Әсеттің «Қоңыр қазы» кімге арналған...

Жүз жыл бойы «Қоңыр қазы» қаңқылдап...

Әсет Найманбайұлының «Қоңыр қаз» әніне, міне, 100 жыл толды. Ән де, Әсет те, ән кейіпкері Мәми бейсі де әнмен бірге жасауда. Ең алдымен Әсетін ардақтап, «Қоңыр қазын» тынбай шырқап келе жатқан халыққа қалай ғана сүйенбеске?! Алайда «Бұл ән қалай туды? Кімге арналды? Мәтіннің мәні не?» дейтін сауалдарға жауап ізделмей келді.

1919 жыл, қоңыр күз. Жыл құстары қайтып жатқан. Бітеуіргедегі Мәми бейсі ауылының төбесінен сұңқылдап қоңыр қаздар тізбегі өтті. Мәми ауылында сыйлы қонақ болып жатқан Әсет құстар легін жанарымен ұзатып салып, ауыр күрсінді. Әсеттің тағдыры да көліне еркелеп, аз уақыт сайран салған бейкүнә қоңыр қазға ұқсайтын еді. Неше күн тынбай салған ән, теңдессіз салтанат, құрмет-қошемет нәзік жанын семіртіп, сергітіп тастаған. Осының алдында Тарбағатайдағы Қоңыроба сазында отырған Мамырбек төре ауылында біраз әуреге жолығып, ат басын Алтайға бұрған. Абат Сауырдағы Әлен уаң ауылына аялдап, жас Шәріпханға ақ батасын беріп аттанған Әсет атағын алыстан естіп, кісілігіне тәнті боп, бір кездесуге асыққан Мәми бейсінің ақ ордасына ат басын тіреген. Осы арада біраз уақыт аялдаған әнші Әсет Мәми бейсімен қош­тасар шағында Алтай елінің кең пейіліне, Мәми бейсінің ерен құрметіне алғысы ретінде «Ауылыңыздағы ғанибет күндердің куәсі болсын, осы әнді сізге арнадым. Еліңізді қоңыр қаздай қанатыңыздың астына алып, қалықтай беріңіз» деп «Қоңыр қаз» әнін шырқаған деседі.
Қоңыр қаз көл жағалап
қаңқылдаған,
Тізіліп көлге қонып
салқындаған.
Көңілді басылыңқы
оятқандай,
Әнге сал «Қоңыр қаздай»
саңқылдаған.

Ахау, бейсім,
Қоңыр қаз бен шаһибаз.
Айтқанмен таусылмайды,
Көңілде наз.
Қоңыр қаз көл жағалап
ұшқан өрлеп,
Салғандай түрлендіріп
әннен өрнек.
Ән салсаң, «Қоңыр қаздың»
әніне сал,
Көтеріп көңіліңді көкке сермеп.
Бірде шалықтап, бірде үзіліп кетердей үздіккен, енді бірде серпіліп қанат қаққан әнде әлде бір қимастық, риясыз құрмет, өкініш пен арман, айтылмай қалып бара жатқан мұң да бар. «Аспанның аясында ән шалқытып, бұлбұл боп дауысы көкте дамылдаған». Әсет осылайша Мәми ауылында қайтқан қаздың қатына ән жалғап аттанған.
Ендеше Әсеттей бұлбұлды тебірентіп ән сарнатқан Мәми кім? Бұған жауапты ән қайырмасына жүгіне отырып іздейік.
«Ахау, бейсім,
Қоңыр қаз бен шаһибаз.
Айтқанмен таусылмайды,
Көңілде наз».


