Шет елде өнер көрсеткен тұңғыш қазақ – Әміре Қашаубайевтың өз дауысы

Әміренің асқақ ауені (төл дауысы)


1925 жылы Париж қаласында өткен Дүниежүзі көрмесінде сыңғыр дауысымен Әміре Қашаубаев «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан», т.б. әндерін орындап, екі бәйгемен қоса, күміс медальды иеленеді. Сөйтіп, Әміре шет елде өнер көрсеткен тұңғыш қазақ әншісі болды.

1974 жылы Жарқын Шәкерім қазақ халқының маңдайына біткен біртуар жұлдызы, қайталанбас талант иесі Әміре Қашаубаевтың даусын алғаш тауып, көпшілікке ұсынған еді. Әміренің орындауында фонографқа жазылған «Ағаш аяқ» пен «Балқадиша» әндеріне реставрациялық тазарту жұмыстары жасалынған. Бұл туралы Жарқын атамыз былай дейді.

«1974 жылы Қырғызстанның сол кездегі бірінші хатшысы Т.Үсібәлиев деген кісі Д.А.Қонаевқа «Компартияның 50 жылдығы болғалы жатыр, соған орай Қырғызстанның барлық мықтыларының – Саяқбай Қаралаев, Естемес Тұрсынәлиев, Ұрқаш Мәмбетәлиев, Туғанбай Әбдиев секілді манасшыларының және әйгілі қырғыз орындаушыларының күйтабағын шығаруға көмектессеңіздер» деген мазұнда хат жазып, өтініш жасайды. Ол кезде күйтабаққа жазу студиясы Орта Азия бойынша Алматы мен Ташкентте ғана бар болатын. Содан Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің тапсыруы бойынша «Алматы күйтабаққа жазу студиясының» директоры Сейілхан Құсайынов мені шақырып алып, «кіріс» деді емес пе? Жұлқынған жас кезім, ә дегенше болған жоқ Қырғызстаннан бір-ақ шықтым. Бішкекте жарты жылдай тұрдым. Көлемді күйтабақ шығару үшін Қырғыз радиосынан біраз шығармаларды жазып алдық. Енді қалғанын Мәскеуден қоспақшымыз. Өйткені онда сапалы жазбалар өте көп болатын. Сөйтіп Мәскеудегі Орталық Мемлекеттік мұрағаттың фоно-фото құжаттар және дыбыс жазу бөлімінде сақталған қырғыз қорын ақтарып, манасшыларды іздеп жүргем. Сол жерде қалың шаңның арасында жатқан қоңыр кітап қолыма түсіп, ондағы Әміренің есімі, ол орындаған әндердің тізімі, сондай-ақ фонографқа жазылған дауыс таспасының номері көзіме оттай басылды. Қуанғанымнан көзімнен қалай жас шығып кеткенін де білмей қалыппын.»

Өкінішке орай Әміре Қашаубаев да саяси репрессия құрбаны болды. Негізгі себеп қазақтың ұлттық патриоты Мұстафа Шоқаймен Париж қаласында кездесуі еді...

6alash ұынды