Баян-Өлгей аймағында дүниеге келіп, әлемнің бірқанша елдеріндегі Microfinance компанияларында 15 жылдай Банк және Микроқаржыландыру саласында қызымет атқарып, «халықаралық банкир кеңесшісі» атанған бүгінде Мьянмар елінде өмір сүріп жатқан білікті маман Жәнібек Мақсатұлына ғаламтор арқылы бірнеше сауалдар қойып, әңгімегелескен едік. Сол сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
– Сәлеметсіз бе, аға? Өзіңіз Бай-Өлкенің тумасы болсаңызда бүгінде Солтүстік-шығыс Азияның Мьянмар елінде өмір сүріп жатыр екенсіз. Әуелі туып өскен жеріңіз бен білім алған ортаңыз жайлы айта кетсеңіз?
– Сәлеметсің бе! Уақыт бөліп сұхбат алып жатқаныңызға рахмет! Мен 1984 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келгем. Балалық шағым Қобда өзенінің жағасында өтті, қыста мұзына сырғанап, жазда суына шомылып дегендей.
Алғашқы білім алған ордам Өлгей қаласының 1-10 жылдық орта мектебі. Онда 7-ші сыныпқа дейін оқып, ары қарай Моңғол-Түрік лицейінде жалғастырдым. 2001 жылы Моңғол-Түрік лицейінде 10-шы сыныпты бітіріп, Моңғол мемлекеттік жоғары оқу орнына емтихан тапсырып, жақсы нәтиже көрсетіп, өзімнің қалаған мамандығыма ие болдым. Сол жылғы емтиханда аймағымыз көлемінде математика пәніне тапсырған оқушылар арасында 100% бал жинаған 3 оқушыға ғана тиісті мамандықты алуы керек болған. 100% бал жинаған үш оқушының бірі мен, қалған екеуі өзімнің сыныптас достарым болды. 2005 жылы астанамыз Ұланбатыр қаласынан Білім және Технологиялық жоғары оқу орнын «қаржы менежмент» мамандығы бойынша бітіріп, 2014 жылы Германияның Frankfurt School of Finance & Management университетінде мамандығымды жоғарлатып оқыдым. Бұдан басқалай қызмет жасаған елдерімде көптеген қысқа мерзімді оқыту курстарына қатыстым. Жұмыс жасап жүріп MBA (Master of Business Administration) оқу арманым болды, бірақ жұмыстан қолым босамады. Иншалла, бұйырса алда MBA оқимын деген мақсатым бар.
– Сізді Мьянмар еліне қандай арман жетелеп апарды? Ол жаққа қалай бардыңыз?
– 2015 жылы Түркияның Газиантеп қаласында Şekerbank-нің шағын шаруашылықпен айналысатын әйелдерді қолдап, несие беретін жобасында уақытша кеңесші (consultant) болып жұмыстап жүрген кезім. Бір күні Африканың Малави, Замбия елдерінде менімен бірге жұмыстаған ұлты орыс қызметтесім хабарласты. Мьянмарда Сингапурлік компанияның өте қызықты жобасы бар екенін, соған тәжірибелі «микроқаржыландыру (microfinance)» мамандарын іздестіріп жатқанын айтты. Содан Сингапурлік инвесторлармен жұмыс жайлы сұхбат жасап, олардың Мьянмарда жасап жатқан жобаларымен таныстым. Жоба ерекше ұнады және бір жылдық келісім-шартқа да отырдық. Кейін келісім-шартты тағы үш айға ұзарттық.
Шынын айтсам Мьянмар еліне келу үшін алғашында біраз қорықтым. 2013 жылдары Мьянмарда ішкі этикалық қақтығыстардан болып мұсылмандар зәбір көріп жатыр деп еститінбіз. Ғаламтордан Мьянмар жайлы ақпараттар іздестірдім, бірақ Мьянмарға байланысты мәліметтер өте аз таптым. Неге десеңіз; Мьянмар елінде 1960 жылдар кезінде әскери төңкеріс болып, билікке келген генералдар Мьянмар елін сыртпен еш байланыстырмай, қатаң тәртіп орнатыпты. 2013 жылдарда бұл елдегі бір телефон симкартының бағасы 500$, интернеттің жылдамдығы өте баяу, шет елдің азаматтарын көп кіргізбеген, жалпы сыртқы мемлекеттерге өте жабық ел болыпты. Қысқаша айтқанда әлем Мьянмар деген елдің бар екенін ұмыта бастаған кезең екен. 2012 жылы бұл елде жаңа заң бекітіліп, жартылай демократиялық системаға көшіп, шетелдік инвесторларды шақыра бастапты.
