ДЖОМОЛУНГМА ШЫҢЫНЫҢ АҢЫЗЫ

Джомолунгма (Эверест, Everest) – жер бетіндегі ең биік шың. Қытай мен Непал шекарасына орналасқан бұл шыңның биіктігі – 8844,43 метр. Жылдық темперетурасы 34 градус шамасында болса, үнемі 7-8 балл, кейде 12 балға дейін боран соғады. Оның төңірегінде теңіз деңгейінен биіктігі 7000 метрден асатын 40 шың бар.

Джомолунгма атауы қалай шыққан?

Джомолунгма шыңы тибет тілінде «Gomolangma», непал тілінде «Сагарматқа» деп аталады. Мұндағы «qomo» сөзі «әйел перизат» деген мағына берсе, «langma» – ана тұлғасы деген сөз. Екі сөзді қоссақ, «Ұлы жердің анасы» деген атауды білдіреді. «Сагарматқа» көктегі перизат деген ұғымды меңзейді. Ал «Everest» атауы болса Джомолунгма шыңының биіктігін өлшеу мекемесінің бастығы Георги Еуресттің (George Everest) атымен байланысты шыққан. Гималай тауының сілеміндегі бұл тауды қазақтар «Бұланай шыңы» деп атаған деген сөз бар. «Бұланнан үлкен аң болмас, Бұланайдан биік тау болмас» деген тұрақты сөз тіркесі осы Джомолунгмаға байланысты айтылса керек. Ендеше біз «Бұланай» деп бұрынғы атын атамасақ та, орыс тілінің ықпалында кетіп «Джомолунгма» деп атамай-ақ, «Жомалаңма шыңы» деп қазақ тілінің икеміне қарай айтқанымыз орынды сияқты.

Жомалаңмаға алғаш рет кім шықты?

Жер бетінің айдары атанған Жомалаңма шыңына шығуға құлшынғандар да аз емес. Атап айтқанда, өткен ғасырдың басынан бастап бұл шыңға шығуға құлшынған шыңшылдардың арманы 1953 жылы әзер іске асты. Осы жылдың 29 мамырында Эдмунд Хиллари мен непалдық Тензң Норгай шыңның төбесіне шығып, адамзаттың жер бетіндегі ең биік шыңды бағындыруының алтын парағын ашты. Алайда ғылым-техника қаншалық дамып, адамзаттың жаратылыстық заңдылықтарды түсіну танымы тереңдегенімен, шыңға шығудағы мехнаттар мен қатерлер әлі азайған жоқ. Оттегі шалаң, үнемі боран соғып, қар көшкіні түсетін Жомалаңма шыңына шығу үшін альпинистерге басын бәйгеге тігуге тура келеді.

Қатысты деректерге қарағанда, аталған шыңға шығушылардың көбі үсіп өледі немесе жүрек қызметінің әлсіреуінен жан үзеді екен. Мәселен, 1923 жылдан 1999 жылға дейін 1169 адам шыңға өрмелеп, оның 170-і мерт болса, 2000 жылдан 2016 жылға дейін шыңға шығуға әрекет жасаған 5832 адамның 112-сі жанынан айырылған. Ауаның шалаңдығынан, ми қызметі әлсіреп, рухани жақта қалыпсыздық туылатын, өзін-өзі мет қылатын жағдай да кездеседі. Тіпті көзіне қайдағы нәрселер елестеп, есі ауысатындар да болады. Міне, осындай жағдайлардан шыңға шығам деген әр 29 адамның біреуі өледі екен.

Шетелдік альпинистердің есептеуінше, Жомалаңма шыңына шығуға 60 мың АҚШ доллары қажет. Бірақ бұл ақша мен жоғарыда айтылған қатерлерге бола шыңға шығуға талпынғандардың қатары азайған жоқ. Керісінше, көбейіп, шың маңының экологиясына да ауыр нұқсан жеткізіп жатқан көрінеді.

