Қазақтың бай тілінде «мерген» дейтін сөз бар. Бұл атқан оғы жерге түспейтін садақшыларға қарата айтылған ұғым. Ертеде мергендік өнер ұлыс бекемдігі үшін баға жетпес құндылық саналған. Сондықтан да, көшпенді халқымыз ер баланы жастайынан садақ атуға үйретіп, елін қорғауға тәрбиелеген.
Соңғы жылдары елімізде садақ ату өнерін ұлттық спорт түрі ретінде дамытуда. Мемлекетшіл тұлға Қайрат Сатыпалды мырзаның жетекшілігімен республикалық «Жамбы ату» федерациясы құрылып, тұңғыш рет 2014 жылдың мамыр айында Жамбыл облысы, Меркі ауданында садақшылардың 10 күндік оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Оған облыстардан 32 садақшы-спортшы шақырылды. Осы жылдың күзінде Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында алғаш рет жамбы атудан жарыс өтті. Келесі 2015 жылдың маусым айында Орал қаласында ұлттық спорт түрлерінен өткен жастар чемпионаты мен қазан айында Қызылорда да ұйымдастырылған республикалық 4-ші фестиваль аясында жамбы атудан ресми жарыстар жалауын көтерді.
***
Жамбы ату спортының тарихы тым тереңде жатыр. Оның пайда болу мерзімін тарихшы-ғалымдар б.з.б. ІV-ІІІ ғасырлар үлесіне жатқызып жүр. Зерттеушілердің пікірінше, көшпенді Ғұн ұлысы алғаш рет садақшылар (мергендер) қосынын дүниеге келтірген. Қытай жазбаларында ғұндар көсемі (тәңірқұты) Мөденің үш мың мерген садақшылары болғаны жайлы дерек айтылады.
Ал, моңғолдың «Құпия шежіресінде»: 1225 жылы Шыңғыс қаған Хорезмді толық бағындарған соң «Бұғылы-шашақ» дейтін жерде ұлан-асар той жасап, ат жетер жердегі мергендерді шақырып, сайыс өткізгені туралы айтылады. Осы сайыста Есей мерген 335 құлаш (502 метр) жердегі нысана-жамбыға оғын дәл тигізген.
Жамбы дегеніміз – көне түрік тілінде «ямбу» яғни, құймалы алтын немесе күміс дегенді білдіреді. Сол сияқты, бағалы заттардан жасалған құнды бұйымдарда жамбының рөлін атқара береді. Жамбы – ірі қара немесе ұсақ малдың тұяғы мүсіндес болғандықтан тайтұяқ, қойтұяқ, аттұяқ, асық жамбы, бесік жамбы, түйекөз жамбы, қойбас жамбы т.б. деп аталаған. Жамбының жасалған материалына байланысты: таза ақ күмістен жасалған болса ақ жамбы, алтыннан жасалса алтын жамбы деп де атаған.
Жамбы ату ойынын – көшпенділер жауынгерлердің мергендік қабілетін жетілдіру үшін қолданған. Басты мақсатты: біріншіден, әскери-жауынгерлік дайындықты жетілдіру, екіншіден, ел арасындағы мергендерді (садақшыларды) анықтап оларды көтермелеу, үшіншіден, сыналған мергендерден арнайы топ құрып, соғыста күштік құрлым ретінде пайдаланған.
Жамбының «Айқабақ ату» деген де түрі бар. Егер нысана алтын бұйымнан жасалған болса «Алтын қабақ» деп атаған. «Жамбы» немесе «Айқабақты» ұзын сырықтың басына, мөлшерлі жерге іліп қояды. Оны аттың үстінде шауып келе жатып садақпен дәл атып түсіру керек. Бұл садақшылардың ең жоғары деңгейдегі жарысы. Өте үлкен мерекелерде ғана ойналады. Атып түсірген мерген қымбат бұйымды өзі алады. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы кезде жауынгерлер мал табу үшін мерген болуы шарт.
Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында, Көктем Аймақ дейтін хан ай астына биік бақан орнатып, оған алтын жамбы іліп, атып түсірген адамға қызымды берем деп жар салады.
Ай астында аспанға
Құрды бақан қақтырып
Алтын теңге аттырып,
Теңгені атып түсірген
Құртқаны сұлу сол алар...
Осы хабар Қобыландының құлағына жетіп, жас батыр тобылғы торы атымен шауып барып, ай астындағы алтын теңгені атып түсіріп Құртқа сұлуды алып қайтады:
Қолына алып толғанып,
Қозы жауырын жебені
Ат үстінен шіреніп,
Сонда тұрып тартады,
Құрулы бақан басында,
Екі бөліп ұшырды
Ай астында теңгені...
Жоғарыдағы жырдың мәтінінен түсінгеніміз: ерте дәуірде мергенге ханның өзі қызын берген. Көшпенділер тұрмысында мергеннің орны қаншалықты екенін осыдан-ақ ұғына берсеңіз.
Сол сияқты, дауылпаз ақын Сәкен Сейфулиннің «Көкшетау» поэмасында Абылай хан заманында Бурабайда жамбы атудан үлкен сайыс өтіп, биік шыңның үстіндегі нысанға ешкімнің оғы жетпегендіктен сол биік «Оқжетпес» деп аталғаны жайлы аңыз бар. Жырға құлақ түрсек:
...Қалың қол гуілдейді анталасқан,
Бәсеке бір қыз үшін тайталасқан.
Бір тасқа топ жанында қыз да шықты.
Тартыстың себепкері жанталаскан.
Батырлар шіренісіп тізбектеліп,
Тартысты садақтарын «Абылайлап»
Дүмпілдеп садақ оғы ысқырады,
Ойқастап аттары ойнап пысқырады.
