Сахнаның сайраған сандуғашы...

"Туған жер"

сөзі: Несіпбек АЙЫТҰЛЫ

музыкасы: Тұрсынғазы

Орындаған: Гүлзира БӨКЕЙХАНҚЫЗЫ


Сахнаның сайраған сандуғашы

(Гүлзира БӨКЕЙХАНҚЫЗЫМЕН сұхбат)

– Гүлзира Бөкейханқызы, Сізді 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Әңгімемізді өзіңізді дүниеге әкелген ардақты анаңыздың асыл қасиетінен бастасақ...

– Менің анам арғы беттегі – Алтай жерінде туылған Гүлсара Молдаханқызы деген кісі. Ол кісі өз анасы ерте қайтыс болған соң жастайынан әжесінің қолында өскен екен. Шешем ана мен бала денсаулығына байланысты 25 жыл еңбек еткен дәрігер. Мінезі жайдары болғанымен қаталдығы басым еді. Үйде әкем домбыра шертіп, шешем сызылтып ән айтатын. Қонақ келсе сіңлім екеуіміз бізді қашан ән айтыңдар деп шақырады екен деп есіктен сығалап тұратынбыз. Анам бізді кішкентай кезімізден «Үйренгендерің өздеріңе жақсы, істегендерің маған жақсы» деп үй шаруасына салып, қазақы тәрбие беруге көңіл бөлді. Біз отбасында екі ұл, екі қыз болдық. Мен қыздың үлкені болған соң анам күн демей, түн демей жұмыстарымен кеткен кезде үйдің ауыртпалығын көтеріп, кішкентай кезімнен шаруаға икемді болып өстім. Анамның қаталдығы менің өмір жолын дұрыс таңдап, бүгінгідей күнге жетуіме жол ашты деп ойлаймын. Қазір өзім де бала тәрбиелеп отырмын. Алла берген жалғыз қызым бар. Қатты қатал болмасам да, қазақы тәрбие беруге барымды салып жүрмін.

– Өнерге қашаннан бастап бет бұрдыңыз?

– 13 жасқа келгенімде Іле облыстық өнер колледжіне оқуға түсіп, ата-анамның ақ батасын алып алысқа ұштым. өнер жолым осылайша басталды. Алғашында бишілік өнерін игеріп, Іле облыстық Қазақ театрында бір неше жыл биші болып жұмыс жасадым. Әнге әуес, дауысым да театрда жүріп қалыптаса бастаған өзімнің болашағымды бишілікпен елестеткім келген жоқ. Сөйтіп, Пекин консерваториясына емтихан тапсырып, сол жаққа оқуға кеттім.

– Бала тәрбиесіне қалай көңіл бөлесіз?

– Менің осыншама биікке жетуіме қызымның да үлесі бар. Олай дейтінім, ол 3 жастағы кезінде сүйрелеп жүріп консерваторияда оқыдым. Неше сағаттар бойына ән айтқан кезімізде қызым ұйықтап қалатын. Дәрісханадағы төрт орындықты біріктіріп жатқызып қойып, жалғасты ән айта беретінмін. Қазақстанның халық әртісі ұстазым Роза Жаманова «мына балаға обал болды, тамақтандырып кел» деп әредікте сабақтан босататын. «Болмаса ауылға апарып тастайын» деймін мен де қысылып. «Ауылға апарсаң ойың бөлініп сабақты дұрыс оқи алмайсың. Не көрсе де бала шешесінің қасында жүрсе көнеді» дейтұғын Роза апайым. Сөйтіп, қызым менің қасымда жүріп қызығым мен шыжығымның барлығын көрді. Ақылды. Қазір 9-сыныпта оқып жүр. Өзім қазақы тәрбие көріп өскеннен болар, қызымды да қазақы өссе екен деп тілеймін. Көбінесе ақылмен айтып, жұмсақтап жеткізуге тырысамын. «Балам, қазақтың қыздары 18-20 жасқа дейін өзгелерге саусағының ұшын да ұстатпаған. Ашық-шашық киінбе. Шашыңды қима» деп құлағына құйып отырамын. Осы кезде өзі де күліп айтады, – мен 9-сынып оқысам да сыныптастарым мені әлі кішкенесің,-деп мазақтайды. – Сендерге тырнағымның да ұшын ұстатпаймын десем кей достарым күледі. Көбінесе ұлдар «дұрыс» деп құптап жатады,-деп қызықтарын айтып келеді маған. «Олар қанша күлгенмен іштей саған қызығатын болады. Сен сол арқылы қасыңдағы құрбыларыңа да үлгі боласың» деп айтамын. Ал ақпараттық қоғамның ағылған ақпараттарынан шектеп жүрмін деп айта алмаймын. Интернетке кіреді. Бірақ дұрыс қолдану жайлы құлағына құйып тұрамын.