Мьянмар елінің эконоимкалық дамысы 6%-10% арасы болады деген болжам болды сол кезде. Әлемге есігін жәңе ашқан ел болғандықтан мүмкіншілік көп болады және сол арада табысты жұмыс жасап, мансабымды (карьера) жақсарта аламын деген мақсатпен келген едім. Сол Сингапурлік компаниямен жасаған жобамыз табысты болып олар жұмысын өздері ары қарай алып жүріп кетті. Қазір сол компания 500-ге жуық жұмысшысы бар үлкен Microfinance (микроқаржыландыру) компанияға айналды. Менің келісім-шартымның мерзімі біткен соң Гонг Конгтің жаңа ашылғалы жатқан Microfinance компаниясымен келісімге келіп, соларға Operasiya жағын жауаптанған бас директор болып жұмысқа орналастым.
Мьянмар елінде жұмыстап келе жатқаныма 5 жыл болды. Мен басқаратын бөлімшеде (department) қазір 600-ден көп жұмысшы бар. Мьянмарда дамып жатқан ең ірі Microfinance компаниясы болып саналады. Компанияның негізгі жұмысы несие (credit) беріп, салым (deposit) алады. Менің негізгі міндеттерімнің бірі жұмысшыларды оқытып, соларға өз тәжірибемді бөлісу.
Жоғарыда айтқанымдай алғашында бұл елге келуге қорықтым, бірақ ол ой мені теріске шығарды. Мына жерде буддизм ғибадатқаналардың жанында мешіт және християндардың шіркеулерін көп көресіз. Халқы өте сыпайы, діндеріне берік, тыныш ел. Әрине, саяси жағдайларға байланысты кейбір жерлерінде қақтығыстар болады.
– Ең алғашқы еңбек жолыңызды қай жерде, қандай салада бастадыңыз?
– Алғашқы еңбек жолымды 2005 жылы Ұланбатыр қаласында, сол кезде Моңғолияның ең үлкен Банктік емес Қаржылық мекемесінде «қаржы және несие» экономист болып бастадым. Алғашында Германиядан екі банк мамандары келіп бізге үш апта несие анализін жасау жайлы тренинг өткізді. Содан Әзербайжан еліне апарып 2-3 апта тәжірибе алмастырып, практика жасатты. Негізінде бұл жұмыс Германияның KFW деген инвестициялық банкнің Моңғолияда жұмыстап жатқан жобасы болды. Сол кезде Германиядан келген екі банк мамандарынан ерекше әсер алып, солар секілді менде «халықаралық банкир кеңесшісі» болсам деп армандаған едім. Сол арманыма 2007 жылдың басында қол жеткізіп, Әзербайжанның екінші үлкен банксінен шақырту алып, сонда оқытушы-тренинг болып жұмыс бастадым.
Негізінде бұл банк Германиялықтар басқаратын Европа стандартына сәйкес банк болды. Сол банкнің басқарушысы LFS деген Германиялық компаниямен жалғасып солардың Индонезиядағы, Нигериядағы жобасында жаттықтырушы (trainer) болып жұмыстадым. Кейін Американың 22 елде банктері бар деген компанияның Малавидегі Microfinance компаниясында несиелік бөлімін (kredit department) жауаптанған менеджері болып жұмыстадым. Бүгінге дейін 15 жылдай Банк және Микроқаржыландыру саласында қызымет атқарып келемін.
– Сіз үшін бүгінгі жаһанда ең маңызды тілдер мен мамандықтар? Қай тілдерді көбірек үйрену керек, қандай мамандықтарға баса назар аудару керек?
