Мағаз Разданұлы (1924-1998) Қытай Шыңжаң өлкесі Алтай аймағы Буыршын ауданы Дулайты ауылында туған.
Шығармалары: "Алтайдың ақиықтары", "Сары бел", "Уақытқа жауап", "Ата заман сөйлейді", "Ертең", "Асулар толғауы" қатарлы кітаптар.
Ертең
«Ертең» керек пендеге, «Ертең» керек,
Бермегенін бүгіннің «Ертең» беред.
Кеше сәби,
Бүгін сәл естиярлау,
Ұлы ақылдан «Ертеңде» жатыр дерек.
«Ертең» деген жалғасы бұл ғұмырдың,
Ертең үшін бір тұрып, бір жығлдым.
Мүрделерден осы «Ертең» бізге қалған-
Қажеті үшін ертеңгі бір дүбірдің.
Қалар «Ертең» ұрпаққа тағы бізден,
Тірі бар ма «Ертеңнен» күдер үзген?!
Салсын ұрпақ бір сарай ертең өзі-
Іргетәсқа бүгін біз қолмен тізген.
Өз еңбегің емес тек өз керегің,
Бақыты үшін стей біл өзгелердің.
Кейінгілер «Ертеңнің» сенен қалған,
Алсын таңдап ішінен өз керегін.
Біз кеткенде қарамай дәм мен тұзға,
«Ертең» қалар арттағы ұл мен қызға-
Бір аманат тапсыру керек болса,
Деп айтамыз алдымен «Ұя бұзба!..»
Шаңырақ
Қызға тұлым, айдар сыйлап ұлдарға,
Разымыз жылжып өткен жылдарға.
Сексен басты керегенің ұйтқысы-
Сексен көзді шаңырақта мін бар ма?!
Ерте тұрып келін түндік түреді,
Сол күнгі күн шаңырақтан кіреді.
Қазақ сонда бір аунайды шалқалап,
Кеудесіне симай түкті жүрегі.
Осы күнгі тіршіліктің нышаны-
Таңғы асымыз ашық отта пысады.
Сонда біздің түтініміз түп-түзу
Тағы да сол шаңырақтан ұшады.
Шаңырақтан қалай ғана кешеміз?
Жатыр онда «Енші» дейтін есеміз.
Әкеміз де содан мойын тастаған,
Отқа май сап сәлем еткен шешеміз.
Шаңырақтан туған талай ауыр ой,
Сол шаңырақ берген талай абырой.
Қан майданда шаңырақпен тігілген
Қара қосқа сыйған кеше Абылай.
Ер қабанбай тасқа қылыш жаныған,
Жаныбекті жауы түгел таныған.
Сәменбеттің түсіне енген сары үкі
Таңға таяу шаңырақтан дарыған.
Ұзатқанда қызға тыйер тыйесі-
Үш тоғыздан жасауы да, түйесі.
Көріссе де босағасын қимай ол,
Ертең болмақ бір шаңырақ иесі.
Қыз өссе-өріс, қыз-қазақтың қимасы,
Бізге қымбат қыз-келіннң ибасы.
Болады әлі-ақ осы арудың қолында
Шаңырақты қара нардың бұйдасы.
Шаңырақтың тарихы тым арыдан,
Мәртебесі бізге қымбат бәрінен.
Айлық жолдан аттанамыз сәлемге,
Шаңырақтың қорқамызда кәрінен.
Шаңырақ қой қазақты қаз тұрғызған,
Шаңырақ қой бізге мойын бұрғызған.
Қасиеттеп шаңырақтан бата алған
Айналайын шаңырақты ұл, қыздан…
Қадырлейык шаңырақты атанды,
Шаңырақты тік көтерген бақанды.
Сексен көзді шаңыраққа құт болған
Сила, қазақ сексендегі апаңды!
6алаш ұсынады