– Қызыңыз өнерді таңдаса құптар ма едіңіз?

– Бір кезде мен театрда Қыз Жібек операсын айттым. Қойылымда Төлеген қайтыс болды дегенді естігенде Жібек жерге басын қайта-қайта тигізіп, зарлап, ер-тоқымды құшақтап жылайды ғой, қызым Айдидар үйде менімен бірге не істесем ол да соны істейді. Дайындық кезінде кейде басымды ерте көтеріп қоятын болуым керек. «Мама, басыңды ерте көтеріп қойдың» деп бірге жығылып, бірге тұратын. 7-сыныпқа дейін күйсандық үйренді. Кейіннен тек қана сабағымен болып кетті. Қазір қайта ән айтып, өнерге әуестігін байқатып жүр. Мен қызымның бетінен қақпаймын. Себебі, өзі ойланып-толғанып таңдағаны дұрыс деп есептеймін. өнерпаздардың арасында «Өнер жолы ауыр жол» деген сөз шынымен де жауыр болған ғой. «Өнер жолы ауыр жол» дейтініміз қыз баланың ең бірінші мақсаты – дүниеге келген соң бой түзеп, өзінің оқуын бітіргеннен кейін отбасын құру. Дүниеге ұрпақ әкелу. Ең маңыздысы сол. Ал өнер жолында бұған кішкене кедергі бар. Өйткені, сен отбасыңды ұстайсың, бөпелерің өскенше уақыт өтіп жатады. Оған үлгеріп жатқандар да бар. Соншалықты көңіліне су сеуіп, өнер жолымен жүрме деп айтпаймын. Өнер жолын соншалықты ауыр деп те есептемеймін.

– Естуімізше, Қытайда қазақ қыздары хан ұлтының азаматтарымен шаңырақ құру үрдісін бастап жатыпты...

– Өзіміз үлкен қала Бейжіңде студент болып жүрген кезімізде қытай жігіттері күліп сөйлесе де «саған ең бірінші ішегіңді жуу керек, ішегіңнің жартысын кесіп тастау керек» деп айтатынбыз. Олар оны түсінбейді. Сосын дүнген жігіттері оларға «сендер халал тамақ жемеген соң сондай қиын жолдан өтулерің керек» деп түсіндіретін. Содан олар бізге сөз салғанды қойып бетімізге қарап сөйлей де алмайтын еді. Соңғы кездері Қытайдағы қазақ бойжеткендері қытай жігіттеріне тұрмысқа шығуды өзің айтқандай бастап та кеткенін көріп те, естіп жүрмін. Меніңше, бұл жат жұртта жүрген қазақтың басына қашанда болмасын туатын күн деп ойлаймын. Бәрібір аралас неке ең соңында жақсылыққа апармайды. Ұлты бөлек, діні бөлек болған соң күндердің күнінде шаңырағының шайқалуына сол себеп болары анық. Ал аралас некеден туылған ұрпақ та дел-сал күйде қалады. Алайда, атажұртқа жетсем, қазақ топырағын бассам деп жүрген қазақ жастары да Қытайда жетерлік. Тіпті төлқұжат жасатуға ақшасы жоқ Алтай, Тарбағатай өңірінде жүрген жастарды көзім көрді.

– Сіздің ойыңызша қазақ қызы қандай болу керек?

– Мен қазақ қызы екенмін деп заманның талабын орындамаса тағы да болмайды. Дұрыс тәрбие көрген қыз болса қай ғасырда да қазақы қалпынан айнымайды деп білемін. Өйткені, ол қанмен келетін қасиет. Мінез адамда әр түрлі болады. Десе де қазақ қыздарының қанында сабырлы, иманды, тұрақты қасиет болуы керек. «Алпамыс» дастанында Гүлбаршынның айтқан бір сөзі бар: «Алпамысты жеті жыл емес, жетпіс жыл күтуге де дайынмын» деген. Сонау бағзыдан қалыптасып келе жатқан қазақ қыздарына тән қасиет – тұрақтылық. Жауапкершілікті арқалай білетін, қарапайымдылықты жаны сүйетін қасиеттерді қыздарымыз жоғалтпаса екен деймін. Қазақ қызы осындай қасиеттерімен барлығын да жеңеді, жеңе де білген. Гүлбаршын апамыз 70 жыл күтем деген тұрақтылығының 5 пайызын ғана орындаса да қазақ қыздары жаман болмайды. 70 жыл емес, 7 ай немесе 7 күн күтсін, реніштің бәрі сейіледі. Сол арқылы сабырлылығымен шаңырағын шайқалтпай ұстап қалар еді. Қазіргі кезде бір-біріне бой бермегендіктен шаңырақ шайқалып жатады. Алла тағаланың берген сыйы мен сынын көтере білген жөн. Сахнада гүлдей жайнап қанша ән айтқаныңмен отбасында дауысыңды көтеріп сөйлемейтін қарапайым ғана анасың. «Қыздың жолы жіңішке» деп ата-бабамыз жайдан-жай айтпаған ғой.

