АХМЕТ ҮЙІНДЕ «АБАЙ – ҚАЗАҚТЫҢ БАС АҚЫНЫ» АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ
10 тамыз күні Алматы қаласы музейлер бірлестігі Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде Абай Құнанбайұлының дүниеге келген күніне орай, «Қазақтың бас ақыны – Абай» атты танымдық дәріс өтті. Шараға зиялы қауым, өнерпаздар және Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты музейлерден келген қызметкерлер қатысты. Шара басталғанға дейін келушілерге музей-үй жәдігерлері таныстырылды. Таныстыруды Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің экскурсоводы Манатжан Аширов жүргізді.
Сағат 11:00-де «Қазақтың бас ақыны – Абай» атты танымдық дәріс басталды. Ұлттың ұлы ұстазының үйінде Ұлы тұлғаның туған күніне орай өткелі жатқан шараның шымылдығын Алматы қаласы музейлер бірлестігінің өкілі Тарыбаев Қайрат Сағынғалиұлы ашып берді.
Шараны музей-үйінің бөлім меңгерушісі, ақын Әділет Ахметұлы жүргізді. Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған орта мектеп-интернатының түлегі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2-курс докторанты, өнерпаз Абзал Жаңабай Шәкәрімнің «Бұл ән басқа әннен өзгерек» атты әнін орындап мерейлі сәттің салтанатын асырды. Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, ахметтанушы ғалым Райхан Сахыбекқызы «Абай және Ахмет арасындағы үндестік» атты танымдық дәріс оқыды. Дәрісте Р.Сахыбекқызы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары шығарған «Қазақ» газеті көтерген жүктің маңызы мен ұлт тағдырының ісіне келгенде арыстардың жұдырықтай жұмыла білгенін, «Қазақтың бас ақыны – Абай» атты тұрақты тіркеске айналған ұлы сөзге Абай даналығы мен парасатын тең сыйдырған Ахметтің сұңғылалығын тілге тиек етті.
Белгілі күйші, Алтай, Іле, Тарбағатай күйшілік мектебінің өкілі, Қазақстан күйшілер одағының мүшесі Сарқытбай Қалиұлы күйшілік мектептің бірнешеуін қамтып күйлер орындап берді. Профессор, музей-үйдің ғылыми қызметкері Светлана Смағұлова хакім Абайдың қайраткерлік қырын таныстырып өтті. Сөз тізгінін ұстаған Ә. Ахметұлы өзінің хакім Абай рухына арнап жазған «Жалғыз» атты өлеңін оқып берді. Ұлт ұстазы тағылым мектебін көруге келген Жетісай қаласы Б.Момышұлы атындағы мектептің оқушылары, ағайынды Ахылбек Ислам мен Ахылбек Назым Абай өлеңдерін жатқа оқып, көпшілікті сүйіндірді.
Ісшараның аса құнды жәдігері – Абайдың домбырасын Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар музейі көпшілік көзайымына айналдырып, бұл домбыраның тарихын аталған музейдің ғылыми қызметкері Раушан Айболқызы таныстырды. Ал, Ахмет домбырасының табылу тарихын Райхан Имаханбет түсіндіріп өтті.
Жиын соңында өнерпаздарға Алматы қаласы музейлер бірлестігі дайындаған алғыс хат және кітаптар ұсынылды.
Нұрлан Октябров
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің қызметкері