«АҚЖҰЛЫН БОҚЫ БАТЫР» АТТЫ КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ

Алматыдағы «Үшқиян» баспасынан, біреуге мәлім, біреуге беймәлім Боқы батыр атты тарихи тұлға зерделенген бір кітап шықты. Тарихшылар мен өткенді зерделеуші жалпы оқырман үшін бұл кітап аса құнды деп батыл түрде айтар едік. Аталған егей тұлғаның «Ақ жұлын батыр» деген даңқты иеленуінде де тұңғиық тылсым жатыр. Кітаптың айқара бетіне үңіліп мынадай мәлімет алуға болады:

Қазақтың XVIII ғасырдың орта шенінен бастап, Ертісті өрлей көшіп, ата мекен Алтайға қайта қоныстану барысындағы Жоңғардың қалдық күштерімен және Қалқа моңғолдарымен шайқасы да ғасырға созылды. Көптеген ірі батырларды, тарихи тұлғаларды өмірге әкелген сол ғасыр толық зерттелмей келеді. Атап айтқанда, XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап, ХХ ғасыр басына дейінгі Цинь империясына қараған қазақтардың «Төрт би-төре» тұсындағы тарихы туралы аңыз-деректер мол болғанымен, ғылыми айналымға түскен нанымды жазба кітаптар аз деуге болады.

Ақжұлын боқы батыр.

Ақжұлын Боқы батыр (1810-1867)

Суретті Толқын Табысбекұлы сызған

 

Боқы батыр аталған кезеңде өмір сүрген қолбасшы теңдессіз тұлға. Ақжұлын батыр атанған, өмірі аңыз бен ақиқатқа толы бірегей баба жөнінде жазылған тұңғыш кітап оқырманға ұсынылып отыр. Автор аталған кітапта қазақтың өзгеше жаралған тағы бір тарихи тұлғасын – егей ер Боқы батыр жөнінде айтылған, жазылған деректерді, тыңнан табылған қолжазба мұраларды саралай отырып, бұл кітапты жазып шыққан. Кітаптың тарихымыздың түгенделуіне, әсіресе Шығысқа қайта көшкеніне үш ғасыр болған Алтай қазақтарының тарихын зерттеуде қосар үлесі зор.

Кітап жалпы көпшілік оқырман қауымға арналған.

Кітаптың алғы сөзінде автор тыңнан түрен салған еңбегі жөнінде кішпейілділікпен былай деп көрсетеді:     

Осыдан бірер жыл бұрын «Тоқай шежіресі» атты шағын кітабымды баспадан шығардым. Тоқай – Орта жүз Абақ керейдің бірі Жәдіктен тарайтын, тарихы ұзақ, алайда саны шағын рулардың бірі. Сол шежіреде шамамның келісінше бүгінгі оқырманға белгілі-белгісіз тарихи тұлғалардың бірталайына тоқталып өткен болатынмын. Солардың бірі қазақтың «Ақ жұлын батыры» атанған Боқы батыр еді. Аталған шежірені оқып шыққан бір ініміз: ««Бабалар сөзінің» жүз томдық жинағының 27-томында «Боқы батыр» атты ұзағырақ дастан бар. Сіздің Боқы батыр жайында баспа бетінде бұрын жариялағаныңыз бар, жаряланбай қалған материалдарыңыз бар, солардың бәрін жинақтап, Боқы батыр туралы бір кітап жазып халқы мен ұрпағына ұмыт болмай тұрғанда ұсынғаныңыз жөн болар!» – деген еді.

Арада біраз уақыт өткенде Боқы батыр жайында жазылған құнды қолжазба естелік қолыма түсті. Ол 70 жылдың үстінде сақталған жазба еді. Боқы батыр туралы ел арасында небір құнды деректер бар. Міне осылай «Ақ жұлын Боқы батыр» кітабы жазылып бітті.

Мен ысылған жазушы да, кемел тарихшы да, мойындалған шежіреші де емеспін. Ел аузындағы деректер мен табылған жазбаларға сүйене отырып жазған еңбегімнің тарихшылар мен зерттеушілердің назарына ілігіп, Боқы батыр туралы зерттеулерге септігін тигізіп жатса айырықша қуанар едім.

Абылай ханның пәрменімен Алтай, Іле, Тарбағатай асқан қазақтар бір-ақ күнде орныға салған жоқ. Сол кеткеннен күні кешеге дейін ереуіл атқа ер салып, тұлпарының терлігі құрғаған жоқ. Есе-теңдік жолында толарсақтан қан кешкен Арғы бет қазақтарының тарихының бір кетігіне кірпіш болып қаланғалы тұрған «Ақжұлын Боқы батырдың» алар биігі асқар болсын дейміз.

Кітапта тарихи деректер мен қоса этнографиялық құндылықтар молынан кездеседі. Кітап екі нұсқада – кирилл және төте жазуда басылып отыр. Алдағы уақытта кітаптың тұсауы кесіліп, кітапханаларға ұсынылады.

Автор туралы айта кетелік:

Темірхан Қайырханұлы 1962 жылы Алтайда дүниеге келген. 2001-2003 жылдары Іле Қазақ автономиялы облысы Күйтүн қаласынан университет оқыды. 1983-2010 жылдарды оқытушы болды.  

2005 жылы Қазақ еліне қоныс аударған. Бүгінгі таңда Астанада тұрады.

Бала кезінен әдебиет пен тарихқа, ататек шежіресіне әуестеніп, көптеген тарихи  құнды  деректер жинаған. Шағын мақалалар жазып, түрлі басылымдарда жариялаған. Ата мекенге көшіп келгеннен бері, жинаған рухани қазыналарын ұрпаққа ұсыну үшін қалам тербеп жүр.

Әділет Ахметұлы