Халық әні "Ақмарал сұлу еркем-ай"
«Ән-көңілдің ажары» деп, асқақ дауысты сал-серісін, әсем әуенді ұл қыздарын қадырлейтін халықтың ұрпағымыз. Бүгінде сезім сарайына сәл де болсада орын беретін саналы тыңдарманның назарында әнші Зіләш Мүтәліпқызының орны бөлек.
Ән-өмірде кем болса болмайтын естетикалық тәрбиенің маңызды бір құрамдас бөлегі. Ол рухты серпілтіп, жігерді шыңдап, адамдарды әсемдікке, ізгілікке жетелейді. Сұлу сазы табиғатымен біте қайнасқан қазақ әндері ғажайып сұлулығымен, тереңдігімен қымбат. Тыңдарманының көңілінде «Ақмарал сұлу еркем-ай», «Алқызыл тас» қатарлы халық әнімен қалған Зіләш бүгінде көп көңіліндегі «Жез таңдай, бұлбұл көмей» әншілердің бірі.
1975 жылы 29 қазан Құлжа қаласында дүние есігін ашқан. Болашақ әншінің жасаған ортасы, өскен отбасы басқаша болды. Әйгілі кино артисы, тап берменің тарланы Мүтәліп Әбдірахыманұлының шаңырағында ержеткен Зілаштың көзін ашып көргені сахына, тыңдағаны халық әні болды. Бастауыш мектепте ән-күйге әуес ол Іле аймақтық 1-толық орта мектепте Жәдей Мүкәліпұлы, Камал Әбілқанұлы сынды музика оқытушыларының назарына ілігеді. 1992-жылы Шинжияң Биңтуан ұлттық педагогика мектебінің музика мамандығынан білім алады. Міне осында кәсіптік қабылетін жоғарлатқан Зіләш 1994 жылы демалыс кезінде Іле Қазақ Автономиялы Облысының үш аймақ бойынша өткізген теле ән жарысында Абайдың "Желсіз түнде жарық ай" атты әнін тамылжыта орындап бас жүлдені жеңіп алады. 1995 жылы Шинжияң сымды телевизиасы құрылғандығының 1 жылдығын құттықтау байланысымен өткізген "Наурыз көнсерті" тікелей эфирге шықты, халық сол минут-сикунтта консерттен ләззәт алды. Аталмыш берілім Шинжияң телевизиасы тарихына алтын әріппен жазылған үш тілдегі тұңғыш эфирге шыққан ойын-сауық болды. Студент әнші міне осы консертте «Мерекем» атты ән орындап алғаш көрерменге танылды. Оның тамылжыған дауысы мен билеп жүріп айтқан сахыналық орындау шеберлігіне концерт режиссері Қанат Төлешұлы, әнші Отанбек Еңсеханұлы жоғары бағасын беріп, өнер сапарына қолдау көрсеткен екен. Зіләш сол жылы Шинжияң Биңтуан ұлттық педагогика мектебін үздік натижемен тауысады да, 1996 жылы Іле облыстық драма үйірмесіне қызметке орналасады. Міне осы кезде жүргізуші, биші сынды қосымша кәсіптерді де атқарудан сырт «Төңкерістік қаһарман» сынды көптеген қытайша драмаларға артис болады.
Қазақ халқының кемеңгер ақыны, сазгер Абай Құнанбайұлы:
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Оның тәтті оралған мәні оятар. - дегендей сезім сарайымызды серпілтіп, құлақ құрышымызды қандыратын тәтті әуендер әне сол Зіләштің сырнай дауысында... 1999 жылғы Шинжияң телевизиасының режиссері Ұлан Тоқанұлы Іле облсына барып «Құрбан айт теле концертін» түсіргенде халық әні «Ал қызыл тас» әнін орындап көптің алғысын алса, режиссердің орналастыруымен сол кезде бүкіл ел көлемінде кең тараған «Шалала» атты әнді қазақша тамаша айтып жастардың арасында жақсы аңыс қозғады.
Әкенің ұрпаққа әсері зор болатындығы сияқты алғашқы ұстазы Мүтәліп Әбдірахыманұлы баласының бетінен қақпай белін буып, санасына өнердің рухын ұялатты, сапалы шәкірттің шашасына шаң жұқпас нағыз тұлпар мен сұңқардан болатындығын сіңірді. Өнер жолында ұстазға құрметі бөлек Зіләш Мүтәліпқызы Шинжияң Биңтуан ұлттық педагогика мектебінің Нұрсара, Еркін, Нұрбек сынды музика мұғалымдары мен әйгілі Күлмән Шүленбайқызын өзіне ұстаз тұтады екен. "Көрегенді көгөршін енесінен екі бұтақ төмен қонақтайды" демекші, ұстаздың еңбегін есінен екі елі шығармайтын шәкірт тыйнамдай натижесін олардың тәрбиесінен бөле қарамайды. Міне сол кішпейілділік оны сахынадан сахынаға шақырды. Соның натижесі ретінде Зілаштың 1999 жылы республика күні Жыжияң өлкесінің Жяшиң қаласында «Арман» әнін асқақтата орындап, өзге ұлт әншілері мен қоса тыңдарманын елең еткізді. Сондай-ақ, өлке басылымдары бас бетіне қазақтың қара көз қызының қосетек көйлек киген фотосын жолдап, жарқын елге жария етті. Өз тәлейін сынау үшін 2003 жылы өлке көлемінде өткен «Шинжияң жылжымалы хабарласу сауытына таласу ән байқауында» әр ұлт өнерпаздәрі арасынан ол естрада түрінен 2-дәрежелі болып бағаланады.
