Жанама жақсы – қалыңмал ішіне кіретін, қыз жаққа сый ретінде берілетін қосымша мал, Яғни осындайда атқарылатын кәденің атауы. Бұл – күйеужігіттің әкелген кәделерінің үстіне қызын мәпелеп өсіргені үшін той малы деп әкесіне, сұтақы деп анасына беретін сыйы. Мұны жанама ат, жанама түйе деп те атай береді.
Босағаға ілу – дәстүрлі некелік қатынастың қалыптасу барысында атқарылатын ғұрып – кәде атауы. Той тараған соң бір түннен кейін қалыңдық барар еліне аттанғанда, күйеудің жұрттың соңынан қалып, сәл аялдап, қайын атасының үйінің босағасына бір шапан іліп кететін салтын босағаға ілу деп атайды. Мұнда күйеубаланың «Осы үйдің осы босағасынан қол үзбеймін», «Мен де осы үйдің бір баласымын» деген ишараты бар. Ауқатты адамдар босағаға ілуге үрім-жұрағаты мол болып өссін деген ниетпен бие байлаған. Бұл ғұрып кейбір өңірлерде ілу деп қана аталады.
Есік алды – үйлену ғұрыптары кезінде атқарылатын кәделік жоралғы. Құдалар той үстінде қонаққа арналған киіз үйден жігіт әкесінің киіз үйіне шақырылады, осы құдаларды шақырушыға шапан кигізеді. Құдалар шақырылған үйге кірер алдында аталмыш ойын түріндегі кәде жасалады. Құдаларды кіреберісте аңдаусызда арқанмен аяғынан шалып құлату немесе шұңқыр қазып, бетін жауып қойып сүріндіру сияқты ойынға құрылған кәде жасайды. Байқап қалып кәде беріп құтылғандардан тыс, шалынып құлап жатқан құдалардың бетіне әйелдер ұн жағып, әйел киімін кигізіп қызыққа батысады.
Үкі – қызға құда түскенде оның айттырылған қалыңдық болғандығының белгісі ретінде берілетін кәделердің бірі. Үкі қауырсыны бәле-жаладан болашақ келінге қорған болсын, ешқандай жамандықты жолатпасын деген ниетпен құдалық кәдеге қоса берілген.
Атбайлар – құдаларды қарсы алу жоралғысында берілетін кәде. Құдалардың келе жатқанын білісімен-ақ ауылдан оқшаулау жерге құда күтетін арнайы үй тігеді. Үйдің ішіне үш салар текемет, сырмақ, кілем жайылып, көрпе төселіп, жастық тасталады. Оқшаулау жерге ат байлайтын керме орнатылады. Қарсы алушы топ құдаларды аттарынан түсіріп, аттарын байлайды. Бұл ізеті үшін атбайлар кәдесін береді. Күтушілер келе жатқан құдаларды үйдің алдына шығып қарсы алады. Құдалар бір-бірімен төс қағысып амандасып, есен-саулық сұрасады. Қарсы алып, үйге кіруге шақырған жас әйелдерге әрқанкерер, әуілкөрімдік кәделерін береді.
Құдаша шашар – қалыңмалға байланысты берілетін кәделердің бірі. Құдалық кезінде қалыңмалдың құрамын, уақыты мен бөлігін келіскеннен кейін жігіт әкесі қалыңмалдың үштен бірін немесе толық береді. Дайын болған қалыңмалды көзімен көріп, жарамды-жарамсызын тексеріп, алып кетуге қыз жағынан құдалар келеді. Қалыңмалды алу кезінде құдашалардың бірі (жігіт жағынан) ұнатқан малын таңдап алуға құқылы болған. Оған ешкім қарсылық білдіріп, ренжімеген. Бұл салт құдаша шашар деп аталған.
Құрықбау – қалыңмалды ел жұртына айдап кетер кезде қыз әкесінің Күйеужігіт ауылының жылқышысына беретін кәдесі. Құрықбау кесімі жоқ кәдеге жатады. Әуелде күйеужігіттің әкесі қыз әкесіне алдына салып айдатар қырық жетіні алдын ала жылқышысына алдыртып, матауға қояды. Матаудағы жылқыны, малды жиналған жұрт көріп шығады. Қыз әкесінің арнайы алып келген малтанушысы матаудағы малдың қырық жетіге жарамды-жарамсыздарын, баламаға жүретін-жүрмейтінін, бүкпеге жататынын-жатпайтынын анықтайды. Ал ауылдың жылқышысы жігіт әкесімен келісе отырып, алушы жақ жаратпаған малды басқасымен ауыстырады. Қырық жетінің құрамындағы балама, бүкпе малды ауыстыруға мал жайын жақсы білетіндіктен байдан гөрі оның жылқышысы епті келеді. Қалыңға берілетін малды таңдауға жәрдемдескен Жігіт ауылының жылқышысына қыз әкесі құрықбау кәдесін беріп аттанады. Қолының ашықтығына қарай құрықбауға көбіне тай немесе жабағы береді.
«Ана тілі» ұлттық газеті