Қазақ құсбегілері бүркіттің туып-өскен мекеніне қатысты: тау құсы, құз құсы, ой құсы деп бөледі. Құз құсының бітімі кесек, кеуделі, келсе ой құсы шағын денелі болады. Оның екі иығындағы ақ теңбіл белгісіне қарап, ақсеңгір деп әспеттейді. Ой бүркіті мен қыр бүркітінің ерекшелігі олар ықшам, жинақы бітімді келеді. Бұларды сипатына қарап: мұзбалақ, төртперен, төртсары деп де атайды. Бүркіттің ұябасары (ұрғашысы) алғыр келетіндіктен оны қыран дейді, ал, еркегін шәулі немесе сарша деп атайды. Еркек бүркіттің денесі шағын, қуаты әлсіз, нашар болады.
Әдетте, ұябасардың жалпы тұрқы, тұмсығынан құйрығының ұшына дейін 110 сантиметр айналасында, шәулі-сарша құстар 80 сантиметр шамасында болады. Ені мен ұзындығы бірдей құсты қазақ саятшылары дөңгелек құс дейді.
Жалпы бүркіт балапанының жұмыртқа жарып шықан сәтін ақүрпек десе, одан кейін қауырсын-қанаты пайда болған кезін темірқанат, өңі қошқылдана бастағанда қарақанат деп атайды. Балапанның бір жасқа толып, екінші жылға аяқ басқанын тірнек, үш жаста – тастүлек немесе қантүбіт, төрт жасында – ана, бес жасында – мұзбалақ, алты жасында – көктүбіт, жеті жасында – қана немесе құмтүлек, сегіз жасында – жаңа, тоғыз жасында – майтүбіт (қоңыртүлек), он жасында – барқын (кәрі түлек), он бір жасында - баршын (ақ түлек), он екі жасында – шөгіл (ақыр түлек) деп атайды.
Бүркіт ана жасына (төрт жасқа) толғанға дейін құйрық пен қанатының астында ағы болады. Бес жасқа болғанда ағы жоғалады. «Бүркіт қартайса қараяды, адам қартайса ағарады» деген сөз осыдан қалса керек.
Бүркіттің мекені мен бітім-пошымына қатысты түрлері көп. Атап айтқанда: Алтайдың ақиығы, Қобданың қаракері, Қобданың қанды көзі, Нарынның сары құсы, Сауырдың сарысы, ақ балапан, аққанат, ақбұршақ, бақабас, бұқатана, барқын, қандыбалақ, қырансары, құлакер, кершолақ, саршолақ, сепелек сары, жапырақ қара, мұзбалақ, тақыр тірнек, мартулы қыран, шомбыл сары, ішжарғыш, кәрішөгел, жанбауыр шөгел, шегір паян, жыланбас, жарық жемсау, көк сарша, кебек сары, қарағайдың қызылы, түмен сары, ақкөз қоңырала, сукөз қоңырала, алдамбал қоңырала, ұзын шуда, үзбе шуда, күйсіз қоңыр, көлкөз ұршықбас, қойкөз қызыл, жатаған сары, жемайырғыш, қашаған қара, құртырнақ, қосқыран, шырғашыл, жөлер, туырдықтай сарала, шұбар балақ... т.б. деп кете береді.
Тәжірибелі құсбегілер құстың түр-түсіне қарап-ақ оның ұя салып, өсіп-өнген мекенін ажырата алады. Мысалы, биік құзға ұя салған бүркіттің балапаны қаракер, көксұры да, бетбақты өңірге ұя салған бүркіттің балапаны қызыл жирен болады.
*****
Сондай-ақ, бүркіттерді географиялық мекен-өлкелеріне байланысты: Оралдың мұзбалағы, Алтайдың ақиығы, шөгелдер деп айтайды.
