарқандықты даңғайыр даладан, тектілікті маңғаз таулардан алған қазақ халқы жөнінен алғанда ел мен жердің тарихы егіз. Көгілдір көлдерден тартып, ақбас тауларға дейін әйдік аттарды қойып, дүрия даланы өз жаратылысы бойынша жадында сақтаған бабаларымыздың өз тағдыры мен ұлт тарихын туған даласына тели жүруі де тегін емес. Былайша айтқанда, «Жер тарихы – ел тарихы» деп біліп, табанының ізі қалған далаға ел есінен кетпейтін ерекше сәттер мен айтулы уақиғаларды астар етіп жер аттарына айналдырып жібергені бүгінгі ұрпақ үшін том-том тарихпен тең десең, мынау баябан даладағы бағзыдан қалған жер аттарында қаншама сыр, қаншама тарих жатыр?! «Жеріңе қойылған ат еліңнің ұрпақтарға қалдырып кеткен хаты сияқты» деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, ғасырдан ғасырға жалғасып бүгінге жеткен жер-су атаулары, тұнып тұрған тарихи жәдігер, маңызы бөлек мәдени мұра екендігіне талас жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, жер-су аттарының шығу тарихы мен оның мағынасын білу бәрімізге парыз. Әсіресе қазақ халқы мекендеген өңірлердің атауларының шығу тарихын зерделеудің, әрбір атаудың мән-мағынасын ашудың, оны бүгінгі ұрпақтың санасына сіңірудің жөні бөлек.
«Кез-келген елдің өткені мен бүгінінің сабақтастығы да оның жер-су атаулары арқылы көрініс табады». Кейбір топонимдерді ұлттық таным-наным, ұлттық эстетика, ұлттық көзқарас тұрғысынан да қарастырған дұрыс. Өйткені әрбір атаудың өз тарихы, дүниеге келу сыры сол өңірде жасаған халықтың тұрмыс-тіршілігімен тікелей немесе жанамалай қатысты болмақ. Мәселен, »Ақмола« сөзіндегі »мола« сөзін біз көр, бейіт мағынасында түсініп жүрміз. Нағын қуғанда, бұл сөздің Ғұн тілінен ауысқан атау деп тұжырым жасаған белгілі зерттеуші Алдан Сымайыл «Ғұн тілінде «Ақ» – батыс, «Мола» – қамал ұғымын білдірген. Қорған-шаһарға «Ақмола» деп ат қойған. Мұны ертеректе Византия жазушысы, Ғұн тілін зерттеген Прокопи де растаған» («Егемен Қазақстан» газеті) деп жазады. Міне көрдіңіз бе, ір атаудың неше ғасырдың алдындағы тарихтан сыр шертіп жатқанын?!
Қытай Халық Республикасының Алтай аймағына қарасты көрікті Көктоғай ауданында екі Ертістің аралындағы Ертіс өзеніне мінбелеп тұрған жалама жартасты дүйім ел «Байшатының ұясы» деп атайды. Етегінде тұрып ұшар басына қарасаң, шалқайғанда бас киімің түсердей заңғар жартастың Байшатының ұясы аталуының өзі бір хикая...
«Байшатының ұясы» атауының қалыптасуына негіз болған адам – Байшаты Қожаұлы Көктоғай өңірінде жасаған аса ықпалды адамдардың бірі. XIX ғасырдың соңғы жарымында туылып, 1933 жылы Моңғолияның Мергентау деген жерінде оққа ұшқан Байшаты аса дәулетті, бір рудың бетке ұстар мықтысы болған деседі. Сол Байшаты 1919 жылы екі Ертістің аралындағы құздан үлкен ұлы Садықты түсіріп, балапан алыпты. Әңгіменің барысы былай.
Ертіс өзеніне мінбелеп тұрған құзар жартасқа ұя салған бүркіттің алаңқыда жайылып тұрған еліктің серкешін зақпының тасындай ағып келген күйі іліп әкетіп, көк жартастың бетіндегі ұясына алып шығып кеткенін өз көзімен көрген Байшаты «өзі мынадай қыран болғанда, балапаны да тегін болмас» деп ұядағы балапанды алуға қам жасап, жайлаудағы елден арқан жиғызып, жиналған арқанның өзін бір өгізге артқызып келген деседі.
Байшаты балапан алғызбақ болған бұл жартастың үш жағы құлама құз. Асқар тауға ту сыртын беріп, Ертіске қарай емініп тұрған көк жартастың ұшар басына тек тау жағынан, пышақтың қырындай тастың желкесімен келуге болады. Осы жолмен жартастың ұшар басына жеткен балапан алушылар 3 қабаттап ширатқан арқанды Байшатының баласы Садықтың беліне байлап, арқасына кереге таңып, құздан төмен салақтатыпты. Жартас бетіндегі кішкентай жыбытты бойлап төмен сырғыған Садық ұяға таяғанда, беліндегі арқан бұтаға ілініп қалып, не төмен түсе алмай, не жоғары шыға алмай тас бетінде асылып қалыпты. Сонда Садықтың кіші әкесі Қаһарман «бір торғай үшін бір жігіттен айырылғанымыз-ай» деп жылап жата кеткен деседі. Сәтіне басқанда, Садық қолындағы бақанмен тасты тіреп серпіп, арқанды шығарып, ұяға жетіпті...
Осы әңгімені үлкендердің ауызынан ет құлағымен естіген Зарымқан Шәденұлының айтуынша, Садықтың беліне түйенің тарту арқанынан 17 арқан байланыпты. Қазақы өлшем бойынша бір тарту арқанның ұзындығы әдетте 12 құлаш болады. Ендеше, бір құлашты 1,5 метр ұзындықта деп есептесек 17 арқанның ұзындығы 300 метрден асады.
