ЖАҢА КІТАП: ҰЛЖАЛҒАС ЖӘКІБАЕВАНЫҢ ЖИНАҒЫ БАСПАДАН ШЫҚТЫ

Алматыда ақын Ұлжалғас Жәкібаеваның «Өмір-ай» атты өлеңдер жнағы баспадан шықты.

Ақын Ұлжалғас Жәкібаева Арғы беттің жырсүйер оқырмандарына ертеден таныс қаламгер. Шынжаңдағы түрлі мерзімді басылымдар арқылы жұртқа белгілі автор бейнетті өмірдің зейнетін Атамекені Қазақ елінде көрген. Сексен жасында жарық дүниеге қош айтқан қалам иесінің соңында қалған жыр мұрасын ұрпақтары «Өмір-ай» атты жинақ ретінде оқырман қауымға ұсынып отыр.

Ғұмырында ыстық-суықты көп көрген автордың алуан тақырыпта өрбіткен өлеңдері  оқырманын сан алуан ойға жетелейді. Жинаққа ақынның әр кезеңдерде жазылған өлеңдері топтастырылған.

Кітап өлеңсүйер жалпы көпшілік қауымға арналған.

 

Ұлжалғас Сапарбекқызы Жәкібаева 1942 жылы Қытай Халық Республикасы, Құлжа ауданы,  Көкқамырда дүниеге келген. 1965 жылы Шынжаң Медицина университетін бітірген. 1980 жылдан 1997 жылға дейін Іле облыстық «Достық» емханасында ішкі аурулар маманы ретінде қызмет атқарған. Атамекенге оралған 2000 жылдан бері Алматы қаласында да тұрды. 2022 жылы шілденің 23 күні бақиға аттанды.

Ақын 13 жасынан бастап өлең жаза бастаған. 1991 жылдан бері ҚХР Шынжаң жазушылар одағының мүшесі.  Қытайдағы түрлі басылымдарда 400-ге жуық өлең, дастан, толғау және әдеби сын еңбектері жарық көрген. Өз мамандығы бойынша Гонконгта басылған «Әйгілі адамдар» атты кітапқа есімі енген.

2002 жылы «Отанға оралғанда» атты өлеңі еліміздің баспасөзінде жарияланды. «Жас тамшылары» атты өлеңдер жинағы жарық көрген.

Әділет Ахметұлы