"Дауылпаз"
Орындаған Қизат Сейтқазин
Күй тарихын оқыған Серік Әбіл
Сұлу саз әлемнің дауылпазы, композитор Қизат Сейітқазинды еске алу
2011 жылдың 10 Сәуірі күні кеште бәлкім ол, сәтті сапардың қуанышымен сағынып, оралған жан ұясының төрінде кәдімгідей сан әуеннің құшағында тербеліп, қоңыр домбыраның ішектеріне тіл бітіріп, аққағазға болашақ әндердің нотасын түсіріп отырған болар?! Сол сәт жүректің сәл шым еткенін сезбеген де шығар? "Дауылпазды", "Жолаушыны" төгілдіре тартқанда, күй құдыреті адуын жүректің шабысын тездетіп, алып ұшқан жүрек аяғын шалыс басты ма екен, кім білсін?! Қоңыр домбыра ішегінен саналы саусақтар соңғы рет сырғи берді. Күй аяқталмай қалды. Иесіз қалған домбыра ұзақ күңіренгенімен қормалы қайта тұрмады. Осылайша, Қизат Сейітқазыұлынан ел-жұрты қапияда айырылып қала берді. Саз көгіндегі даулпаздың басында қаншама арман кетті көмбесіне жете алмай, қанша аңсау кетті әуәнге айналмай, бәрі жұмбақ, бәрі сырлы.
Тоқсан ырғақ, сексен сезімнің құдыретін күллі көкірекке сан бояулы, сиқырлы сазбен құйған дауылпаз күйші, айтулы сазгер Қизат Сейітқазыұлы 1942 жылы 15 Қыркүйекте Толы ауданы Жайыр тауының Қату өңірінде өмір есігін ашады. Өнердің құты ұялаған толы даласынан ескен самалымен Базғалам, Бейісбай, Ақымжан күйлері қаршадайынан құлағына сіңіп, жүрегіне ұялап өскен Қизат Сейітқазыұлы ауыл мектебінен түлеп ұшқан соң, 1962 жылы Шинжияң қатынас мектебін бітіріп, Толы ауданы тасжол мекемесінде инженер, аудандық радио-телевизор мекемесінде редактор тілші болып істеп, 1999 жылы даңықпен демалысқа шығады.
Шинжияң музыканттар қоғамының мүшесі, обылстық музканттар қоғамның тұрақты жорасы Қизат Сейтіқазыұлы 1962 жылдан бастап шығармашылықпен шұғылданған дауылпаз күйші, тынбай еңбектеніп, артына бір жүз жиырмадан астам ән-күй қалдырыпты. Я, жусанның исін, жалбызды бұлақ дәмін, аққу-қаздардың әуенін ала туған саңлақ сазгердің ән-күйі қаншалаған жүректің сағынышы, мұңы, шаттығы болып сөйледі. Айлы кеште, көл бойында қаншалаған жастар "Аяулы жан құрбым, Жаныма жаудыршы, Сезімнің жаңбырын" деп әнге салып, махаббатына куә қылды. Уақытқа, өмірге, келер ұрпаққа берер жауабын сұлу сазбен қалдырған, бәріміз бір көруді аңсаған дарын иесін, енді міне, ол дүниеден өткесін, өнер көгінен іздеуді уақыт бұйырып отыр. Өйткені, Қизат Сейітқазыұлы соқпақты ғұмыр кеше жүріп, есміне мәңгілік деген анықтауыштың қалай жалғанғанын да білместен ұзай беріпті.
Автордың "Дауылпаз" күйі 1986 жылы автономиялы районнан және орталықтан 1-дәрежелі туынды сыйлығын, 1992 жылы Түркияның Анкара қаласында өткізілген 11-кезекті картал халқаралық фестивальінде үздік туынды болып бағаланған. Орталықтан үздік музыкант және таңдаулы шығарма авторы даңық куәлігін алған автордың "Тақтада", "Жан құрбым", "Ақ сырға" қатарлы әндері автономиялы район, обылыс және аймақтағы бәйгелерден қара үзіп алда келген жүлделі туындылар. Өнердің ақ бесігі болған Толы ауданның мәдениеті мен көркемөнерінің, тіпті бүкіл Қытай қазағының көркемөнерін дамуына табан ет, маңдай терін, жүрек қанын сарқа жұмсап бір биікке көтерген Қизат Сейітқазыұлының ұрпақтары да әке жолын қуып өнер көгіне қанат қақты. Қизат шаңырағы отбасылық ансамбілге айналды.
Шығармашылық еңбектері "Толы – ән-жырдың мекені", "20 ғасырлар сазгерлері", "Қытай қазіргі заман әйгілі өнер адамдары" қатарлы кітаптарға кірген Қизат Сейітқазыұлы 2009 жылы орта Азия халықтарының дәстүрлі мәдениеті халқаралық конферанциясы музыка фествальіне ұсыныспен қатынасып, жоғары дәрежелі орындау шебері деген даңық куәлігін алып оралады.
Саңлақ сазгердің күй қағыстары өз алдына дербес дәстүр болып тұрақтанып, Қазақстан мемлекеті Құрманғазы консерваториясының мамандары арнаулы зерттеу тақырыбына кіріп, 2010 жылы осы консерваториядан Баян, Игілік қатарлы мамандар келіп, күйшінің күй қағыстарын, ән-күйлерін зерттеуді бастайды. 15 күйі өз орындауында дыбыс таспасына алынып, қысқаша тарихымен қоса қазақ мемлекетінде "Қытай қазақ күйлері" атты кітапқа қазақ орыс тілінде басылады.
Қазақстан республикасы білім және ғылым минстірлігі жағынан өткізілген "Алыстағы шұғыла" кітабының тұсаукесер рәсіміне қатынасып, өнер көрсетіп туған еліне оралған дуылпаз күйші, айтулы сазгер Қизат Сейітқазыұлы тұтқиыл жүрек науқасынан бақи дүниеге сапар шекті.
Тар келіп туған елдің кең құлашы,
Күйші кетті,
Тірі әлі домбырасы.
Ақылды саусақтар жоқ тіл бітірер,
Шанаққа сағыныштың толды жасы,
Жан сырын жұмбақ жанның айтар ма екен?
Құлағын оң бұрашы, сол бұрашы!
Қағазға түспей қалып соңғы нота,
Айтылмай кетті ме екен елге расы?!
Ертелі-кеш ерке ұлын күтуде ұзақ,
Қату таудың бел-белес, жол-жырасы.
Даңғайыр дарын иесі халқын ғана емес, қазақ әнін жылатып қабырғасын қайыстырып кетті. Қазақ ән-күйі қадірлі ұлынан, қамқорынан айырылды. Я, қазақ өнері не көрмеді дейсің?! Қизаттай ұлды берген де, беріп ап, мезгілсіз алған да осынау саздардың мекені қоңыр дала емес пе еді?! Қизат сазы қосылған қазақ әнінің керуені тоғанағы тоқ, жез қоңырауы сыңғырлап мақтанышпен тарта береді...
Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ, 2012 жыл
6alash ұсынады