Байшаты балапанды алғанымен, көп өтпей екі рудың арасында дау туады. Әсілі Байшаты балапан алған құз жартас басқа рудың жайлауында еді. Қазақтың дала заңы бойынша жер кімдікі болса, ондағы ұшқан құс, жүгірген аң да соған тәуелді-тұғын. Міне осы заңды ұстанған қарсы жақ »балапан біздікі« деп дау қозғап, екі жақ «төрелігін айтыңыз» деп Ақтеке бидің алдына барады.
Дала заңын назардан қағыс қалдырмайтын Байшаты жоғарыдағыдай бір даудың боларын алдын ала мөлшерлеп, өз руымен ілік-шатысы жоқ екі адамға өзінің таяғына өрнек және жазу жазғызып, сол таяқты ұяға түскен Садықтың беліне қыстырып беріпті. Садық оны ұядағы балапанды алғаннан кейін ұяның ішіне тастап кетіпті.
Әр екі жақтың уәжін тыңдаған Ақтеке би: «дұрыс, жайлау кімдікі болса, балапан да сол руға тәуелді. Бірақ балапанды алып шыққан Байшаты ауылының жігіттері. Оның үстіне бұлар ұяға белгі қалдырғанын айтып отыр. Ендеше, сендер Садық ұяға тастап кеткен таяқты алып келіңдер, әкеле алсаңдар, бүркіт сендердікі, әкеле алмасаңдар, онда бүркіт Байшатынікі. Екі жаққа да кесетерім: сендер таяқты аламыз деп жүріп, біреу тастан ұшып, кісі өлімі болса, оған Байшаты құн төлемейді; ал таяқты әкелгенше, Байшаты бүркіттен айрылып қалса немесе өлтіріп алса, қарсы жаққа қыран құстың құнын береді. Межелі уақыт бір ай», деп билік айтады. Бұл билікке екі жақ та мақұлдық білдіреді. Бірақ кейін даугерлер ұяға түспепті де, бұл дау сонымен қалып, балапан Байшатыға тәуелді болыпты...
Байшаты баптап салған бұл балапан өсе келе аса қыран болыпты. Меңсіз қара түлкі ішінде неше жүз түлкі алған хас қыран бірде қасқырға түсіп, бір саусағын шайнатып алыпты. Оған Қайырбай деген ұста жезден тұяқ салыпты. Осы жез тұяқпен 17 жыл жүрген қыранды Байшаты өлгеннен кейін інісі Әубәкір көтеріпті. Кейін Алтай елі Бәйтікке үріккенде Әубәкір бүркіттің кәртейгенін әм үркін-қорқын кезінде алып жүрудің қиындығын ескеріп, жеміне бір қойды сойып, аяқ бауын алып, Құбыныңқұмына тастап кетіпті. Алайда, 5 күннен кейін көштің артынан қуып келген қыран қаздай тізілген көштің арасынан Байшаты ауылының жүк артқан түйесінің үстіне келіп қонған екен. Сонда үлкендер «өткенде жемге тастаған малдың еті қаттылау болып жей алмаған болды ғой» деп қыста арамза туған екі лақты бауыздап бүркітке тастап кетіпті...
Байшатының ұясын фотоға түсіруге барғанымызда, сол арада мал бағатын екі қойшының Байшаты балапан алдырған құздың ұшар басына шыққанын естіп, әдейілеп іздеп барып әңгімелестік.
Сөзді шорт-шорт кесіп сөйлейтін Нәсуқа есімді шикіл сары жігіт бұйымтайымызды білген соң бірден әңгімеге көшті.
− Құздың төбесіндегі жалғыз қарағайдың түбіне дейін бардық. «Барғанымызға айғақ болсын» деп төбесіне тас жиып, ортасына кернайдай ағаш шаншып кеткенбіз, күн ашық күндері сол жиған тас бұлдырап көрінеді. Ал таяқ қазір бар ма, жоқ па, андағы аппаратыңызбен жақындатып көріңізші, - деп өтінген соң алысты жақындататын дүрбі көзді аппаратқа салып құздың басын суретке түсіріп, үлкейтіп көргенде құз басындағы жиған тас пен тік шаншылған ағаш бұлдырап көрінді.
− Талай қиын тастан жүріп жүрміз ғой, бірақ Байшатының ұясындай қиын тас көргем жоқ. Құздың төбесіне тәубемізді үйіріп әзер жеттік, құз басындағы жалғыз қарағайдың қасында боран өте қатты болады екен, бір жағынан басымыз айналып, түрегеп тұра алмадық, етпеттеп жатып төменге үңілгенде, Ертістің арғы жағасы әзер көрінді. Жалғыз қарағайдың түбіндегі қопсып тұрған жалпақ тастарды кеудемізбен итеріп сырғытып жүріп оба тасты мың бір машақатпен әзер жинадық, - деп Нәсуқа әңгімесін доғарды...
«Жер тарихы – ел тарихы» деген осы. Тау қойнауындағы құлама құзға қойылған бір аттың өзі жүз жылдық тарихтан сөз қозғап тұр. Әрине, әңгіменің астарында руға қатысты айтылымдар жатқанымен, бүгінгі ұрпаққа керегі жер тарихына қатысты дерек. Біздің діттегелі отырғанымыз да осы.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ
Суретте: Байшатының ұясы, суретті түсірген автор.
6alash ұсынады