– Әрине қазіргі заманда ең әуелі ағылшын тілін білсең болды, жерде қалмайсың. Бұл тіл дүние жүзіндегі негізгі қатынас тілі. Ағылшынша сөйлемейтін елдерге барсаңыз да ағылшын тілімен қатынасып өз жұмысыңды бітіре аласыз. Ал, Моңғолия елі Қазақстаннан бөлек Ресей мен Қытай елдерімен шегаралас. Сондықтан моңғолиялық жастар үшін осы екі алып мемлекеттің тілін қоса меңгерген артық етпейді. Менімен бірге қызметтес болған Герман азаматы айтатын; Сен неге түрік тілін үйрендің? Мен болсам ең бірінші қытай мен орыс тілін үйренер едім, дейді. Өз басым түрік тілінің де пайдасын өте көп көрдім. Әр бір тіл – бір адам, дейді ғой.
Ал мамандыққа келсек адам өзінің қалаған мамандығын сүйіп, оқуын жақсы оқыса ешқашан далада қалмайды. Дейтұрғанмен ХХІ ғасырда сұраныс ең көп мамандық IT саласы. Сосын дәрігер, инженер мамандықтарына әр қашан сұраныстар көп болады деп ойлаймын.
– Өзіңіз қанша тілде сөйлейсіз? Нақты қай мемлекеттердің қандай жұмыс орындарында тәжірибеден өттіңіз?
– Қазақ, моңғол, түрік, ағылшын, әзербайжан тілдерінде еркін сөйлеймін, орыс тіліне орташа, индонез тілінде аздап білемін.
Ал, мен қызмет еткен мемлекеттер мен мекемелерді атап айтатын болсам; алғаш Моңғолияның «Credit Mongol» деген сол кездегі ең үлкен Банктік емес Қаржыландыру мекемесінде 1.5 жыл, Германияның «LFS Consulting GmbH» деген компаниясында 6 жыл, сол компанияның Әзербайжан, Индонезия және Нигерия елдеріндегі банктерінде кеңесші болып жұмыстадым. Американың «FINCA» деген 22 елде банктері бар компаниясының Малави және Замбиядағы Банктік емес Қаржыландыру мекемесінде 1.5 жыл, Германияның «IPC GmbH» деген компаниясында уақытша 4 ай, Түркиядағы жобасында кеңесші, Сингапурлік «Hayman Capital» деген инвестициялық компанияның Мьянмардағы жобасында 1.3 жыл жұмыстадым. Қазір Гонг Конгтің «Meridian Capital» деген инвестициялық компанияның Мьянмардағы бөлімшесінде «Easy Microfinanceta Operasya» жағын жауаптанған бас менежері (manager) болып қызмет атқарып келемін.
– Шет мемлекеттерде әр ұлттың өкілдерімен бірге қызмет жасау сізге қаншалықты жеңіл немесе ауыр болды?
– Негізінде мен ерекше дамыған елдерде емес, көбінесе жаңадан дамып келе жатқан елдерде қызмет жасадым. Қанша германиялық, америкалық, сингапурлық, гонг-конгтік компаниялар болса да, олардың жұмыс жүргізіп отырған елдері көбінде Африка және Азияда болды. Соның ішінде дамысы төмендеу елдерде болғандықтан қызмет жасау еш оңай болды деп айта алмаймын.
Мысалы; мен алғаш Әзербайжанға барғанда Әзербайжанның жағдайы қазіргідей жақсы емес еді. Армениямен соғыстан шыққанына 8 жылдай уақыт болған. Өркениеті нашар, барлық инфрақұрылымды қайтадан мұнайдың ақшасымен салып жатқан кезі еді.
Ал, Индонезия адам саны 250 миллион, G-20-ның (эконоимика көлемі үлкен елдер одағы) тұрақты мүшесі болса да, адам басына түсетін GDP кірісі бойынша орташа-төмен ел.
Нигерия болса Африканың ең үлкен эконоимкасы, әлемде мұнайға бай елдің 6-шы қатарында. Бірақ байлығын дұрыс пайдалана алмағандықтан коррупция өте жоғары, халқының 85% кедей, қылмыстық адам өлім санымен ең жоғары елдердің біреуі.
Малавия Африкада қазба байлығы жоқ жалғыз ел деседе болады. Тек темекі және шай өсіріп экспортқа шығаратын дүние жүзіндегі ең кедей 5 елдің біреуі болды.