Оралдың мұзбалағы. Шөлейт өлкелерде Орал, Мұғалжар тауларын және батыс Сібірді мекендейді. Ерекшелігі: қылаң түсті, басы қара қоңыр, иық жүндері жапырақты, сырттай қарағанда ақтеңбіл, бауыры керітарлан, балақ және саңғуыр жүндері ақтаңдақ-кершұбар, қанатының асты қоңыр, қарасы аз болады. Бұл бүркіт аңнан қаймықпайтын қайратты болып келеді.
Алтайдың ақиығы. Бұл аса қарулы құс, өте қыран, тым ірі болады. Балақ және бауыр жүндері қоңыр, сырт келбеті қаратарлан. Алтай тау сілемдерінде, кейбір кездерде Тарбағатай тауларында да кездеседі. Алтайдың ақиығы аталу себебі – балапан кезінде иығында екі тал аппақ қауырсыны немесе топшы-иықтың екі иінінен бастап, пышақ шалғыға дейін сарғыш араласқан ақ жолағы болады. Осы белгісіне орай бұл құсты Алтайдың ақиығы деп атайды.
Алтайдың ақиығының шынжыр балақ шұбар төс, ақ білек немесе мұзбалақ түрлері де кездеседі. Жалпы Алтай тауын мекендеген бүркіттің балапандары – кесек денелі, ақ шұбар болады. Дегенмен, Алтайдың ақиығы денесінің үлкендігі жағынан Еренқабырғаның «Кескен терегіне» жетпейді.
Шөгелдер. Бұл құс Алатау және Памир тауларын мекендейді. Бұларды мұзбалақ шөгел және шашақты шөгел деп екіге бөледі. Мұзбалақ шөгелдің балақ жүні шудаланып, саусағына түсіп тұрады. Шашақты шөгелдің шүйдесі шығыңқы, саусақтары кесек, тырнақ терісі тарғылданып келеді. Шөгелдер қуатты бүркіттер тобына жатады. Бұлар: арқар, киік, қасқыр сияқты аңдарға түседі. Шөгелдер тұғырда отырғанда бір аяғын бауырына тартып, жалғыз аяқпен отыратындықтан кезбез деп те атайды.
Қазақ этнографиясын зерделеген академик Әлкей Марғұлан жоғарыдағы үш топ бүркітті мекендеген жерлеріне қарай тағы да 12 түрге бөліп қарастырған екен. Атап айтқанда:
- Қазықтының қарагері (Орал, күнбатыс Сібірді мекендейді).
- Құмның қызыл көзі (Сарысу мен Шудың таулы өлкелерін, Қаратауды мекендейді).
- Желектінің жирен тұяғы (Сырдария, Қаратау өңірінің құсы).
- Қарағайдың қоңыраласы (Ертістің күншығысын мекендейді).
- Есбалақтың есерсоғы (Алатау,Тарбағатай тауларын мекендейді).
- Өлтірмей бермес Өтеген (орманды жерді мекендейді).
- Ертістің сарышолағы (таулы қайыңды өлкені мекендейді).
- Несібелі байғасқа (өте көнбіс құс).
- Қарашегір (қыран келеді, биіктен шолады).
- Сарықұс (бап таңдайды, шапшаң құс).
- Сарышегір (шөгел тұқымдас құс).
- Дересіннің тұяғы (құсбегілер ең көп құмартатын құс).
****
Қазақ құсбегілері бүркітін бапты және бапсыз қыран деп бөледі. Нағыз қыран деп бапсыз қыранды (бап таңдамайтын) айтады. Мінезі шәркез (қыңыр) бүркіттерде болады. Олар баулуға оңай көнбейді, иесіне тез үйірлеспейді, бәріне жат көзбен қарап, сылап-сипағанды жақтырмайды. Ашықса әлсіреп, тойса тоқмейсіліп, шырғаға көнбей қинайды. Ол қайыруға әзер көнгенімен тоңса, ашықса, бабынан айнығыш келеді. Өте тәжірибелі құсбегілер болмаса, оны кез келген адам баптай алмайды.
