Дина Нұрпейіс келіні (1861-1955) – қазақтың әйгілі күйші композиторы. Туып өскен жері Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмы деген жер. Топырақ Алматы қаласынан бұйырған. Қазақстанның халық әртісі (1944). Халық өнерпаздарының 1937 жылы өткен республикалық байқауына қатысып 75 жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Москвада өткен Бүкілодақтық бірінші байқауында, одан кейін 1944 жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Ташкенттегі он күндікте Дина тағы да жүлделі орындарды жеңіп алады. Әкесі белгілі домбырашы адам екен, қызы Динаға 8 жасынан бастап-ақ сол өнердің қыр-сырын үйрете бастаған. Оның ұлы күйші Құрманғазымен алғаш кездесуі де осы кез. 8-9 жасар Дина ұстазының күйлерін үйреніп қана қоймай, оның күйшілік-орындаушылық өнердегі ерекшеліктерін, дәстүрін жалғастырады. Динаның тырнақалды «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп» атты күйлерінде халықтың күйшілік дәстүрі айқын сезіледі. 1916 жылғы оқиғаға шығарған «1916 жыл» күйінде Құрманғазының Исатай мен Махамбетке арнаған «Кішкентай» күйінің әсері байқалады. Дина ата-ана шаңырағында бұлаңдап өскен жас кезінің өзінде ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күшілердің күйін нәшіне келтіре тартып, төңірегі «домбырашы қыз» деп атаған. Қаршадай қыздың даңқын естіп, әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келген. Ол Динаның домбыра тартысына сүйсініп, болашағынан үлкен үміт күтіп, батасын берген. Осыдан кейін Динадан көз жазбай, үнемі айналып соғып, додалы күй айтыстарына ертіп барып, домбыра тартудың терең сырларын үйретеді. Дина тоғыз жасынан бастап он тоғыз жасына дейін, қашан ұзатылғанша Құрманғазының баулуында болады. Құрманғазыдай дәулескер күйшінің ұстаз болуы Динаның ғана бақытты болып қойған жоқ, исі қазақтың күй өнерінің бақыты болды. Дина 1880 жылы Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қанас деген жігітке тұрмысқа шығады. Қанас пен Динадан Нұрпейіс атты бір ұл туған. Алайда, алғашқы перзенті дүниеге келген соң Қанас көп кешікпей қайтыс болады. Дина ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дәстүр бойынша Дина күйеуі Шәпекті «Жәпек» деп атайтын болған. Кейбір деректерде «Жәпек» деп жазылуы содан. Динаның алғашқы күйеуінен көрген перзенті Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болады. Кейін ел ішінде санақ па, сайлау ма, әйтеуір бір тізім алу атай алмаған Дина фамилиясының орнына қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің есімін атаған. Міне, Динаның Нұрпейіс келіні атануының сыры осында. Жәпек пен Дина бақытты ғұмыр кешіп, берекелі жанұя құрған.
6alash ұсынды