Қажымұқан көтерген тас
Ғасырға жуық уақыт бұрын қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов Баянауылдағы досы Сүбек ұстаның үйінің іргесіне таудан алып тасты көтеріп әкеліп орнатыпты. Алып тасты алып келерде таразыға салып өлшемеген, әрине. Кейін ғой тастың салмағы 480 келі екені мәлім болғаны.
Сүбек ұста Баянауылға танымал болған деседі. Деректерге қарағанда, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Қажымұқан бабамыз Павлодар уезі Ақкелін, Далба болыстарын аралап өнер көрсеткен. Бөрененің басына зіңгіттей жігіттерді отырғызып, одан қалса әлі құрық тимеген асаудың төрт аяғын біріктіріп тырп еткізбей иығына салып көтереді екен. Ал ұста ардақты балуан ойын көрсеткенде қолданатын темір құралдарын дайындап отырған. Қажымұқан халық алдына шығып, кеудесіне көлденең салған тасты Сүбекке ұрғызып сындыртқан. Осы оқиғаны көрген Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Қажымұқан» атты поэмасы бар.
Балуанның қара күшіне тәнті болған ауыл адамдары алдына отыз жылқы салып береді. Баянауылдағы Сүбек ұстаның үйіне түскен Қажымұқан жол жүрерінде досына олжасынан қалағанынша үлес алуын өтінеді. Ұста досының ниетіне ризалығын білдіріп: «Қажеке, мал соқса – желдікі, айдаса –жаудікі. Қазақтан сіздей ұл бұдан кейін туар, тумас. Анау таудан көтеріп бір үлкен тас әкеліп, осында орнатып кетіңіз, қайратыңыздың куәсі болсын, достығымыздың мұраты болсын», – дейді. Досының тілегін қабыл алған балуан таудан үлкен тасты көтеріп әкеліп, үйінің іргесіне қойып беріпті. Сол тас жуырда Баянауылдан Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы Темірланға әкелінді. Қ.Мұңайтпасов атындағы музейге тапсырылды.
Осы бір игі істі ұйымдастырып, жүзеге асырған – Қуанышбек Қасымбек Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің жауапты қызметкері. Темірланға көрші Төрткүл ауылының тумасы. Сәуірде ауылына ол баянауылдық досын ерте келген екен. Ауыл-аймақты аралатқан. Дастарқан басындағы бір әңгімеде ауылдас қариялар досынан Баянауылдағы Қажымұқан көтерген алып тас жайлы сұрапты. Қуанышбек Темірландағы музей қызметкерлеріне жолығып, алып тастың тарихына қаныққан. Музей қызметкерлері Павлодарға 2-3 рет хат жазып тасты алдыра алмағанын, ал көшірмесін жасатуға көп қаражат қажет болғанын айтыпты. «Көп ұзамай павлодарлық шежіреші Рамазан Нұрғалиевпен әңгімелесіп, тастың көшірмесін жасатамыз деп шештік.
Алайда тастың көшірмесін жасаушы ұста тастың икемге келмей, қайта-қайта сына беретінін айтты. Сондықтан тастың түпнұсқасы тұрған Қабдірашид Мәжитов деген ақсақалдың шаңырағына бас сұғып, мән-жайды түсіндірдік. Ақсақал тасты Темірланға әкетуімізге рұқсатын берді. Қабдірашид қарияның айтуынша, бұл алып тас оған бала кезінен таныс. Сүбек ұстаның екі қызы тұрмысқа шығып, жәдігер қараусыз қалғаннан кейін Қабдірашид қария оны ауласына әкеліп қойыпты, – дейді Қуанышбек Әбдіғаппарұлы.
Осылайша өз заманында жауырыны жерге тимеген Қажымұқан бабамыз көтерген алып тас Темірландағы музейге салтанатты түрде тапсырылды. Сонымен қатар Баянауылда күш атасының өнерін өз көзімен көріп, мәңгілік өлмейтін жыр жазған МәшҺүр Жүсіп Көпейұлының еңбектері де музейге табыс етілді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ
«Егемен Қазақстан» газеті