Үшойғырдың басынан ел көшкенде...

Моңғолия қазақтарының бойтұмарына айналған «Ел көшкенде» әнінің тарихы  сонау 1991 жылғы Қазақ  елінің тәуелсіздігі мен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашыраған қазақтардың Атажұртына көшуімен тамырласып жатыр...

1991 жылы КСРО-ның керегесі сөгіле бастағанда Кеңестер Одағына кірген 15 республиканың көбі  өз тәуелсіздіктерін жариялап жіберді. Көптеген республикалар өз тәуелсіздіктерін жариялап жатқанда «Қазақ елі тәуелсіздігін қашан жариялар екен» деп, төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қазақтар да ел жаққа елеңдеп, құлақтары түрулі болды. Сөйтіп 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ елі де өз тәуелсіздігін жария етті. Бұл күн бейбіт күннің келерін зарыға күткен күллі қазақтың – бөрігін аспанға атып, ақ түйенің қарынын жарған тарихи күн болды.

Қазақ елі тәуелсіздігін алған 1991 жылы Қазақстан Респуликасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Атамекенге көшіп келгісі келетін алыстағы барша ағайындарға жол ашық» деген тарихи үндеуін жолдады. Қиырдағы қазақтардың қастерлі жұрты, тәуелсіз Отаны – Қазақстанға деген ең алғашқы көшінің «алтын дәуірі» сол үндеуден кейін басталды. Ел тәуелсіздігін жариялап, елбасы үндеуін жолдағанда жан-жаққа тарыдай шашылған қазақтар атажұртын аңсап, туған жерін тастап, ұрпақтарының болашақ тағдыры үшін алды артына қарамай қопарыла көш бастап кетті.

Сол жылдары Қазақ еліне ең бірінші болып үдере көшкен ұлы көштің бастаушысы – Моңғолиядағы қазақтар еді. Моңғолиядағы қазақтар ендігі өмірін тарихи Отанымен түбегейлі ұштастырып, қасиетті атамекенге дүбірлей көш бастағанымен кіндік қаны тамған жерді, өскен өлкені қиып кету, әркімге оңай тимеді. Моңғолиядағы қазақтар Атажұртқа көше бастағанда, туған жер мен сонда қалға ағайындарына деген қимастық сезіммен «Ел көшкенде» деген ән туды.

«Ешкім кесіп кетпейді ат кекілін-ай,

Ата-жұртым шақырды, ашты есігін-ай.

Көшкен елде қарыздар, қалғаныда-ай,

Сен аман бол туған жер – ақ бесігім-ай!», - деп туған жерімен қимай қоштасқан ағайынның бұл әні өздерімен бірге Атажұртқа, кейін әр шеттегі ағайындардың барлығының құлағына жетті.

Қазақтың Орта жүзінің ішіндегі Абақ Керейлердің, оның ішінде Керей, Уақ, Наймандардың жартысы Алтайдың күнгей бетіне ауғалы Баян-Өлгейді тұрақтап, сонда салтын-дәстүрін, тілі мен ділін сақтап, қаймағын бұзбай ата-баба жолын жалғап келген.

«Керей, Уақ, Найманым.

Бұзылмаған қаймағың,

Кімге тастап барасың,

Баян-Өлгей ой аймағын?!», - дейтін жолдары Моңғолия қазақтарының тәуелсіз Отаны Қазақ еліне көшіп бара жатса да, құт мекені болған, кіндік қаны тамған Бай-Өлкеге деген қимастығының бір бейнесі еді.

«Дөңгеленген келбетің,

Ұраңқай мен Дөрбетім.

Ел көшкенде – жер жетім,

Мен көшкенде-ай – сен жетім», - деп ел қопарыла көшкенде артында қалған Ұраңқай мен Дөрбет бауырластарына айтқаны.

Бұл әннің сөзін марқұм Мұрат Пұшатайұлы жазса, әнін марқұм Бержан Файзоллаұлы жазды. Ал, әнді ең алғаш халыққа жеткізген орындаушысы марқұм Шерікбай Ұнатұлы еді. Кейінірек әнді Қазақ елінде Қарағандыдағы «Тәттімбет» атындағы академиялық ұлт аспаптары оркестірінің сүйемелдеуімен орындап көпке танытып жүрген Меруеш Башайқызы болды.

(«Ел көшкенде» әнін алғаш халыққа жеткізген орындаушы марқұм Шерікбай Ұнатұлының баласы Өзгеріс ШЕРІКБАЙҰЛЫ)

Бүгінде «Ел көшкенде» әнін әртүрлі мәтінде немесе жарты жолдарын алып тастап орындап жүргендер бар. Әннің негізгі шығу тарихына бас қатырмайтын, мәтіннің мәні мен мағынасын ескеріп жатпайтын әншілеріміз әнді тек өз ыңғайларына қаратып, сөзін өзгертіп алып жатады. Түпнұсқасынан өзгертіп, әркім әртүрлі орындап жүрген «Ел көшкенде» әнінің толық мәтінін назарларыңызға ұсынайық:

Үшойғырдың басынан ел көшкенде-ай,

Қара бұлты Қобданың  желдеткені-ай.