Ышқынып жолбарыстай күшін өлшеп,
Батырлар садаққа оғын қыстырады,
Атқан оқ тасқа тиіп жарқылдайды,
Шыңда ойнап бала бүркіт шаңқылдайды.
Оқтарын орамалға жеткізе алмай,
Батырлар біраздан соң қарқындайды...
***
Жамбыны ату үшін ең әуелі садақ керек. Садақ – сонау ежелгі дәуірдегі сақтар мен ғұндардан, берісі Кенесары заманына дейін көшпелілердің иығынан түспеген, дәстүр-салтымен біте қайнасқан қымбат мұра. Ата-бабамыз адырнасын аңыратып жауға шапқан, аң атқан, тойға барып жамбы да атқан. Садақ «қарағай садақ», «үйеңкі садақ», «қайың садақ», «сарыжа», «сарсадақ», «бұлғары садақ», «адырна», «көн садақ», т.б. түрлерге бөлінген. Қайыңның сарғайған қабығымен қапталған садақты түсіне байланысты «сарыжа» немесе «сарсадақ» деп те атаған.
Қарапайым садақ екі бөліктен тұрады. Біріншісі, яғни ағаш немесе сүйектен жасалатын ату үрдісін іске асыратын бөлік – адырна деп аталады. Ал, шірей тартып, садақ оғын ұшыратын жіпті немесе бауды кіріс дейді. Атақты Қазтуған жыраудың:
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қары ұнамы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті.., деген толғауын оқып көріңіз...
Адырна – бес бөліктен тұрады. Оның қолмен қысып ұстайтын орта тұсын белі деп атайды.
Бұлғары садақ, бұқар жай,
Тарта алмасам маған серт!
Бел күшіме шыдамай,
Беліңнен кетсең саған серт! («Қобыланды батыр» жырынан)
Белі – берік болу үшін сүйекпен көмкеріп, тарамыспен оралған, иінмен түйіскен жері шылғи терімен қапталып, кептірілетін болған.
Адырнаның иілмелі серіппелі бөлігін – екі иіні (жоғары және төменгі) деп атайды. Кіріс, яғни жіп байланатын адырнаның екі ұшын басы (жоғары және төменгі) дейді. Иіндерінің үстінен тарамыс тартылып, ішкі беті мүйізбен қапталып, қоңыр аңның немесе малдың майымен майланып отырған. Халқымыздың дәстүрлі қару-жарағын зерттеп жүрген этнограф Қалиолла Саматұлының еңбегінде «адырнаның бастары бөлек-бөлек жасалып, иініне бұрыш жасай бекітіледі», дейді.
Ал, адырнаның екі басын қосып байланған жіпті «кіріс» дейді. Ол берік жіптен немесе жібектен, тарамыстан өріледі. Міндеті – оқты нысанаға қарай ұшыру. Кіріс жіп садақтың бір басына мықтап бекітіліп, екінші басы адырнаны босатып тұру үшін алмалы тұзақ түрінде алынып, салынады. Кірісті қатты серпігенде адырнаның басы жарылып немесе сетінеп кетпес үшін сүйектен қорғаныш орнатылады. Оны тобыршық деп атайды.
Тобыршықты биік жай салып,
Дұшпан аттым өкінбен... (Доспанбет жырау)
***
Ал, садақтың оғын жебе дейді. Оның: «сұр жебе», «қу жебе», «тобылғы жебе», «қозыжауырын», «сауытбұзар», «көбебұзар», т.б. қырықтан астам түрлері бар. Елшіл азамат Ерлан Қарин жебе түрлерінің 140 атауын тауып, оларды құрлымдық жасалуы мен міндетіне қатысты бес түрге бөліпті.
Қозыжауырын қу жебе,
Тартатұғын шақ болды. («Ер Тарғын»)
Жұмсап қатты болатты,
Сауытбұзар оқ атшы... («Жұбаныш» Ақсауыт)
Көнсадақтың ішінде,
Көбебұзар сауыт бар... (Маханбет)
Жебенің құрамы: езек желі, қанат жалауша, өткір ұшы, жетесі, қырлары және қалпақшадан тұрады. Қалпақшада бағыттаушы саңылау адырнаға қондыру үшін тереңдігі 5-6 мм, ені 2,5-3,0 мм ойық болады. Жебенің қанаты (жалаушасы) құстың қауырсынан жасалып, оқ атылғанда тұрақтандыратын қызмет атқарады. Жебенің оққа бекітілген тұсын жетесі дейді. Жете берік болмаса, жебе сабынан босып жол ортаға түсіп қалады. Сондықтан жебені жетесіне жеткізіп сіңіретін болған. Қазақтың, «жетесіне жеткізіп айтылды» деген сөз тіркесі осы.
Этнограф-зерттеуші Қалиолла Ахметжан мырза жебе бекітілген ұзын ағашты сабы десе, кіріске бекітіліп, созыла серпілетін тетікті кез-табан деп атапты. Ал, оқтың түзу ұшуына бағыт беретін қауырсынды оқтың қанаты дейді. Оқтың сабы қайың, тобылғы, қатты талдан жасалады. Оқ өте түзу болмаса нысанға жетпейді. Қазақта, «оқтай түзу» деген тіркес содан қалған. Оқты шын шеберлер ғана жасай алған. Аталарымыздың «әке көрген оқ жонар» дегені де осы. Жонылған оқты суы қанғанша кептіріп, дымданбас үшін майға бөктіріп пісіретін болған.
Көшпенділер оқты арнайы ыдыс-қапқа салып алып жүрген. Оны қылшан немесе қорамса деп атаған. Эпикалық дастандарда, «қорамсаға қол салды, қол салғанда мол салды» деген жыр жолдары осыдан қалған.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