Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең меншеүсүй. - деп толғаған Абай әнінің ерекше күшін, ролін өз поезиясында шеберлікпен суреттеп, адамның назік қиял шегіне тиіп, қозғау, түрткі салатын құралдың ән екенін:
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Оның тәтті оралған мәні оятар. - деген өлең жолдары арқылы айқын дәлелдейді. Егер шын мағынасындағы нағыз жақсы әнді зейін қойып, беріле тыңдай білсең, көңілсіз ойдан арылып, тілегенің орнына келгендей әсерге бөленесің.
Жақсы әнді тыңдасаң ой көзімен,
Жабырқаған көңілің көтерілер.
Абайдың музикалық естетикасының мән-маңызы айрықша бағалы. Өзі де үлкен композитор болған Абай музиканың ролы жөнінде өте ойлы пікірлер қалдырғаны мәлім. Жақсы әнді Абай былайша сипаттайды.
Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.
Көбінесе ән басы келер ашшы,
«Кел тыңда» деп өзгеге болар басшы.
Керім толғап, тауысар қаңғыр-күңгір,
Сол жеріне ойыңмен араласшы.
Я, Абайдың музикалық мұрасы өзінің көркемдік болмысы, естетикалық ұнасымымен бүкіл халқымыз үшін мақтаныш болып саналады. Әуендік, формалық, ырғақтық, интонатсиялық өлең өлшемдерінің тыңнан туған жаңашылдығы тұрғысынан Абай әндері өзімен қатарлас өмір сүрген халық ақын-композиторларының музикалық тіліне мүлде ұқсамайды. Абай қазақ поезиясына қаншалық жаңалық қосса, ән жанрына да құрылымы жағынан соншалықты жаңа лепті әуен, саздар әкелді.
Абайдың әні мен өлең мазмұны бір бірімен шебер қиюласып, автор көздеген мақсаттарды дәл кескіндейді. Абайдың ән жасампаздығымен шұғылдануы тектен тек композитор атағын шығару үшін емес, қайта сол кездегі қараңғы қазақ халқына сол кездегі озық ойлы идеяларды таратудың ең бір тамаша әсерлі құралының бірі ән екенін жете таныған. Осындай тапқыр тәсілді қолдана отырып, өлең сөзді ұқпаған халқына енді әнді қосайын деген ойға келген Абай ойлағандарын тез іске асыру үшін, әзіл-сықақ, махаббат пен сағыныш сезімдерін білдіретін ән сөздерін қысқа-қысқа буындармен беруі тегін емес. («Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Бойы бұлғаң», «Қор болды жаным», «Өзгеге көңілім тоярсың» және басқалар) осындай әрі қысқа, әрі нұсқа буындар мен терме сарынында айтылатын ән тыңдаушысына атқан оқтай әсер етіп, поезияның маңызы мен мазмұнын нысанаға жедел жеткізетіні белгілі. Мәселен:
Абай – Сегіз аяқ
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң,
Кімді көрсем мен сонан.
Бетті бастым,
Қатты састым.
Тұра қаштым жалма - жан.
Өз ойында,
Тал бойында,
Бір міні жоқ пендесіп.
Түзде мырзаң,
Үйде сырдаң,
Сөзі қалжың еркесіп.
Бас құрасып,
Мал сұрасып,
Бермегенмен кетісер.
Адам аулап,
Сыпыра саулап,
Байды жаулап жетісер.
Сөз қыдыртқан,
Жұрт құтыртқан,
Атын, арын саудалап.
Бұтты, шатты,
Үй санатты,
Байдан атты алмалап. - («бойы бұлғаң»). Егер Абай сын-сықақ өлеңдерін он бір буынды өлеңдермен келтірсе, оған лайықталған музика сипаты шұбалаңқы, ойға ауыр болып, тыңдаушысын тез елең еткізе алмас еді. Сондықтан да Абай әндерінің басқа да өзімен ұзеңгілес ақын-композиторлардың музикаларына ұқсамайтын ерекшелігі де осы өлең құрылысында.
Абай Құнанбайұлы қазақтың ұлы ақыны болумен қатар, музика сыншысы, әнші, күйші, домбырашы әрі композиторлығымен де көзге түседі. Әсіресе, ерекше ауызға алатын бір жай, халық композиторларының ән-өлеңдерінің құрылымы көбінесе 11 буынды болып, одағай, қаратпа тіркестердің ән қайырмасындағы сөздерде мол ұшырайтындығы. Осы тұрғыдан алғанда, «ахау», «ахау-хай», «хай ли-лау», «дұние-ай», «шіркін-ай», «дей салдым», «қалаулым-ай», «әрияидәй», «елігай» және басқа тіркестер көп кездессе, ал Абай әндерінде мұндай тіркестер мүлде жоқ. Теп-тегіс, жұмыр келіп, басы артық сөздер ұшырамайды. Әрине, Абай, Ақан Сері, Біржан Сал, Үкілі Ыбырай сияқты ел алдында ән салмаған және де дауысы алты қырдың астынан естілетін әнші болмағанымен, қазақтың халық ән-күйлерін терең сезінетін, өзіне ұнаған туындыларды бабына келтіріп айтатын қоңыр үні құлағыңа келеді. Абайа өзі туған халқының ән-жырларын сүйіп тыңдады. Өзі де білетіндерін неғұрлым естетикалық талғаммен айтуға әдеттенген. Ол ылғи төңірегіне әнші-күйші өнерпаз жастарды жинап алып, үнемі оларды тыңдап, керек жеріне ақыл-кеңес беріп отырған. Абай поезияға қандай талап қойса, музикаға да сондай міндет жүктейді. Болмаса өз көңіліне ұнамаған дүниелерге дереу қатаң сын айтқан.
