Тәттімбет Қазанғапұлы (1815ж., қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындатуып, 1862ж. қайтыс боған) – күйші-композитор, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі. Арғын тайпасы Қаракесек руы Таз Шаншар бөлімінен шыққан.
Біржан сал: "Тәттімбет — ардагерім, Арғын асқан, Қырық түрлі күй айналған бармағына", — деп сүйсінеді.
Тәттімбет талай-талай додалы күй айтыстарына түсіп, қарсыласын тосылту үшін, домбырада қалыс, шалыс, теріс, қосақ бұрауларын көп қолданған. Бұл дәстүрдің орнығуына мұрындық болған. Абайдың анасы Ұлжанға апа болып келетін Малқара қыз, Шұбыртпалыдан шыққан Итаяқ, Найман ішіндегі Шашақ сияқты дәулескер домбырашылармен Тәттімбет күй айтысына түскенде домбыраны бірде башпайымен қағып, келесіде ұстарамен тартып, енді бірде пернелерін қиып тастап тартып өнер көрсеткені туралы қызықты әңгімелер ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады. Домбырашылық өнер арғы ата-тегінен дарыған. Алғаш домбыра тартуды әкесі Қазанғаптың інісі Әлиден үйреніп, анасы Ақбөпеден тәрбие алған. Тәттімбеттің әр түрлі тақырыпты қамтитын 40-тан астам күйі бар.
Қазақ композиторларының камералық-аспаптық, симфониялық және опералық туындыларында Тәттімбеттің көптеген күйлері пайдаланылды. Мысалы, Евгений Брусиловскийдің “Қыз Жібек” операсында “Былқылдақ”, “Қос басар”; “Жамбыл” фильмінде “Сары жайлау” күйлері орындалады. М.Сағатов Тәттімбеттің “Сылқылдақ” күйін эстрада оркестрінің сүйемелімен трубаға арнап пьеса жазды.
6alash ұсынды