Жылқы жайлы жазып жүргендіктен, ұнамды дүние көзге шалынса, оны көңілге түйіп көпшіліктің алқауына ұсынатын әдетіміз бар. Жуықта ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерінің ауызынан жазып алған Федоссевич дегеннің естелігін оқыдым. Онда қазақ жылқысы жайлы жақсы мәлімет айтылыпты.
Соғыс басталған 1941 жылдан бастап, майданға мыңдаған жылқы мобилизацияланды. Табиғи болмасынан айырылмай, қатаң һәм ауыспалы ауа райына көндігіп, үйір эволюциясын қатаң сақтау арқылы түп түйсігі мен ақылы аман сақталған дала жылқысы қан майданда осы қасиеттерімен жауынгерлерді қайран қалдырған екен.
- Жан баласы төзбейтін қақаған қыс болатын, командир «майданға келген жылқылардан мініске ат алыңдар» деп бұйырды. Барып көрсек, бұл жылқылар бойы аласа дала жабылары екен, - деп әңгімесін бастаған қарт майдангер арықарай: тұрқы қысқа аттарға солдаттардың көңіліне толмады. Мен қалың жылқының ішінен қарабойлы қарагер атты таңдап мініп алдым. Рота солдаттары мені «Есек мінген Дон Кихот» деп әжуалайтынды шығарды.
Біздің ротаның міндеті барлаушылық болғандықтан ит тұмсығы өтпейтін ну орман мен адам баласы аяқ баспаған ми батпақты жерлермен көп жүретін едік. Бір жолы неміс әскерінің тосқауылына тап болдық. Қайран қарагерім мені қарша бораған оқтың астынан аман алып шықты. Жарықтық қос құлағын жымитып, бұта-бүргенді жастанып, ұра-жыраны паналап, қарағай-қайыңды саялап жер бауырлап шапқанын көрсеңіз ғой. Құйындай құйғытқанда ердің үстінде зорға отырдым.
Барлауға шыққан да қарагерді бірге алып жүреміз. Ол құй батпақты иіскеп көреді де, адам батып кетпейтін таяз өзекті қуалып жүріп отырады, біздің міндет одан қалмай ілесіп отыру. Басқа жігіттер таңдап мінген биік аттар құй батпақта болдырып, ақыл-есінен адасып, жүрісінен жаңылып шаршағанда серейіп-серейіп жатып қалатын. Қол тоқпақтай қарагерді солдаттар «моңғол» деп атайтын болды. Оның атағы күллі дивизияға жайылды.
Кезекті бір шайқаста майдандас досымның атына оқ тиіп, өзі жараланып оқ пен оттың ортасында қалып қойды. Мені оны құтқару үшін кері бұрылып шаптым. Терең қазылған окаптардан ырғай шапқан қарагер жаралы солдатқа жеткенде оның дәл қасына жартылай жамбастап жата қалды. Қолым солдаттың жағасына ілікті. Оны солқ еткізіп өңгеріп алдым да қарагер екеуіміз келген ізбен қайта шаптық. Бертінде бір кітаптан «дала жылқылары иесі қасқыр қуғанда бөріні соқтыру үшін жантайып жағдай жасайды» дегенді оқыдым да, қарагердің далалық түйсігін түсінгендей болдым.
Соғыс аяқталғанға дейін қарагердің арқасында барлаушылардың қасқа маңдайында жүретін болдым. Күнделікті нормаға берілетін тәтті мен нанды атыма жегізіп, арағын өзім ішіп... екеуміз қатарласып ұйықтаймыз. Оның иіс сезуі иттен де артық еді. Қалтама тәтті мен нан тығып қасына таяғанымда дереу иіскеп біле қояатын.
Уақыт өте келе менің «Есек мінген Дон Кихот» атым өшіп, басқалар «Сиқырлы ат мінген Илья Муромец» дейтін болды. Солдаттар қақаған қыста мініс аттарына шөп іздеп қиналса, менің қарагерім қасат қарды тұяғымен тарпиды да астындағы шөпті үңгіп жеп алады.
Сөйтіп, қарагер менің ең жақын майдандас серігіме айналды. Талай рет өлімнен құтқарды. Соғыс аяқталған соң оны Мәскеу маңындағы жылқы шаруашылығына өткіздім. Сондағы менің еңірегенімді көрсеңіз ғой, жарықтық қарагерде жылап тұрды. Естелік болсын деген ниетпен жалынан бес тал қыл жұлып алдым да, кете бердім...
Өз басым үздіксіз ізденудің нәтижесінде қарагердің қайдан шыққаны, қай өлкенің құлыны екені жайлы мөлшер-сұлбасын анықтадым. Реті келгенде оны да айта жатармыз.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
"Егемен Қазақстан" газетініен алынды
6alash ұсынады