Сондай-ақ, кәнігі құсбегілер бүркітті іс-әрекетіне қарап: батыр құс, қу құс деп екіге бөледі. Батыр құс – аңғал, албырт, қомағай, жүректі, күшті, аңға өршелене ұмтылады. Қара құйрық, қоян сияқты қоңыр аңдар мекендейтін жерлерде жүреді. Кейде ыстық өлкелерді де мекендеп қалады. Жем іздеп алыс-қиянға бармау үшін, қоңыр аңы көп бетбақ-керішті жарларға ұя салатындары да кездеседі. Күнде аң аулап жейді. Жерге көп қонақтайтындықтан жүнін шыбын-шіркей көбірек қырқады.
Бұндай бүркіттер аң ұстап жеп отырғанда, аңға күйі келмейтін құстар немесе аңмен алысуды жақтырмайтын саяқ бүркіттер ұшып келіп ортақтасса, жеп отырған жемін оған тастап кете береді. Бұл басқа құстан қорыққаны емес, өзіне-өзі сенгендігінің белгісі.
Қу құстың жүні жіңішке, сырты жылтыр қара, тұяғы иір, жылан бас, су көз келеді. Адамға тез үйір болмайды, аң алғанда көп алыспайды. Күшті аңға әуестеніп түспейді. Қоян, шіл, кекілік сияқтыларға құмар келеді. Биік, салқын, тауларға ұя салады. Көбінсе, қаршыға, сұңқар қатарлы құстардың жемін тартып жейді. Бұл түрдегі құсты саятшылар мырза құс деп те атайды. Мырза құс күйшіл болады.
*****
Бүркіт егделеген сайын түр-түсі өзгереді. Кейбір табиғи ақшыл құстар түлек сайын аршылғанымен ағынан толық арылмайды. Ал, ағынан арылған құс қантамардан (бүркіттің тамағының астынан жемсауына қарай жүгірген қызыл жолықты жүнді «қантамар» деп атайды) құлдай, екі топшы арасындағы жемсаудың айналасы және екі топшыдан пышақ шалғыға дейін, одан кейін екі жақ қаптал жүндері қызғылт сары түске айналады. Әрі құйрық түбінің үстіңгі жапырақ жүндері мен балақ шудалары, санындағы ақ бұршақ жүндер қызғылт сары түске өзгереді. Мұндай қызғылт түске оңған бүркітті қандыбалақ дейді.
Сол сияқты бүркіттің кеңсірігі, саусақ салалары түлек сайын тотиаян көкшіл түске айналса, бұндай құсты құсбегілер көк аяқтаған, көк тұмсықтанған бүркіт деп атайды.
Бүркіт есейген сайын құйрық шалғыдағы ағы тарландай бастаса, мұндай бүркітті «тарлан» дейді. Тарландаған бүркіт алымыр қыран болады. Қазақ бүркітшілері: «Тарлан салған талықбас» деп бекер айтпаған.
Балапан бүркіттің құйрығының ұшы төрт елідей қара болып келеді де, одан жоғары жағы ақ болады. Анықтап қарағанда, құйрығының ортасындағы өзек шыбықтың екі жақ ақ елпінде аздаған шашыранды қара ноқат белгілері болса, оны қара тарлан, жоқ болса жай тарлан дейді. Ол жақсы қыран болмайды. Егерде, құйрық елпіндегі шашыранды ноқаттар қызғылтым, жүні ұзын әр толық болса, ондай құсты нағыз қызыл тарлан деп атайды. Бұл қыран болады.
*****
Марқалаған бүркіттің балақ жүні төмендеу бітсе, оны жолды құс дейді. Жіліншік жүні жоғары бітсе, сидам сирақты жолсыз құс деп атайды. Ал, құстың балақ жүні саусағының арасынан төгіліп тұрса, мұндай құстарды аңғашар дейді. Аса қыран бүркіттің балақ жүні қалың, әрі саусақтарына қарай төгіліп тұрады. Толарсақ сүйегінің басы жуан, жіліншік жағы сүйірлеу бітеді. Егер жіліншік сүйектерінің бас-аяғы бірдей болса, мұндай құстарды желмен ұшатын құс дейді, ол шабан, бапшыл болады.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