Задахан Мыңбаев өлеңдері

Елім – Ай

Қандай бақыт жаны сүйген өзінің
Әз елінің қасиетін сезіну!?
Қандай рахат соңғы демде сол елін
Шын елжірей сүйіп жатып көз ілу!?.
Бір пендені сүйгенге де бұл тұрмақ,
Балқимыз ғой ләззәтінә сусындап.
«Елім-ай!» деп елжіреген сәттерде,
Шіркін сезім шымырайды-ау шым-шымдап!
Бырақ, бырақ... Сүйікті елдің қайран сол
Кемістігін сезініуің қандай сор!?
Алла-ай, алла-ай!.. Жолықпасын ондай сор,
Жігеріңді бордай үгіп, жанды өртер!..
1990. 1. 26

Кейістік

Қуаныш пен қайғы, арман-
Екі емшегі өмірдің.
Кейде күлсем мәз-мәйрәм,
Кейде жас боп төгілдім.
Зарлайды деп бұл неге
Қаңқу сөзбен іреме!
Кейігенді білмеген
Сүйінгенді білеме?!
Әлпештеліп жүріп-ақ
Дарқан өмір, жақсы елде,
Кейіп күнде бір уақ,
Жолығамын «Әттеңге!».
Кіре қалсам, тәмсілі,
Көрем Арақханадан,
Аларманның әр түрін
Ылғи жомарт, алаған...
Бір сұмдыққа ырымдап
Сол сауданың дүрмегін,
Ар-намысым шырылдап,
Қайтады үйге сүлдерім.
Кіре қалсаң, ал, кейде,
Үлкен Кітапханадан,

Білмей ме, әлде келмей ме,
Көрінбейді жан адам.
Жаңа жырды шаң басса,
Бізді айыптап согерсің,-
Пушкин, абай, бәлзәк та... 
Сарғайып тұр, не дерсің!?
Өлеңнен де жиреніп,
Азған ба деп бұл елім.
Көкірегім күңреніп,
Құм болады жігерім.
Не әтейге, не білмей,
Қалдырады налаға.
Шәші үрпиген содыр мен
Шолтаңдаған бала да.
Кейітіп жұр талайдан
Дерт, апаты қабындап.
Тоғайлары тоналған
Көзге күйік тәбиғат!
Естісем жау қастығын,
Я күндестің күңкілін;
Кенет ұстап өш жыным,
Тік тұрады сұр түгім.
Кейіп алам ол түгіл,
Жалқауға да, масқа да;
Көлеңкемен нарқы бір
Ағайын мен досқа да.
Ақын болып ойласаң,
Дерт көп еді недеген!?
Қуаныш көп болмаса,
Кейістіктен өлер ем!
1989. 6. 14
Дөрбілжін


Ерулік

Көш ілінді жайлауға,
Майрағай да-Тайрағай.
Шөлді басар шәй қайда,
Шәугім қайда, ойламай.
Өрісі кең өз елі
Чот қағуды білеме?
Қарсы алғандай төрені,
Сусын әкеп тұр, әне!
Бұл недеген таңғажайып сыйластық пен селбестік,
Ата салты ұйытыпты-ау берекеге елді өстіп!..

Ерулігін көтеріп
Келе жатыр абысын.

Дастарқан боп төселіп,
Ағайынның қамы ұшын..
Жүк түсіру жұмыс па,
Жұмылған соң жас-кәрі?!
Кереге мен уыққа
Қыз-келіншек қаптады.
Әз халқым-ай, сыйласыммен өлшейтұғын ел құнын,
Өз салтының қалыбына құйып алған өз дінін!

Таңнан көшіп сабылып
Азаматы шәршәрін,
Соны жұртын сағынып,
Ағайынын аңсарын,
«Бөлінбеген енші» ге
Аманат қып ас-дәмін,
Тәңір қосар көршіге
Сеніп келе жатқанын,
Түсінетін қормал жұртым, айналайын дініңнен
Көшті көрсе көлденеңнен сусын ала жүгірген!

Бізде өмір көшінде
Жолазықсыз келеміз.
Қазақ деген есім бе,
Бірдеңеге сенеміз...
Еру жұртты көргенде,
Дал ұрам-ау кейде бір;
Ерулікке шөлдей ме,
Сәби дәме, бор көңіл!?
«Ерулік!» деп келсе алдыма таудай шара
Мына, мен
Сусын түгіл ұу берсе де, бір-ақ сарқып тынар ем!.. 
Кешір, дохтыр!
Дейсің маған «Қан қоиюлап ұиюдан
Жүрегіңнің тамырлары буылған...
Қуанба да, ашуланба енді әсте,
Әсерленбе керек болса шыбын жан!
Бойтұмардай дәрің жүрсін қалтада,
Тойма, тоңба, жатып та алма,-шаршама!

Тыйылу шарт, лазы, сарысу, ет-майдан,
Жолай көрме, темекі мен румкаға...»
Дохтырым-ау, мен де сенем ғылымға,
Айтқаныңның бәрі ғылым шынында;
Қу жан үшін бәрін орындармын-ау,
Тек бір шартың түседі екен қиынға...
Қинайды екен «Әсерленбе!» дегенің,
Тек, әсерден туған ғой бар өлеңім.
Жүрегімді сезім үшін жәрәлған
От пен судан қайтып ғана бөлемін!?
Білмейсің ғой қалай атып әр таңым,
Жолығарын қанша күлкі, қанша мұң?
Ошарлы жан, ордалы үйдің бар жүгін
Мойныммен де, жүрекпен де тартамын.
Ол аздай-ақ, сол жүрекке жазамын
Бір халықтың бақыты мен азабын.
Қуанбауым, мұңаймауым мүмкін бе?!.
Кешір дохтыр, жеткен екен ажалым...
2001.3
Дөрбілжін

