Қаршыға
苍鹰 cang ying
Accipiter gentilis
Қаршыға арктика мен антрактикадан басқа жерлердің бәрінде кездеседі. Көбінесе орман, қалың бұта, ағаш өскен тау бөктерін мекендейді. Дене тұрқы 28-114см, салмағы 800-1500 киллограм. Тұмсық, тұяқтары қара, саусақтары салалы. Қоразы мен мекиенінің түсі ұқсас. Ұясын ағашқа, жартас, шыңға, жерге салады.
Жылына 3-4 жұмыртқа басады. Қаршығаның ұя салып, өніп өскен жеріне қарай оны түр-түсі де алуан түрлі. Қазақ аңшыларының бүркіттен кейін аңға ең көп салып, қолға ұстайтын құсы қаршыға болған. Оны бүркіт сияқты баптап, баулиды. Жақсы бап көрген қаршыға қаз, үйрек, дуадақ, ұлар, аққу, қырғауыл, саңырау құр сияқты құстарға түседі. Сондай-ақ, қоян, ақ тиін, алақоржындарды да іледі. Аңға салатын құс болғандықтан қаршыға көп ауланған. Сондықтан олардың саны жылдан жылға азайып келеді.
Қаршыға-өте батыл, жыртқыш қыран. Қаз-үйрек, ұлар, дуадақ, қырғауыл, құр, саңырау құрдан бастап, торғай тұқымдастарға дейін ала береді. Жүгірген аңнан ақ қоян, көкше қоян, тиін, тышқан тұқымдастарға дейін ұстайды. Сиректеу болса да, түлкі, қарсақ алатындары да бар.
Қаршыға өте кезеген, шабыттап ұшқыш, әр шабытта шалқар көш жерді аралап, кейде жүздеген шақырым жерлерді айналып қайта береді. Қаршығаның ең күшті қаруы өте шебер ұшатындығы, епті, айлалы, оралымды болуы. Қаршығаның дене тұрқы әр түрлі. Ең кішісінің тұрқы-бір қарыс сынық сүйем, ең зоры-төрт сүйем. Кейде одан да үлкені кездеседі.
Қанат шалғылары қысқалау, ал ұшқанда доғалдау болып көрінеді. Құйрығы ұзын, қанаты мен құйрығы оның ұшу мәнеріне үлкен өзгешелік туғызған. Ол сағатына 80-90 шақырым қашықтыққа ұша алады. Орман-тоғай арасында, тар жерде, тар аяда, тас шақпақтардың арасында өте епті ұйтқып ұша алады. Аспанда самғап ұшудан гөрі жер бауырлап, бұқпантайлап ұшу мәнері басым. Өз ауына (жеміне) иек артпадан шап беретін қаршыға мінезіне орай қазақ құсбегылері – «Қаршыға-құстың ұрысы» деп те атайды.
Көздері сары шегір. Ал кейбірінің көздері қызғылт шегір. Тұмсық, тұяқ мүйіздері қара, танауының тесігі жапсарлау. Саусақтары салалы, Сирақ саны ұзын, аңғары биік. Қаршыға ұясын ылғи да ағашқа салады. Екіден үшке дейін жұмыртқа тауып, бір ай мөлшерінде балапанын басып шығарады. Бір жарым ай шамасында балапандар ұядан ұшады.
Қазақ құсбегылері қаршығаны көп жағдайда тор, тұзақ және басқа әдістермен түзден ұстауды салт еткен. Қаршыға және қаршыға тұқымдастар құсқа, аңға түскенде екі аяғын қару етіп, оны салған жерінен жіберместен, ұстағанының жаны шыққанша, ауыз салмайды. Ал аң-құсты басып отырғанда, одан айыру-қаршыға бабындағы ең үлкен сәт. Мұндайда шошытып, сескендіріп, қорқытып алмау жағына өте мұқият болу керек. Бұл қыран тым шытырлақ, ашушаң, наз мінезді құс. Шошынып, көңілі қалса, өрекпіп, шалқақтап, сырғақтап, ашуы басылмай әуре етеді.