– Отбасыңыз жайлы тоқталсаңыз?

– Жолдасым – Мұрат Шеризатұлы мен Пекинде оқыған кезде ол Ши-ан деген қалада белгілі әнші Отанбек Еңсеханұлы екеуі бірге оқыған. Ол да өнердің адамы. Бірақ ол еркін музыкант ретінде, өз тірлігін істеп жүр. Мені өте қолдайды. Ең алғаш Қазақстаннан аспирантура оқимын дегенде де қарсы болмай, қолдап, қуаттап 3 жасар баламмен шығарып салған болатын. Сол жібергенінің өзі үлкен ерлік, қолдағандығы деп түсінемін. Ол менің өзімді өнерге арнаған адам екенімді жақсы түсінеді. Жалғыз өкінішім бар. Ол – қызымыздың соңынан бауырлары ермегені.

– Өзіңіз тойларға ұсыныспен қатысып жүрсіз. Сіздіңше қазіргі кездегі той салты қалай өтіп жүр?

– Шынымен де, осы Астанадағы көп қызды «Қыз дәуренмен» құтты орнына қондырдым. 2001 жылы халқымыздың көрнекті ғалымы Мырзатай Жолдасбеков ағамыз немересін ұзатқан кезде, жалғыз менің Ақботама арнағаным болмасыншы, босағадан аттаған қай қазақ қызы да айтып шығатындай әнге айналсын деп осы «Қыз дәуренді» дүниеге әкелген болатын. Сол әнмен де көптеген қыз ұзату тойларына шақырылып тұрам. Менің байқағаным, кейінгі кезде Астанада болсын, өзім ат басын бұрып жүрген басқа қалаларда болсын той салтын қазақы дәстүрмен өткізуге ерекше көңіл бөліп келеді. «Өзіңіз қазақы ортада өстіңіз, өнердің қайнаған ортасында жүрсіз» деп кейбір салттарды той иелері сұрап та жатады. Ол жағы мені қатты қуантады. Ең алғаш келген жылдары Астанада өткен бір тойда күйеу жігіт қалыңдықтың бәтіңкесіне сусын құйып ішкенде таң қалғанмын. 10 жылдың көлемі болды. Ондай сөлекет ғұрыптарды ешкімнен байқағам жоқ. Мен қай жерде ән айтсам да қазақтың ұлттық киімін ғана киемін. Әншілер әнімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырып қана қоймай, талғаммен киініп, ұлттық мәдениетті дамытушы әрі насихаттаушы бола білуі керек деп есептеймін.

– Алыстан келген әр ағайын үлкен арман арқалап келетіні анық. Өзіңіздің қандай үлкен армандарыңыз орындалды?

– Кезіндегі Шығыс Түркістан құрамыз деген төңкерісшіл жеті азаматтың бірі-Дәлелхан Сүгірбаевтың туған немересі боламын. Олар қазіргі Шыңжаңдағы ат төбеліндей қазақтарды азат етуді аңсады. Шығыс Түркістан мемлекетін құрсақ деп талпынды. Бірде Совет үкіметінен, бірде Қытай мемлекетінен көмек сұрады. Шағын ғана Шығыс Түркістан мемлекетінің алпауыт екі елдің ортасында азаттық алуы оларға тиімсіз болғандықта, белгісіз себептермен ұшақ жарылып, атам 49 жасында қаза болған екен.

Біріншіден, мені атажұртқа жетелеген дүние – Қазақ елі өнердің қара шаңырағы деп түсінгенім болса, екінші жағынан сол азаттықты аңсап өткен аталарымның бостандық сүйгіштігі қанмен дарыған болар деп ойлаймын. Үшіншіден, сол текті аталарымыздың жете алмай кеткен армандарын Алла тағала біздің маңдайымызға жазып, орындалуына нәсіп еткен болар. Киелі топырақты басып, жарқырап жайнап жүргеніміз де сол шығар. Соны ойлаған сайын өзіңе деген жауапкершілік тіпті де арта түседі екен. Қаншама батырлар, ақын, жыршылар, бұлбұл көмей, жез таңдай әншілер азаттыққа талпынып, өз қыршын жандарын қиды.

