ЖАҢА КІТАП: АҚЫН БАУЫРЖАН ШОРМАҚҰЛЫНЫҢ ЖАҢА ЖИНАҒЫ ШЫҚТЫ

 Қазақтың поэзия қазынасына тағы бір салмағы қорғасындай жыр жинағы қосылды. Алматыдағы «Үшқиян» баспасынан ақын Бауыржан Шормақұлы Алпаштың «Қайран шешем» атты жаңа кітабы жарық көрді.  

Бүгінгі қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар, әсіресе Арғы бет Шынжаң қазақ әдебиетінен бір кісілік орын алған, белгілі ақын Бауыржан Шормақұлының бұл жинағына автордың алуан тақырыпта өрбіткен өлеңдері мен ғазиз анасына арнаған «Қайран шешем» атты поэмасы берілген.

Автордың бұл кітабында аға жасына ат басын бұрған ақынның философиялық тұжырымдары мен мөлдір лирикалары тынысы кең жыр жолдары арқылы  оқырманға жол тартуда. Жинақ өлеңсүйер қауымға әсерге толы күй және толғақты ой сыйлары даусыз.

Кітап жалпы оқырмандарға арналған. Әз науырыздың лебі ескен әйелдер мерекесінің қарсаңында оқырмаға жол тартқан ақжолтай кітаптың ішінен автордың бір-екі өлеңін оқырманға ұсынайық.

 

ТАҒДЫРЫМА ТӘҢІР ЖАЗҒАН СЕРІГІМ

 

Қайырып қара құстай ырғақта түлеттің сен,

Күдірлі жолдарыма құм төсеп, гүл ектің сен.

Көкжал ем жапан түзде жасқанбай жалқы жортқан,

Шырғалап амалыңмен қосыңа түнеттің сен.

 

Тарпаңдай тағы едім, тәк-тәк деп үйреттің сен,

Тұрмыстың әуеніне бір-бірлеп билеттің сен.

Шап-шағын шаңырақтың абыройын артып маған,

Самайымды ағарттың сен, шашымды сиреттің сен.

 

Бағымда құсым болып, таңдарда сайрадың сен,

Көгімде жұлдызым боп жарқырап жайнадың сен.

Аттансам ақ сапарға тәңірге табыстап сен,

Түгендеп бес қаруды беліме байладың сен.

 

Жерімді олпы-солпы дем салып  түзеттің сен,

Таңдарды толғағы ауыр бірлікте күзеттің сен.

Көгілдір көктемде қасыңа келіп едім,

Жазымды жалғыз сүйіп сарғайған күз еттің сен.

 

Мен сенсіз жаныма жар жан таппай айналадан,

Рахым тілемеймін қайсы бір қайманадан.

Өзіңсіз бұл дүниеде білмеймін қайда барам?

Өзіңсіз бұл дүниеде білмеймін қайда қалам?!

 

 

                ӘЙЕЛДІҢ БАБЫ

 

Ақжайық күннің шуағы әйелсіз, шіркін, шуақ па?

Әйелсіз арман арман ба, Әйелсіз мұрат мұрат па?

Әйелдің жаны жәйлау ма, әйелдің тәні алтын ба?

Әйелдің көзі мұхит па, әйелдің қойны жұмақ па?

 

Қаңтардың қабағы ашылар көмілсе әйел күлкіге,

Ұқсайды әйел тегінде күлкінің ғана мүлкіне.

Жиырылса әйел жынданып ұқсайды дағы кірпіге,

Құбылса әйел ұқсайды қансонардағы түлкіге.

 

Әйелдің жаны гүл раушан, сезімнің зеңгір мекені,

«Жаным-ау» деген жалғыз сөз өміріне оның жетеді.

Күлдіріп алып жылатсаң, жылатып алып күлдірсең,

Көктен түскен перідей құлпырып тіпті кетеді.

 

Көздің құртын суырған әйелдер әппақ киік ғой,

Жанарыңмен аймалап, жүрегіңменен сүйіп қой.

«Сайтанын» оның әр қашан сабырыңмен құрықтап,

Еркелет те түзде оны, үйде өзіңді биік қой!

 

Шыда, шыда, шыда тек, тесілсе де қос өкпең,

Шыңғырған шыныңды айтсаң да сырыңды сық есеппен.

Ол мінгізіп жіберген жығылсаң дағы есектен,

Құзғындатпай пәлені көңілін жаса төсектен.

 

Әйелдің тәнін езсең де, айырма жанын құндақтан,

Әйелді тану, бағалау – ауыр жүк ерге мың батпан.

Әйелдің сырты жаралған кәдімгі ет пен сүйектен.

Әйелдің іші жаралған шешусіз, шексіз жұмбақтан.

 

Болсада қанша тас құлып, алдырмайтын қамалдай,

Аю, иә, айдаһар, арыстан, қасқыр, қабандай.

Болғанмен ерлер бәрі бір әйел алдында әлжуаз,

Қор болады көбісі әйелдің бабын таба алмай.

 

Кітап авторына және кітапсүйер оқырманға қазақтың поэзия тоғанағына қосылған төл еңбектің жолы ашық болсын айтамыз!

Әділет Ахметұлы