Бейбіт күнде бөлініп ағайыннан-ай,

Ойды күдік, бойды мұң меңдеткені-ай.

Қайырмасы:

Керей, Уақ, Найманым.

Бұзылмаған қаймағың,

Кімге тастап барасың,

Баян-Өлгей ой аймағын?!

 

Ешкім кесіп кетпейді ат кекілін-ай,

Ата-жұртым шақырды, ашты есігін-ай.

Көшкен елде қарыздар, қалғаныда-ай,

Сен аман бол туған жер – ақ бесігім-ай!

Қайырмасы:

Найман, Керей, Уағым,

Күнгей бетім шуағым.

Тілім, салтым, байлығым,

Мөлдір бастау ой, бұлағым.

 

Жер ұйығы Ойғырдың – Жебеті, Усай-ай,

Жылқым өріп барады жусай-жусай-ай.

Жаны жомарт моңғолдар, бауырласым-ай,

Тумасақ та болып ек туысқандай-ай!

Қайырмасы:

Найман, Уақ, Керейім,

Мақтанышым мерейім.

Түтініңді түтетерсің,

Бұдан артық оу не дейін?!

 

Ойғыр – әкем болғанда, Соғақ – шешем,

Ойға өткір емеспін, сөзге шешен.

Ата-жұртқа бет бұрған ағайындар,

Ата-жұртқа жетіңдер аман-есен...

Қайырмасы:

Дөңгеленген келбетің,

Ұраңқай мен Дөрбетім.

Ел көшкенде – жер жетім,

Мен көшкенде-ай – сен жетім.

 

Қия алмайсың қиналып сүйікті елді-ай,

Мөлдір бұлақ, қарлы тау биіктерді-ай.

Неге ғана мен ылғи көше берем-ау,

Көше беру еншіме тиіппе еді-ай?!

Қайырмасы:

Алыс кетіп жүдеген,

Сағынышы үдеген.

Ағайынға бұл әнім,

Амандығын ой тілеген!

 

Көліктерін сайлаған,

Көшуге бел байлаған.

Ағайынға ақ сапар,

Ұрпақ қамын ой, ойлаған!

Моңғолия қазақтарының бойтұмарына айналған «Ел көшкенде» әні жайлы ҚР Мәдениет қайраткері ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ былай дейді:

«Сай-сүйегіңді сырқыратар зар бар, сағыныш бар, қимастық бар, үміт бар, күдік бар, сенім бар, жігерлендіру бар – бәрі бар бұл әнде! Есіңе «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманындағы ел айрылғанда туған «Елім-ай!» әні оралады. Бірақ, бұл ән одан өзгерек! Мүлде бөлек! Бұл көш – Атажұртқа, тәуелсіз Отанға көшу! Сондықтан да қимастық сезімді, кіндік қаның тамған жерден қопарыла көшу оңай болып па, қуаныш сезімі ығыстыра бастайды, ақ жол, ақ сапар, ақ тілек басым түсіп барып аяқталады… Бұл ән көшкен елмен бірге Қазақстанға да жетті. Моңғолия қазақтары ғана емес, Қытайдағы, Өзбекстандағы, Ресейдегі, т.б. қазақтар да көңіл сазына айналдырды. Бұл тағдырлы ән халық жүрегінен орын тапты, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалар рухани құндылық болып танылды» - дейді. 

Айта кететін бір жәйіт бұл ән соңғы кездері әр түрлі нұсқамен айтылып жүр. Біз жоғарыда әннің түп нұсқасын ұсынып отырмыз.

«Ел көшкенде» әнінің авторлары жайлы қысқаша мәлімет:

Мұрат Пұшатайұлы (сөзін жазған) – халықтың көңілінен шыққан әндер мен бірқанша жыр жинақтардың авторы. Әдебиет, мәдениет, қоғамдық-саяси өмірдегі еңбегі бағаланып, Монғолияның «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталған. 1991 жылғы ұлы көшке де ол өзіндік үлкен үлесін қоса білген азаматтардың бірі болатын…

Бержан Файзоллаұлы (әнін жазған) – 1954 жылы Өлгий қаласында туған. Музыкалық білім алған. Аймақтық қазақ музыкалы драма театрында ұлттық оркестрдің бас дирижері болып қызмет істеген. Елге танымал көптеген әндер шығарған сазгер. Мұрат екеуінің бірлескен шығармашылық ізденістері нәтижесінде он шақты ән дүниеге келген. Біржан 2002 жылы тарихи Отанына келіп, Қарағанды облысының Шет ауданында дүниеден озған.

Жұбатгүл САМБУУҚЫЗЫ

6alash ұсынады