Мені қойшы, ашымай ма өзегің...

Сонша сүйген туған жерден түбі мен

Сен де бір күн кетеріңді біліп ем...

Қоштаспаған тырналардың қиқуы,

Жүрегімді тырнап шықты түнімен.

     

Баһадүрім, мая мініп маң басқан,

Салқын кешке көз қырыңды салмастан.

Қара жер де көтермейтін қайғыңды,

Қара нарға қалай арттың, алдаспан?!

    

Шым батырып шырмауына керегім,

Мені қойшы, ашымай ма өзегің?!

Бір сен емес симай жүрген өзіне,

Бір мен емес қимай жүрген өзенін.

    

Аппақ дүние!

Сенің атың былайғы ер,

Тез біткеннің тергеуіне шыдай көр!

Ер жігітке қайда да өлім бұйырған,

Бірақ қайда туғандығын сұрайды ел.

     

Еске түсіп сол баяғы, сол аңыз

Әлі сонда бар ма екен,-деп дала, қыз...

Түбінде бір іздейсің ғой, тек ол кез

Басқа-басқа сөйлесетін боламыз!

 

Нұршат ӘЗІНБЕК