Мьянмар жылдық эконоимкасы тез дамып келе жатқан ел болғанымен Азияда адам басына түсетін кірісімен ең кедей ел болып саналады. Аз уақыт Замбиада, Түркияда және Германияда жұмыстадым, бірақ олар маған демалыс сияқты болып өтті.
Әрине жоғарыда атап өткен елдерде шетел азаматы статусында (expat) жұмыстағандықтан өзіндік жеңілдіктері де болады. Мен Әзербайжанда тұрғанда үйленіп, Әзербайжан және Малавияда екі ұлдарым дүниеге келді. Алғаш Әзербайжанға барғанда түрік тілін білетіндігімнен көп қиналмадым. Ол екі елдің тілдері өте ұқсас қой. Ал, бастабында ағылшын тілім нашар болды. Оны кейін бірге жұмыстаған америкалық, герамниялық мамандармен сөйлесе келе игердім. Өркениетті елдерден келіп бірге жұмыстаған қызыметтестерім ең аз дегенде 2-3 тілді жеттік меңгерген (мысалы ағылшын, орыс, герман), барлығының Master немесе MBA дәрежесі бар, менімен салыстырғанда олардың жұмыс тәжірибесі де мол болды. Әрине бұлармен тепе тең жұмыстау ешқандай жеңіл болмады. Алғашында ең төменгі позися яғни Junior Trainer болып 3 айлық сынақ мерзімінде бастадым. Сол кезде үйренемін деген талпынысым зор, берілген тапсырмаларды белсенді атқарып, уақытында бітіруге тырыстым. Үш айдан кейін сол белсенділігімді бағалап мені он қызметкерді басқаратын менеджер етіп тағайындады.
Ал, бір елден екінші елге ауысып барғанда бәрін басынан бастадым десем де болады. Оңай ештеңе болмайды. Өйткені әр елдің салт-дәстүрі, адамдардың мінез-құлқы бөлек болады. Сондықтан әуелі барған елімнің жергілікті адамдарымен қалай қатынасуым керек екенін үйренуге тырыстым және өзіңді белсенді, жұмысыңды тұрақы ынтамен жасай алатын қабылетіңді оларға көрсете алуың маңызды болды. Алдымен осы белестерден ассаң қалғанына тез үйреніп кетеді екенсің. Кейде ел-жерді, туыс-туғандарымды сағынғанда жұмысымда қиындық болған сәттерімде туған жерім Моңғолияға немесе ата жұртым Қазақстанға бір жола кетіп қалғым келіп тұрады. Бірақ сондай кезеңдерде сабырлық танытып, жанымда 12 жыл бірге болған жан жарым Жаңылмен ақылдасып, бірге төзімділік көрсетіп, бір Алланың қалауында осы мемлектте қызмет етіп, өмір сүріп келеміз.
– Ғылым-технология қарқынды дамыған заманда адамдар өзін үнемі жан жақтылы дамытып отыру керек пе деймін? Сіздің көзқарасыңыз?
– Әрине, мен де солай ойлаймын! ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры ғой. Күнде жаңа дүниелер табылып, технология өте жылдам дамып жатыр. Бұл жаңалықтардан қалып қойсақ дүниенің дамысына аяқ ілістіре алмай қаламыз. Жақсы игерген мамандығыңызды заманға сәйкес дамытып отырмасаңыз көштен қалып қоясыз.
Қазір біздің салада барлығы digital-finance (сандық-қаржы) дегенге көшіп жатыр. Банктер, қаржы компаниялары қайтсек клиенттеріме тез әрі қолайлы қызмет көрсетеміз, қайтсек аз жұмысшымен көп пайда табамыз деген жолдарға көшіп жатыр.
– Жақсы білімге қол жеткізу үшін қандай ұстанымдар мен мақсаттар болу керек? Білім қуған жастарға айтар кеңесіңіз?
– Көп адамдар жоғары деңгейдегі ақыл немесе қабылет – жетістікке жетудің кілті деп санайды. Бірақ ғалымдардың зерттеуіне қарағанда жетістіктің кілті 95% тұрақты оқып үйренгеннен, төзімділіктен келеді деп дәлелдеп отыр.