Шыңшыл ұлт – шарпалар

Жомалаңма туралы айтқанда шарпалар туралы айтпай өту мүмкін емес. Себебі непалдық шарпалар дүниеге «Жомалаңма шыңына шығушылардың демеушісі» деген атпен танымал. Олар теңіз деңгейінен 5000 метр биік өңірде жасайды, шыңға шығуға аса шебер. 1953 жылы 29 мамырда Эдмунд Хиллари шыңға шыққанда оның көмекшісі болған Тензң Норгай шарпа ұлтынан еді. Содан бастап шыңға шығушылардың көбі көмекшілікке, жол бастауға, жүк көтеруге шарпаларды алатын болған. Шарпалар оттегі торсығын пайдаланбастан Жомалаңма шыңының төбесіне шыға алатын болса да, дүние халқы оларды шыңшыл ретінде емес, шыңшылдарға жүк көтеруші ретінде таниды. Бір қызығы, олар Жомалаңма шыңын киелі деп біліп, оған тәу етеді. Егер күн көріс үшін болмағанда олар бұл шыңға шықпас та еді. Адамзаттан ең алғаш болып шыңға шыққан Тензң Норгайдың өзі шыңға шыққанына өмір бойы өкініп өткен. Шарпларда рулық жүйе әлі сақталған. Бір рудағы қыз-жігіттер үйленбейді, қалыңмал беру, қыз алып қашу дәстүрі бұларда да бар. Екі ағайынды бірлесіп, бір әйел алатын салты да сақталған.

Жомалаңмаға шыққан әйгілі альпинистер

1978 жылы ұлыбританиялық альпинист Лай Хорд Миснар шыңға тұңғыш рет оттегі торсығын пайдаланбай шықса, 2 жылдан кейін ол шыңның теріскей бетімен шығып, «шыңға жалғыз шыққан адам» атанды. 1988 жылы Жапония, Қытай, Непал шыңшылдары шыңның оңтүстік және солтүстік қапталынан шығып, «Жомалаңмаға солтүстік қапталынан шығу мүмкін емес» деген танымды өзгертті. Сол жолы қытайлық шыңшыл Дожи шың басында оттегінсіз 99 минут аялдап, Жомалаңманың ұшар басында ең ұзақ тұрған шыңшыл атанды. 2012 жылы непалдық Кәмешерия 9 күн ішінде шыңға 3 рет шығып, рекорт орнатты. 2014 жылы үндістандық 13 жастағы қыз Фурна Жомалаңмаға шыққан ең жас әйел заты атанды. Непалдық Апа Шерпа 1990 жылдан 2011 жылға дейін Жомалаңмаға 21 рет шығып, аталған шыңға ең көп шыққан адам атанса, 2013 жылы 80 жастағаы жапондық қария Юитиро Миура Жомалаңмаға шыққан ең қарт адам ретінде тарихта қалды.

Жомалаңмаға екі рет шыққан қазақ

Айға аяғы жеткен қазақтың жігіттері Жомалаңмаға да шықты. Қазақтың аяқ ізін дүниенің жотасына қалдырып, көк туымызды желбіреткен, әнұранымызды дүниенің жотасында асқақтатқан Мақсұт Жұмаевтың есімі Жомалаңмаға шыққандардың арасында айрықша аталады.

1977 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген Мақсұт Сағынтайұлы Жұмаев – әлемдегі барлық «сегіз мыңдық» шыңдарды оттегі құралынсыз бағындырған тұңғыш қазақ. Мұндай үлкен қатерге бас тіккен әлемдегі 12 альпинистің бірі.

Қайсар жүректі азамат Қазақстан мен Қырғызстандағы барлық тауларды бағындырған. Әлемдегі биіктігі 8000 метрден асатын 14 шыңның бәріне оның табаны тиді. Олардың бәріне қосымша оттегі қолданбай, жол бастаушы (гидтер) мен тасымалдаушылардың көмегінсіз шыққан.