Менің жүрегім

Азаппен де, ажалмен де тірескен
Көнпіс жаным мықты-ақ еді сірі өскен,
Қас қылғандай тұла бойдан таңдап кеп
Мына дерттің жабысқаны-ай жүректен!..
Құсталық та, құштарлық та тілгілеп,
Қаршадайдан не көрмеді бұл жүрек!?
Ғадауаттан сары аяздай сақылдап,
Махаббаттан қауашақтай үлбіреп... 
Әлі есімде,
Тұңғыш қағып «Жынымды»,

Сандығымнан тонап уыз жырымды-
Жөнелгенде,
Қарс еткендей сызат ап
Естігенім жүрегімнен бір үнді... 
Артымда қап ең алғашқы ынтығым,
Мені алысқа айдағанда қырсығым;
Әлі есімде удай ашып бұл жүрек,
Бірге әкетті өшпес терең тыртығын...
От боп жанып құштарлықтың өртінен
Ел мен жерді мәжнүн болып мен сүйем!
Айтып-айтпай, бұл жүрекке не сын бар
Көз ашпаған ғашықтықтың дертінен!?.
Бұл шіркінде тыным алар бір дәт жоқ,
Бар топырға төселеді тулақ боп.
Сезім біткен құйылады сарқырап,
Әуен біткен тоғысады шулап кеп... 
Айта берсем жүрегімнің жарасын,
Жоны де жоқ сау-тамтығы қалатын.
Мына дерттің қастықшылын қарашы,
Обалды мен аяулыны табатын!
Азаппен де, ажалмен де тірескен
Қайран жаным сірі-ақ еді сірескен;
Тұла бойдан таппағандай өзге орын,
Құрғыр дерттің жабысқаны-ай жүректен!
2000. 1
Дөрбілжін

Айналайын тау-далам

Қар басса тау-даламды масылдарша,
Сағынам жер дидары ашылғанша.
Көктемде бір жырғаймын
Сұлу мекен
Жамылып шыға келсе жасыл қамқа!

Бұлт бүркеп көзден өшсе тау мен далам,
Құлазып жан-дүнием бей-жәй болам ;
Жәйнәсә жаңбырдан соң жасыл өлке,
Мен дағы бір жадырап жәйрәң қағам.
Көрікті, айналайын, тау, далам-ай,
Тұра алман бір күн көрмей, аймаламай.
Бассада кезеген бұлт, кетеген қар,
Илайым, кетпес масыл жәйләмағай!..
1987. 8. 29


Туған таудың құшағы
[баллада]
Тарпитын кеп тауықтар қоқысық көрсе табанда,
Солша адамды тінтетін заң болды бір заманда.
...Әлі есімде, бір күні, жоғын менен көргендей
Ақтарғалы тап берді бір топ жендет маған да.
Тұра қаштым сонда мен,
Құтқарайын дегенім-
Бір жапырақ қағазға жазып алған өлеңім!
«Қашқан жауға қатын би», қуғыншылар лап қойды,
Олар атты, мен жаяу, жан ұшырып келемін.
Мына мендей «Жүгенсіз», «Тордан қашқан» жауға онда,
Қорғаларға бұташық, паналарға жар қайда?!
Әне, қолға түстім-ау, міне өлдім-ау дегенде,
Су ішерім барынан, іліндім кеп тауларға!..
Шіркін, сонда, әжемнің құшағына кіргендей,

Арқалана зыттым-ау қу бас атқа мінгендей.
Сайлар пана, жоталар қалқан болып жасырды,
Сүңгідім де жоғалдым балық суға сіңгендей!..
Қуғыншылар жер соғып қалды өкініп, алқынып,
Айналайын туған тау тұра берді маңқиып;
Сезбегендей ештеңе,
Немесе, бір көзге ілмей,
Қасақана жасырып, көрсеткендей қарсылық... 
Жықпылдармен жылысып (жол табатын түлкі әрең!)
Қойындасып қойтаспен, араластым бүтәмен... 
(айналайын тауларға жан біте қап сол сәтте
Жұтам десе жұтылып, сіңем десе жұтар ем!)
Нажағайды сіріңке, жұлдыздарды шам қылып,
Жүрді ойларым мен құсап сай-салада қаңғырып.
Көк шалғынды төсеніп, жартастарды Жастандым,
Құлағымның астынан жетті түмен жаңғырық... 
Қай кезеңде қақпан бар, қуғыншы бар қай сайда,
Бұлақ қайда?.. Пысып тұр қай Түбекте қанша алма?
Құлағыма әр күні құпия бір дібіспен
Елге өтірік маған шын, сыбырлады тау сонда...

Мен де қорғап жасырам тағы да не дегенін,
(сенбесем де пендеге, тәбиғәтқа сенемін)
Ет кэссе де етімнен сездірмеймін пендеге,

Ұлытаудың құпия сырларының дерегін.
Жемісі боп азығым, үңгірі боп жатағым,
Өлеңімді ермек қып, көрінгенге матадым.
Самалға да сыбырлап, құстарға да үйретіп,
Бұлақтарға жаттатып, жартастарға қашадым
Сүйтіп жүріп енсем де кісі киік пішінге,
Өгейшілік көрмедім өңім түгіл, түсімде
Адамзат боп ақыры үйірге де қосылдым,
Қалды ойларым шәшіліп сол шатқалдар ішінде
Бүгін қолым жетсе де армандарға қиялдай
Сол қиялдың ұшығын жүрмін әлі жя алмай.
Кейде таулар қойнына кіріп кеткім келеді,
Өкпелеген сәттер де пенделерге сия алмай.
1989. 2. 21

6alash ұсынды