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар, - деп Абай «әу» дегеннің бәрі ән емес екенін ескертеді.
Ұлы ақын ән мен күйдің адам өмірінен алатын орнын, мән маңызын өз поезоиясында шеберлікпен түсіндіреді. Адамның нәзік сезімі мен жан дүниесіне әсер ететін сиқырлы күш ән деп біледі. Композиторлықтың сырын жақсы игерген Абай музиканың әсер, ықпалы жөнінде тереңнен толғағанда озық ән-күйдің адамды жан жақты тәрбиелеп жетілдірудің, табиғаттағы және өмірдегі әсемдікті сезіне, ұғына білуге баулудың қажетті құралы деп таныды.
Көбінесе ән басы келер ащы,
«Кел тыңда!» деп өзгеге болар басшы… сияқты жолдармен Абай қазақ әндерінің кейбір орындалу мәнеріне назар аудара қарайды. Халық әндерінің қайсысын алсаң да «ау» деген биік үннен басталып тыңдаушысының назарын өзіне тартатынын «әншіге құлақ қойыңдар, тыңдаңдар» деген тәрізді болып келетінін де нақтап түсіндіреді.
Біз халық әнші, композиторларының ішінде ән-күйге талғампаздықпен қарап, өз ойларын өлең арқылы бере білетіндердің бастаушысы Абай екенін білеміз. Поезя сияқты ән де еріккеннің ермегі емес, адамның ажырамас досы, қысылғанда ақылшысы, мұңдасы, әлеуметтік күрестің құралы деп түйеді:
Дүние ойдан шығады,
Өзімді - өзім ұмытып.
Көңілім әнді ұғады,
Жүрегім бойды жылытып.
Осы өлең жайында Мұхтар Әуезов былай түйіндейді: «Абай өз халқының әнін өзгеше ыстық көңілмен сүйеді. Көп уайымның улы дертті ойларынан қазақ әні мұны айықтырып, сергіткендей болады. Кейде шабытсыз, қанатсыз, толықсыған жүрек сезіміне де ән қуат беріп, қайта оңалтқандай болады».
Сұлу әнге сөлді сөз керек екенін, сонда ғана туындының қадыры артып, халықтың әнге деген талап тілегінің қанаттанатынын ойшыл ақын былайша бйнелейді:
«Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,
Оған кімнің ұнасар таласуы». Міне осылайша ән текстінің сапасы туралы да Абай алғашқылардың бірі боп ескерткен екен.
Даланың да, қаланың да музика мәдениетін өз бойына барынша сіңірген ол өз өлеңдерін де «жүз ойланып, мың толғанып» лайықтап ән шығарған. Сондай шабытты шақтарында өзіне жан серік болған қара домбырасының сиқырлы үніне риза болғандықтан толғана жырлайды.
Домбыраға қол соқпаса,
Шымырлатып бір-бірлеп.
Осылайша қазақтың кең сахарасында өзіндік өрнегімен ел құрметіне бөленген Абай Құнанбайұлы өзі шығарған жаңа әндерінің күнде естіліп жүрген үйреншікті «бойдай талайлардан» өзгеше екенін сезініп, оны тыңдауға да, айтуға да әркімнің шамасы келе бермейтінін:
Адам аз мұны біліп ән саларлық,
Тыңдаушы да аз ол әннен бәһре аларлық.- деп өз тыңдаушысына ескерту берген…
Қорытып айтқанда, Абай өзінің шығармалары арқылы қазақтың дәстүрлі ән табиғатына бұрын соңды болмаған музикалық түр тұлғалар мен бағыт бағдар енгізген жаңашыл халық композиторы ғана емес, музика сыншысы ретінде де өз талғамын, көзқарасын ортаға қойған алғашқы адам. Сол үшін де әншілік, композиторлық дарынымен Абайды таң қалдырған әйгілі Біржән сал да данышпан ақынның ән-өлеңдерін тыңдап, үлкен сабақ алады әрі ауылына оралғаннан кейін, Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың» өлеңіне ән шығарады. Ал жаңа тұрғыдағы Абайша композиторлық бастаманы Шәкәрім жалғастырады. Бұған оның «бұдан бұрынғы әннен өзгерек» деген туындысы айқын дәлел бола алады.
Сайып келгенде, Абайдың ән туралы талғамы қазақтың музика зерттермендеріне, композиторларға, әншілерге қай қашанда сара жол нұсқаған тамаша тағылым екені баршаға аян ақиқат.
Жеңісхан Нүсіпұлы
6alash ұсынады