2007 жылы Азияның ең жоғарғы нүктесінде әуелетіп әнұран шырқаған отандасымыз Нұр-Сұлтан қаласының 20 жылдығына орай Жомалаңмаға екінші рет шығып, шыңның оңтүстік және солтүстік қапталынан да шыққан санаулы альпинистердің қатарына кірді.

Мақсұт Жұмаев – ҚР альпинистер құрамасының капитаны, ҚР альпинизм спортына еңбегі сіңген спорт шебері. 20 жылға жуық альпинизммен айналысқан отандасымыз бүгінде әскери салада қызмет етеді.

Протезбен шыңға шыққан қарт

Қытай альпинисі Шиа Бою Жомалаңмаға шыққан мүгедек азамат ретінде танымал. 1949 жылы туған Шиа Бою 1975 жылы Жомалаңмаға шыға алмай, орта жолдан қайтқан серігіне жәрдемдесем деп жүріп, үсініп екі аяғынан айырылған. Бірақ ол екі аяғы тізесінен кесілген мүгедек болса да, шыңға шығу арманын аяқсыз қалдырған жоқ. Аяғына ота жасатып, ұзақ уақыт емделген ол 2014 жылы Жомалаңмаға шығу үшін Непалға келеді. Алайда 65 жасқа келген, мүгедек қарттың талабынан Непал үкіметі бас тартыпты. 2015 жылы қайта өтініш жасаған оған Непал үкіметі рұқсат бергенімен, дәл сол кезде Непалда 8,1 балл жер сілкініп, шыңға шығушылар қар көшкінінің астында қалып, 22 адам қаза табады. Шиа Бою ажал аузынан аман қалады.

2016 жылы шыңға қайта өрмелеген альпинист шыңның ұшар басына небәрі 94 метр қалғанда сұрапыл қарлы боран соғып, шарасыздықтан кері қайтады. Бұл оның төртінші сәтсіз сапары еді. Осыдан кейін дәрігерлер оған тауға шығуға болмайтынын неше рет ескертсе де, алған бетінен қайтпай, 2017 жылдың соңында шыңға шығуға тағы тізімделеді. Бірақ 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Непал үкіметі мүгедектердің, кемтарлардың шыңға шығуына тыйым салған-ды. Еш амалы қалмаған Шиа Бою Непал жоғары сотына арыз береді. Сот оның арызын орынды деп қарап, оның шыңға шығуына ең соңғы рет рұқсат береді. Сәті болғанда, 69 жасқа келген Шиа Боюдың арманы орындалып, 2018 жылы 14 мамырда Жомалаңмаға шығып, «Протезбен Жомалаңмаға шыққан адам» атанды.

Жомалаңманың аумағы бүлініп барды

Адамзат дүниедегі ең биік шыңды бағындырғанымен, керісінше, оның араның экологиялық ортасына да ойран салынып жатыр. Атап айтқанда, шыңға шығушылардың қалдырған қоқысы қазір шың маңының басты былғанышына айналған.

2003 жылы шыңға шыққандар қайтар жолында 2 тонна қоқыс жинағанын мәлімдеді. Оның үстіне, шыңға шығар жолдағы әрбір қоналқы орында 400 тоннадан астам қоқыс үйіліп жатқан көрінеді. Мамандардың айтуынша, егер Жомалаңма шыңының экологиялық ортасы бүлінетін болса, оны оңалтуға ондаған жылдар кетеді екен.

Алғаш рет шыңға шыққан Эдмунд Хиллари шыңға шығып-түскен соң, шыңға шығар жолдағы қоқысты көріп қатты ашынғанын айтыпты. Содан бері ол шыңға беталды шықпауға, ол араның экологиялық ортасын қорғауға үндеу жасаумен келеді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

6alash ұсынады