Мен 90-шы жылдың соңында Моңғолияның экономикасы құлдыраған кезеңде орта мектепте оқыдым. Ол кезде жан жақтылы ізденіп оқитын мүмкіншілігіміз болмады. Ептеп бір мамандық иесі болып, туған жерге келіп тұрақты бір қызметке орналассақ деген ғана ой болды. Миымызға одан жоғары ой кіріп шықпады ғой... Қазір қарап отырсам жастарда барлық мүмкіншіліктер бар. Ғаламтор, технология өте дамыған кезең. Үйренемін десе ғаламтордан да онлайн үйрене алады, қаншама мағұлымат толып тұр.
Оқушы жастар өздеріне үлкен арман қоя білулері керек. Сол арманы орындалуы үшін қысқа қысқа мақсаттар қойып, ерінбей оқып үйрену, талпыныс пен төзімділік керек!
– Қазіргі таңда жастар ғана емес ересек адамдар да дамыған мемлекеттерге барып білім алып, қызмет жасағылары келеді. Шетелге шығып оқығысы немесе жұмыстағысы келетіндерге өз ойыңызды бөліссеңіз?
IELTS тест жайлы да айта кетсеңіз?
– Шетелге қалай шығу, қалай оқу керектігі туралы бәрінде мағұлмат, тәжірибе бола бермейді. Біз мектеп бітірген жылы Моңғолия, Қазақстан одан асса Ресей мен Түркияда ғана білім аламыз деген ұғым болды. Америка, Австралия сияқты Европаның өркениетті елдерінен қалай білім алуға болатыны жайлы жете түсіне бермейтінбіз. Ал, қазір біраз жастарымыз өркениетті мемлекеттерде білім алып жатыр.
Жалпы жастардың көбі ағылшынша білмегені үшін талай жақсы мүмкіндіктерден хабарсыз қалады. Өркениетті елдерде оқуға қолайлы жағдайдың біреуін атап айтатын болсам; жыл сайын Моңғолия мемлекетіне көмек ретінде көптеген дамыған елдерден 100% сол елдің степендиясымен (тегін оқу) оқитын әр саладағы мамандықтар бойынша куәліктер келеді. Бұл емтихандарға көбінде моңғолия жоғары оқу орындарының 2-ші курс студенттері қатыса алады. Ұданбатырда менімен бір жатаханада тұрған Өлгейлік үш жолдасым 2-ші курста осындай шетелдің емтихандарына тапсырып 100% балмен Жапония, Үндістан, Корея сияқты мемлекеттердің жоғары оқу орындарына аттанды. Сол елдердің көмегі бойнша тегін оқиды. Қазіргі оқушылар мен ата-аналар осындай мүмкіндікті ескерер болса бұл өте үлкен мүмкіндік. Сондықтан студент жастар ерте бастан осындай емтихандарды қай сабақтардан тапсырады, қандай дайындықтар керек болады дегенге мән беріп дайындала жүрген дұрыс. Ал, шетелдерге тура шығып оқитын да мүмкіндіктер көп. Ең бастысы көптеген университеттердің талабына сай эссе (essay) жаза білуі керек.
IELTS/TOFEL деген ағылшын тілін игеру деңгейі анықталған сертификат болуы маңызды. Егер шетел университетіне жіберген эсседе өзіңді дұрыс танытып, алға қойған мақсатыңды дұрыс жеткізе білсең жақсы степендиялар көп табылады. Мүмкіншілігі бар жастар алдымен сол университеттердің бір жылдық тіл дайындығынан өтіп, одан ары жалғастырып оқи алады. Әрине, жоғары мектептердің барлығына орта мектептегі бағасы, магистр оқығысы келгендердің баклаврдағы бағасы өте маңызды.
IELTS/TOFEL сертификаты туралы қысқаша айта кетсем, бұл тек университет оқу үшін ғана қажет болатын сертификат емес. Қазір Канада, Австралия сияқты мемелекеттердің көптеген жұмысшы қабылдайтын системалары болады. Бұл елдердің экономикасы өте жоғары болғандықтан жұмыс күші жетіспейді. Әсіресе мамандық (мысалы; сантехник, қолөнер, құрлысшы, инженер, дәрігер) кадрларды көптеп қажет етеді. Канада өткен жылы ғана 1 миллионнан астам білікті мамандарды жұмысқа алатынын жариялады. Қайткен күнде шетелден оқымайақ, еліміздегі мамандық беру мектептерінен, университеттерден жақсы мамандық игеріп біраз тәжірибе жинаған соң бұл елдерге барып қызмет жасауға болады. Бұндай жобалар көбінде 30-40 жас аралығындағыларға арналған. Сондағы бұл елдердің қойып отырған ең басты талабы жоғарыда айтқан IELTS (ағылшын тілін меңгерген) сертификаты.
