Арғы бетте тұратын қандас қаламгер Мақпал Мәуліханқызының үш кітабы жарық көрді. Кітаптар "Әйелдің айтар сыры көп" (шалқыма), "Санадағы сурет" (әңгіме, повест) және "Жазғым келмеген өлеңдерім" (өлеңдер жинағы) деп аталады.
Шалқыма – тарихи көршіміз Қытай елінің әдебиетіндегі жанрлардың бірі. Атап айтқанда, Қытай әдебиетінде проза, поэзия және драмадан сырт, сануін атты жанр бар. Сануін жанрын ҚХР-да тұратын қазақ әдебиетшілері шалқыма деп аударған. Шалқыма жанры бойынша жазылған шығармаларда ой мен сезімді еркін көсілте жазу көзделеді. Қарапайым сөзбен айтқанда, шалқыма – өлең мен қара сөздің ортасындағы көңіл-күй мен образды ойды төгілте жазатын жанр. Қытай халқында шалқыма жазушылар өте көп. Қытайдағы қандастарымыздың әдебиетінде осы жанрда қалам тербейтін азды-көпті ағабуын жазушылар бар.
Мақпал Мәуліханқызы аталған жанрда және поэзия мен прозада қалам тербеп жүрген қаламгер. Қазақ елінде тұңғыш рет қатар шыққан үш кітабын оқырман қауымға ұсынып отыр. Жаңа леппен, өзгеше жанрмен жазылған бұл кітаптарды оқырман жылы қабылдары даусыз.
Кітаптардың барлығы жалпы көпшілік оқырманға арналған.