Өнер адамдары үшін, әсіресе сахына әртистерінде кәсіптік морал, төл мамандық, жасампаздық, үйрену, күнделікті машық кем болса болмайды. Осы жақтарында тынбай құлшыныстар жасаған Зіләштің өнер кеңестігі өлшеусіз демесекте құлшынысқа толы дер едік. "Өзі жақсыға мың кісілік орын бар" демекші 2005 жылы автономиялы райондық ойын-сауық үйірмесіне алмасып келген жас әнші кәсібіне тың тебінмен, жаңа арынмен кірісті. Кәсібін ішкерлей үйренген ол маңайындағы қытай, ұйғұр, қырғыз әншілермен берекеде болып олардың артықшылығын өзіне қабылдады. 2007 жылы Хайнан телевизиасы мен Шинжияң телевизиасының Сания қаласында өткен шаған мерекесіне арналған концертінде қазақтың халық әні «Қамажайды» орындап тыңдарманның жақсы бағасын алса, 2008 жылы Шынжын қаласында өткен Шияңгаң, Шинжияң және Шизаң сынды бес телевизиасының бірлесіп өткізген концертінде «Хайнанның бұлты» атты қытайша ән орындап тағы бір қырынан көрінді.
Көркемдік пен әсемдің әлеміне талғамы таза, ойламы терең артис ғана бойлай алады. Сахынаға халқының сап алтындай салт-санасының, ұлттық киімінің, әдеп-ибасының дәл өзіндей көтерілетін тағы сол Зіләш Мүтәліпқызы. Сондай-ақ, сұлулықты ұлттық бытымнен іздеген адам ең ұлы деп бағалаймыз. Міне бұл көрерменнің өнер адамына қояр тағы бір талабы десек те артық емес. Ән өнерінің көгілдір аспанында қалықтаған қарлығаштың ерекшелігін ерте байқаған үйірме басшылары Зіләшті шетелге концерттік сапарларға орналастырды.
Сыңғырлы саздың сандуғашы Зіләш Мүтәліпқызы 2007 жылдары халық әні «Гүлсара», «Ақ көйлек» және Әппақ Майтабанқызының «Көк өзен» сынды әндеріне теле бейне-баян түсіріп, өзінің өнер жолына өзгерістер жасады. Теле режиссерлері Болатқазы Әсейінқазыұлының жасампаздығымен Күнес ауданының Ақөзен, Нылқы ауданының Ақтас, Таңбалы жайлауларында түсірілді. Туған жердің тынысымен, табиғаттың таңғажайып келбетімен біте қайнасқан «Бейне клив» көрерменге нақтылы өмір картинасын сыйлағандай болды. Талантты әнші 2012 жылы автономиялы райондық мәдениет меңгермесі жағынан «Үлгілі жеке» атағын алса, 2015 жылы Шинжияң ән-би үйірмесі жағынан «Озат қызметкер» болып бағаланады. Өзін осы салаға арнады. Жұрт ұнатып еститін, жүрекке жылы лирикалық және эпикалық жаңа әндерді ұсынды.
Ынтымақ замана ұраны болған дәуірімізде, берекесі бұзылмаған әртистер арасындағы табиғи достық әр ұлт әуенімен әрмен қарай жалғасуда. Қытайша, ұйғұрша, татарша әндерді шырқап жүрген Зіләштің достары бастарын қоса қалса болды кәсіптік әңгімемен болып, әз әуендермен ары қарай жалғайды. Ұйғұрдың әйгілі әншісі Ызат Ілияс, Мұңғұл әнші Шағанның қазақ қызына деген бағамы, кәсіптегі деген құрметі өте жоғары. Өнердегі достардың арасынан қыл өтбейді, олар кәсіпте тізе қосып құлшынып, бір сахынада ән шырқаса, тұрмыста ынтымақтың дастанын бірге жазуда.