– Жалпы әдебиетке деген көзқарасыңыз қандай? Кітап оқисыз ба? Қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеттерінен кімдерді оқыдыңыз?
– Бала кезімде кітап оқымадым деуіме болады. Үнемі спорттық шараларға қатысып, бос уақытымды доп, шахмат ойындарын ойнаумен өткізетінмін. Студент кезімде аздап моңғол және түрік тілдеріндегі кітаптарды оқыдым. Ал шетелге шыққаннан бері қазақ әдебиетін сүйіп оқитын болдым. Мысалы, жуықта ғана Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабын сондай ақ Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі Сұраған Рахметұлының «Оспан батыр» туралы жазған тарихи кітабын оқыдым. Дәл қазір ағылшын тілінде Австралиялық саяхаттаушы, кинорежиссер Тим Коптың (Tim Cope) “On the trail of Genghis Khan” атты кітабын оқып жатырмын.
Бұл кітапта Тим өзінің 2004 жылы Моңғолияның ескі астанасы Қарақорымнан (Хар Хорум) атпен шығып, Венгрияның Дунай (Danube) өзеніне дейін жүрген 3 жылдық сапары жайлы жазылған. Бұл сапардың мақсаты Шыңғыс ханның жүрген жолымен жүріп, көшпенділер көзімен Европаны көрмекші болған екен. Кітапта тек өзінің сапары ғана емес, барған елдері Моңғолия, Қазақстан, Ресей, Украйна және Венгрия елдерінің ескі және жаңа тарихы, салт-дәстүрі туралы жазылған. Оқып жатқан осы кітабымды әлі аяқтағам жоқ, бірақ ерекше әсер алдым... Бос уақытым шыққанда әлем әдебиеттерін әліде оқимын, десе де бала кезден кітап оқу қалыптаспағандықтан ойлаған деңгейіме жете алмай жүрмін.
– Нені қызықтайсыз (хобби)?
– Бос уақыт шықса, 3-4 күндік демалыс күндер бола қалса отбасыммен бірге саяхаттағанды жақсы көремін. Тау-тас, теңіз, орман-тоғай дегендей тәбиғаты көркем жерлерді аралағанды ұнатамыз.
Мьянмар елі өте маңызды жерде орналасқандықтан Солтүстік-шығыс Азияның елдері Тайланд, Сингапур, Малайзия, Индонезия, Үндістан және тағы басқа елдердің туристік жерлеріне өте оңай әрі арзан қаражатпен қыдыра аласыз. Сәуір айында Филиппин еліне қыдырып қайтуды жоспарлап жүрміз. Егерде мамандығымды ауыстырып басқа жұмыс жасайтын болсам туризм саласына соның ішінде Экскурсовод (Tour Guide) болар едім...
– Отбасыңыз жайлы қысқаша тоқтала кетсеңіз?
– Өмірлік жарым Жаңыл Кәкейқызы (Кәкей Жаңжұңұлы – Моңғолия қазақтарынан шыққан белгілі ақын, жазушы).
Жаңыл Түркияның Анкара қаласынан Таяу Шығыс Техникалық университетін экономист мамандығымен бітірген. Менің шетелдегі жалғыз сырласым, үнемі қолдау көрсетіп жүрген серігім. Бір сөз барғой; әрбір табысты еркектің артында әйелі тұрады, деген... Ол Нигерияда, Малавиде мамандығы бойынша жұмыстаған, қазір өзі жеке шаруамен айналысады. Ясин (10жас) және Ибраһим (6жас) атты екі ұлымызды тәрбиелеп жатырмыз.
– Адамға біліммен қоса білік те керек. Яғни тәрбие! Сіз үшін тәрбиенің ошағы қай жер? Отбасы, мектеп, қоғам?
