Мұрат Шаймаран 1969 жылы ҚХР Үрімжі қаласында дүниеге келген. 1988 жылдан 1993 жылға дейін ҚХР, ШУАР Іле педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқыған. 1993 жылы ҚХР, ШУАР «Күйтін газетінде» бас редактор болып қызмет атқарған. 1996 жылдан 1998-ші жылға дейін ҚХР, Нәнжин қаласында Қытай Халық университетінің журналистика институтында (сырттай) магистрант бөлімінде оқыған. 2000 жылы ҚХР, ШУАР журналистер одағы тарапынан «Үздік әдеби редактор» мәртебесіне ие болған. 2004 жылы Атамекені - Қазақстанға бір жола қоныс аударған. Шаймаран Мұрат 2006 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика факультеті халықаралық журналистика кафдрасында оқытушы, 2008 жылдан 2010 жылға дейін факультет деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 2010 жылы Қазақстан республикасының тәуелсіздік мерекесіне орай Қаз ҰУ ректоры Ғ.М. Мұтановтың қолынан мақтау қағазын алды. Шаймаран Мұрат республикаға танымал ақын. «Түнгі сарын», «Еркін аспан өлеңі» атты жыр кітаптарының авторы. Оның журналистика саласындағы тәжірибесі мол. Студенттермен тез тіл табысып, оларға мамандығы бойынша дұрыс бағыт-бағдар бере алады. Университет және факультетте өтетін барлық іс-шараларға белсене қатысады.
Кім еді мені оятқан...
Ақын болмасқа шарам не
Кім еді мені оятқан,
Сенбісің, жырдың Бұлбұлы?!
Жасыны ойнап, жай атқан
Құрысын ақын тірлігі.
Адасып бақыт құсынан,
Алаң да, алаң жол қарап.
Қаламсабымның ұшынан
Жүректің қаны сорғалап...
Жаралы болған бір жанмын,
Жадаулы жердің бетінде.
Қасқая қарап тұрғанмын,
Қайғының қара өтінде.
Ақжелең–күнге болысып,
Ант еткем ардың атына.
Әлемнің уын мен ішіп,
Алдымен күйем отына.
Айтуға дәтін өлеңге,
Амал не, Тәңір жаратса.
Ақын болмасқа шарам не,
Ақиқат өліп баратса...
Ей, Құс жолы
Жасады екен ғаламның қайсы зергері?!
Елітіп біттің сен мені!
Созсам бір қолым жетер ме Ей,
Құс жолы – аспанның күміс белбеуі.
Ақылға емес
Алқынған жырға бағынар,
Ақын едім ғой сағынар һам шағынар.
Ей, Құс жолы – аспанның күміс белбеуі,
Хорқызы ғана тағынар.
Самалға саумал сүйгізген ақық маңдайын,
Сандуғаш келіп мекендеп жатқан таңдайын,
Мен сүйген қыздар бұлқынған бұлақ бойында
Солқылдап өскен талдайын...
Көгілдір көктен тұрғанда жауып мың жақұт,
Жарыма қалғам тіл қатып:
«Мен соны саған жұлып-ақ алып берем,- деп
- Ай менен Күнді шулатып...»
Арман дегенің асау құлындай қашаған,
Ұнамай қалды несі оған –
Жұлығы шыққан бәтінкеме қарап тұрды да:
«Есалаң, - деді – есалаң!»
Ей, Құс жолы – аспанның күміс белбеуі.
Түн
Күнді сүйдім,
Сүйдім мен таң алауын,
Жайдым соған жанымның бар алабын.
...күн батады-ау көзұшы көкжиекте
бұлғап,бұлғап қан қызыл орамалын.
Сыңсыта бір басады әніне Кеш,
Тереземді қағады тағы да елес.
Түпсіз көктен мың жұлдыз оянады,
Оянады...
Дертіме дәру емес.
Қайғы қолы қайнатқан уды ішуді,
кім бұйырды, Кесесін кімге ұсынды?!
Қоңыр үзік іңірдің іргесінен
Келе жатыр ақық көз түн мысығы.
Тыныштығын алғандай түн ұрлатып,
Түрегелді көп күдік қырын жатып.
Түн мысығы жарамды тырнайды енді,
Балапанын жанымның шырылдатып.
Неге бұлай? Не үшін? (сұрақ бұлар}
Әй, шамасы, өлтіріп бірақ тынар...
Қара жаулық жамылған жалғыздығым,
Босағама сүйеніп жылап тұрар.
Қанатым - түн.
Мен қайда барам ұшып?!
Ойсыз тобыр жүр тойлап шарап ішіп.
Жалғыздығым мойнында - ғалам мұңы,
Ал ғаламның қойнында - қара мысық...
6alash ұсыды