Қазақстанның мәдениет күндеріне және басқа да іс-шараларға байланысты шетелдерге көп шығып тұрамыз. Сол кезде шетте жүрген қазақ ағайындарға «Қазақ еліне келіңдер, қазақ үшін еңбек етіңдер, болмағанда балаларыңды қазақ етіп тәрбиелеңіздер» деген насихатты көптеп айтып жүремін өз басым. Ең бастысы ниет дұрыс болып, сырттан келген болып, іштегі қазақ болып халқымызды көркейтуге үлес қоссақ бұдан да құдіреттене түсеміз деп ойлаймын. Қытайдағы көптеген қазақ әндерін Қазақстанға алып келіп, Құрманғазы, Отырар сазы оркестрімен айтып, жазып алып радиода да көп насихаттадым. Қазақ өнеріне аз да болса осылай үлесімді қоссам деймін.

Менің қатты риза болатыным, Елбасымыздың өнерге жақындығынан бөлек шетелдегі қандастарымызды алғаш болып шақырып 20 жылдан астам уақыт өтсе де көштің бұйдасын кеспей отырғаны үлкен көрегендік. Келем деушілерге ешқандай тосқауыл қойып жатқан жоқ. Мен және мен сияқты мемлекеттік қызметте болсын, өнерде болсын жарқырап жайнап жүрген шетелден келген қыз-келіншектер жетерлік. Соның барлығы Елбасымыздың жарқын саясатының арқасы екенін барлығымыз мойындағанымыз жөн. Тіпті, шетелден келіп осында жоғары оқу орындарына түсіп, тіпті «Болашақпен» қайта шетелдерге барып білімін асырып, жалғасты жұмысын жасап жатқан жастар да көп. Мейлі біз қай жерде болсақ та жүрегіміздің түбінде бір ғана ой бар. Ол – «Қазақ».

Мен Қытай қазақтарынан осында әкелген әндерімнің ішінде бұл жақта мүлде айтылып көрмегені де көп. Әсет Найманбайдың «Мақпал» деген әні Қазақстанда басқа нұсқамен айтылады. Менің орындауымдағы Қытайдағы қазақтар айтатын «Мақпал» қазақтың 100 әніне енді.

– Шәкірт тәрбиелеумен де айналысып жүрген боларсыз?

– 2002-2009 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шәкірт тәрбиеледім. Музыкалық білім деген кафедра болған, кейіннен жабылып қалды. Алдағы уақыттарда ән қоржынымды молайтып, тәжірибемді толыстырып алған соң жалғасты тәрбиелейтін шығармын деп ойлаймын. Қазір тек қана әншілікпен бір жақты бағытты ұстанып жүрмін. 2010 жылы конгресс холда «Әнім саған туған ел» атты үлкен концертімді өткізгенмін. Соңғы кездері филармонияда Нұрғали есімді жас әншімен бірігіп дуэт айтып жүрмін. Қытай тілін де еркін білгендіктен аудармашылық бойынша көптеген ұсыныстар болды. Бірақ өнерді қиып ешқайда кеткім келмейді.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Қазір Астана қаласы мемлекеттік филармониясында жұмыс жасап жатырмын. Биыл сәуір айында Алтай, Тарбағатай, Іле әндері деген кеш өткіземіз. Ол кезде дәстүрлі әндер мектебінің барлық орындаушылары осы Алтай, Тарбағатай, Іле әндерін шырқайтын болады. Мақсатымыз – сол қиырдан жеткен қазақ әндерін жастарға жеткізу. Иманды болғыр ағамыз Ақселеу Сейдімбек осы Алтай, Тарбағатай, Іле әндері қоңыр әндер деп, қазақ әндерінің бес мектебінің біріне қосып және ол әндердің табиғаты мен тарихы жайлы ғылыми түрде дәлелдеп кеткеніне өте ризамын. Соның арқасында кез-келген дәстүрлі әндердің байқауында осы Алтай, Тарбағатай, Іле әндері айтылады. Бұл еңбегі үшін Ақселеу ағамызға барлығымыз қарыздармыз.

– Әңгімеңізге рахмет! Өнердің биігінен түспей, қазақ даласын әсем әнмен тербей беріңіз!

Сұхбаттасқан Майгүл СҰЛТАН

6alash ұсынды