– Мен тәрбиенің негізгі ошағы – отбасы деп ойлаймын. Бір әкенің берген тәрбиесін он жоғары оқу орны бере алмайды! Балаға тәрбие беру деген – ақыл айту емес. Өзіңнің істеген іс әрекетіңе, жүріс-тұрысыңа, қарым-қатынасыңа мән берсең балалар да сізден көргенін жасайды. Сол үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек деп ойлаймын.
– Ата-анаңыз қалай тәрбиелеуші еді? Өзіңіз қазір балаларыңызды қалай тәрбиелейсіз?
– Мен қарапайым үкіметтік жұмыс орнында қызмет атқаратын отбасында дүниеге келдім. Әкем – есепші, анам – заңгер, сақшы бөлімшесінде көп жыл дедектив болып жұмыс атқарды. Бес ағайындымыз. Мен бір жасымнан бері қазақтың салты бойынша апамның (әже) баласы болып өстім. Апамыз қазір 97 жаста, Моңғолияның еңбек сіңірген актрисасы, халық артисі – Бақышқызы Қайжамал деген кісі. Мен көбінде осы әжемнің тәрбиесінде өстім. Міндетті түрде жылында бір рет туған жерге барып, әжемді көріп, ақыл кеңесін тыңдап қайтамын. Осы кісінің тәрбиесінде өскендіктен қазақи тәрбиені жақсы білемін. Тарихты ерекше қызытаймын. Әкем моңғолияның ұлттық күресінен аймақтық «арыстан» атағына ие болған Мақсат деген кісі. Әкемізден көргеніміз бар, спортқа бейімді болып өстік.
97 жасар, Моңғолияның еңбек сіңірген актрисасы, халық артисі – Бақышқызы Қайжамал апа және немересі Жәнібек Мақсатұлы.
Ал, өз балаларымның тәрбиесіне келсек, олар туғаннан бері шетелде менімен бірге өмір сүріп келеді. Ең басты проблемамыз – қазақ тілі. Баян-Өлгейде біз тек қазақша сөйлеп өсске те, шетелде туып өскен балаларымыздың тілі ағылшынша жақсырақ. Себебі олардың достары әр түрлі мемлекеттен болған соң ортасына қарай қазақшадан ағылшын тіліне бейім. Салт-дәстүрімізден, туыс-туғандарымыздан алсытап кетпесін деп жылында бір рет туған жеріміз Баян-Өлгейге апарып тұрамыз. Бос уақыттарында кітап оқып, ойнағандарына көңіл бөлеміз.
– Салты басқа, дәстүрі бөлек мемлекетте өмір сүріп жүрген қазақтың қарапайым азаматысыз. Қазақтың салт-дәстүріне қаншалықты жақынсыз?
– Әрине, қазақтың салт-дәстүріне ерекше мән береміз. Шетелде көп жылдар өмір сүре келе ұлтқа деген патриоттық сезім де күшейе түседі екен. Жұбайым екеуіміз әр бір барған жерімізде, танысқан ортамызда өзіміздің моңғолияның азаматы соның ішінде ұлтымыздың қазақ екенін айтамыз. Қазақстан мен Моңғолияға байланысты әрбір іс сапарлар мен жәрмеңкелерден қалыспауға тырысамыз. Өткен жылы Наурызда Мьянмарда өмір сүретін 7-8 отбасын үйімізге шықырып, Наурыз көжемізді беріп, қазақи салт бойынша күтіп алдық. Қонақ шақырғанда қазақтың ұлттық тағамдарын жасауға тырысамыз, сыйлық берсек те қазақтың қолөнерінен береміз. Отбасым айтыс көргенді жақсы көреді.
– Болашақта Қазақ еліне атбасын бұру ойыңыз бар ма?
– Әрине! Қазақ еліне атбасын бұру ойымыз бұрыннан болған, әлі ойланып жүрміз... Қазақстан біздің тарихи отанымыз. Қай жерде жүрсек де қазақ екенімізді мақтан тұтамыз. Әзірге отанға қашан атбасын бұрарымызды Құдай біледі. Балаларымыздың болашағы Қазақстанмен байланысты болса деп ойлаймыз.
– Алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіз! Әңгімелескеніңізге рахмет!
– Рахмет!
Әңгімелескен Жұбатгүл САМБУУҚЫЗЫ
6alash ұсынады