Ол халық әнін айта жүріп, өміршең авторлық әндерді де дүниеге әкелді. Зіләш жас сазгер, шебер орындаушы Елеусіз Сүлейбекұлының әні «Біз екеумізді», Азылбек Кінәзбекұлының сөзіне жазылған Жақсыбек Оралбекұлының әні «Қайда Сенің, ауылың» атты қан сөлі толық әндерді тамылжыта орындады. Сондай-ақ, естрада сынды замана жырын да жырлаған әншінің және бір таланты осы жақтан байқалды.
«Әке - асқар тау, ана - мөлдір бұлақ, бала - жағасындағы құрақ» демекші, сатираның саңлағы, тап берменің тарланы - Мүтәліп Әбдірахыманұлының арамыздан кеткелі де екі жылдың жүзі болыпты. Қайда барсақ та тіміскелеп жүретін «Тілші» деген атымыз бар, тере жүреміз, жия жүреміз. Осыдан 10 жыл бұрын Құлжа қаласына барғанымда әйгілі кино артисы, әзілдің ақтангері Мүтәліп ағаның үйінде әңгімеде болғанымда Зіләшқа болған бағасын камера көзімен жазып қойғаным бар еді. «Гүлдер-ай» архивінде "лентаның тозбай тұрғанында иесіне табыстайын" деген мақсатпен марғасқа әкенің айтқан ақылын қызына қойып бердім. Негізі баласына бағадан гөрі сын молдау, бағамнан гөрі баптау көбірек... Ағамыз сөзінің соңын табандылық, құлшынысқа әкеп тіреді. Міне бұл әкенің арманы, өнер иесінің толғамы. 3миноттық уидио мені де толқытты?! сағыныш кернеген Зіләштің қос жанары мөлдіреген жасқа толғанда өмірдің жалған, нағыз өнердің, адамгершілікпен өткен күндердің мәңгілік қалатындығын сезіндік. Әне сондай, қас өнердің тізгінін ұстанған бүгінгі кейіпкеріміздің талғамы бөлек, талғары биік тұғырдың қыраны екендігі әйгілегендей болды.
Көңілге күй, санаға саз сыйлайтын керімсал әуендер ел назарында, көптің көкейінде. Жағадағы құндыз, маңдайдағы жұлдыз әншіміздің қатарын молайтқан Зіләш Мүтәліпқызы теле консертінің сондай-ақ, радионың алтын қорын әнге толтырып келеді. Әсіресе, ол орындаған халық әні «Қос күрең» атты туындылар өз кәсіптестері мен саналы тыңдарман жағынан жалықпай еститін әуен ретінде қабылданды. Әсем дауыстың мелодиасы мен мың құбылған ырғақтың ритімімен сыңғырлы бұлақ, сыңсыған орман, зеңгір таулар, көк аспан, айна көлдермен түрленіп сала береді. Табиғаттың тылсым сырлары әсем әннің әлдиімен қалықтап бара жатқандай көрінеді. Әсіресе, 2012 жылы Шинжияң телевизиасының 1800 квадраттық студиясында орындаған халық әні «Түймелі-айды» естігенде өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылғандай болды. Бұл жерде айта кетеріміз: жуық 10 жылдан бері «Шолпан» әншілер көбейіп кетті. Сыбырлайтыны бар, тебінетіні бар, айғайлайтыны бар... Нотаны білмейтін әнші сымақтар қаншама?! Міне бұл өнердің құтын қашырып, әннің қадірін кетіріп жүр. Қызыл-жасылға құмар, жарық етпе «Жұлдыздар» да көбейді. Өнердің алтын кездігі көлденең көк аттыға жолыға бермесе керек? Нағыз орындаушы әнді таңдай біледі, орындай біледі, естір құлаққа жеткізе біледі. Зіләшті әне сондай, өнерді салмақтай білетін, сабырлы, сабаз, сері әнші деп бағаласақ артық емес. Зіләш сондай-ақ, өлке көлеміндегі жылда тойланатын шаған көнсертінде, құрбан айт сауық кешінде, автономиялы районның 50 жылдық тойында, республика құрылғандығының 60 жылдық мерей шаттығында салтанатты сахынаның жеке, төптік нөмірлеріне шығып ән орындаған.
Әншілік-киелі өнер. Ақынның жай отындай жырларын, жалынды шумақтарын сазгердің сырлы сырнайы үнімен, оған ішкі сезімін мен әсем дауысымен тыңдарманына жүрек лүпілін тыңдататын тылсым қасиет. Зіләш бауырыңды балқытатын, жүрегіңді толқытатын тамаша әнші. Шолпан жұлдыздың нұры әр қашан жарық болатындығы сияқты, әншінің алдағы өнер жолы да ұзарған сайын айшықты болары сөзсіз. Әсем дауысымен, әсерлі орындау шеберлігімен өз биігін жаратқан сахына саңлағының ұшар тұғыры берік, қалықтар аспаны биік болсын!
Қуандық КӨБЕНҰЛЫ
6alash ұсынды