Осындағы «Ахау, бейсім» деген сөзге үңілсек, «бейсі» – Қытай қазақтарына мәнжу тілінен келген лауазым атауы. Бұл жөнінде Қытай қазақтарынан шыққан әйгілі тарихшы Асқар Татанайұлы «Алтай елі Бейжіңге төте қараған кезден бастап, бұрын би, төре деп аталатын билік атауларының орнын ендігі жерде бейсі, амбы, тәйжі, үкірдай, залың, зәңгі, дарғы қатарлы мәнсап аттары басты» («Тарихи дерек, келелі кеңес», 2-кітап, 35-бет) деп жазады. Ал Мәми Жұртбайұлына бейсі лауазымы 1900 жылдардың басында берілген. Осы жылы арнаулы съезд ашылып, Алтай, Қобда қазақтарын қалай басқару ісі талқыланған. Сонымен «Қобда өңіріндегі және қазіргі Көктоғай, Шіңгілдегі қазақтарды «оң қанат» етіп, Сүгірбай Жылқышыұлына, Алтай өңіріндегі қазақтарды «сол қанат» етіп, Мәми Жұртбайұлына басқартқан.
Мәми Жұртбайұлы 1856 жылы туған. Арғы атасы Алтайдағы алғашқы төрт бидің бірі (1836 жылы сайланған) Көкен би болса, әкесі Жұртбай да әкеге мұрагер болып, тізгін ұстап, ел басқарған. Мәмидің шешендігі, ел басқарудағы шеберлігі, төрелік айтудағы әділдігі ел арасында аңыз болған. Халық арасында «Керейден Мәми кетсе ақыл кетеді, Қара Оспан кетсе айбар кетеді» деген сөз содан қалған. Мәми айтыпты делінетін тағы бір сөз: «Керей мен найманның арасында дау болса найманға бұрамын, ағайын ара дау болмасын дегенім. Қазақ пен моңғол арасында дау болса моңғолға бұрамын, жау болмасын дегенім» депті. Мәми тек баба дәстүрін жаңылмай жалғастыр­ған би ғана емес, заманның алдын болжаған, ойы озық, елді өнер-білімге бастаған қоғам қайраткері де болған.
Ал әннің «Қоңыр қаз бен шаһибаз» тармағы не дейді? Қоңыр қаз – құстың аты. Ол – қазақ өміріне де, көңіліне де ең жуық образ. Әсет берекелі ел мен жерді, ел бастаған Мәмидей ерді қалай ғана қоңыр қазға теңемесін?! Ал осындағы қоңыр қаздың бір қанатындай «шаһибаз» сөзі әнді Мәми бейсіге тіпті жақындата түседі. Міне, қараңыз: «шахбаз (шаһибаз) – кеңпейіл, сабаз». Қазақ тіліне парсы тілінен кірген сөз. Әсет шығармаларында араб, парсы жиі кездесетінін саналы оқыр­ман біледі. Ендеше, Әсеттің Мәми бейсіні «шаҺибаз» деп әнге қосуы да жарасым тапқан. Себебі қазақ сүйінген адамына «ой, сабазым-ай» деп дән риза болатын халық емес пе?! Ән қайырмасының соңы да «айтқанмен таусылмайды көңілде наз» деп үздігіп, үзіліп барып тізгін тартады. Шынында, сол жылдары Әсет көңілінде беймәлім алаңдау, өкініш, мұң, әлде бір наз бар екенін әндері растай түседі. Бұл наз жай наз емес еді.
Әсет 1904 жылдан бастап Тарбағатай жаққа көбірек барып-кетіп жүрген. 1916 жылы сол кездегі саяси жағдайға байланысты қуғындалып Қытайға өтуі, ел мен жерден тірі айырылуы – Әсет көкірегінде сыз­даған жараның бірі. 1918 жылы сәуір айын­да Тарбағатайда Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Рахымжандармен кездесіп, әңгімесін тыңдап, ел болашағы хақында ой ортақтасып қайтқан.
Әсет Тарбағатай, Алтай, Іле өңірінде жүрген кезінде 11 ән шығарған. «Інжу-Маржан» әні 1910 жылы Тарбағатайда жазылған. 1917-1918 жылдары «Кең дүние», «Ләйлі қыз», «Қыз мұңы» әндерін Тарбағатайдағы Байжігіт Оспан ауылында жүргенде шығарыпты. Ал 1919 жылы Алтайға әйгілі күйші, әділ би Бейсенбі, Көкен ұрпақтарын көргелі барғанда Мәми, Жәке ауылында 12 абақтың игі жақсыларының ортасында «Қоңыр қаз», «Көктас» әнін шырқаған…».
Міне, осылай «толықсып тоқсан буынақ әнге салған…» Әсет бейсі ауылынан ат мініп, оқалы тон жамылып аттанған. Ал бейсіге мәңгілік естелік «Қоңыр қаз» әнін арнап кетті. Келесі жылы, яғни 1920 жылы Мәми Жұртбайұлы қайтыс болады. Сабаз ердің қазасын естіген Әсет қатты қайғырып, күңіренген. Мәмиге жоқтау жазып, Алтай еліне көңіл сұрау өлеңін жолдаған.
«Ұлтын адастырмай
бастайтұғын,
Алыстан дұспан келсе
саспайтұғын.
Дәулет, мәнсап, кісілік желігіне,
Қаны қызып, бойы ысып
аспайтұғын.
Бірі еді-ау қойған бидің
құдай сайлап,
Жүретін разы қып жұртын
жайлап.
Керейдің қысылғанда тиянағы,
Ақылдың тұнбасы еді-ау
жатқан қайнап.

Адасқанның шәмшісі еді,
Шабанның қасиетті
қамшысы еді.
Керейдің малын бақпай,
өзін баққан,
Әрі би, әрі иесі, жалшысы еді.
Алдынан разы боп жұрт
тараған,
Рахметілік жаңбырының тамшысы еді!» деп келетін өлеңінде Әсет Мәмидің адамдық қасиетіне аса жоғары баға беріп жоқтайды.
Әсет Алтай, Тарбағатай, Бұраталаны (Буратал) аралап, соңында Іле өңіріндегі қызай елінде болған. 1923 жылы Іленің Көкқамыр жайлауында Ғаппари есімді көне танысының үйінде кездейсоқ қазаға ұшырап, арманда көз жұмады.
«Үйінде Ғаппаридың
жатып алдым,
Алмасты мүсәтір деп
татып алдым.
Құдайдан тура келсе амалым не,
Ажалды бес теңгеге сатып алдым» деп алты алашты әнмен тербеген Әсет ел-жұртымен осылай қоштасып, бақиға аттанған.
Әсет «Ақырғы сөз» атты өлеңінде:
«…Абайдай арт жағыма
сөз қалдырып,
Жақсы еді-ау, әттеген ай
өлу деген…
Менен де сорлы ақын өтті ме
екен,
Бір сөзі баспа орнына берілмеген» деп өкініш білдіреді. Алайда деректерге жүгінсек, 1910 жылы Қ.Халиди Әсет Найманбайұлынан бірнеше тұрмыс-салт жырларын жазып алып, жариялаған. Кеңес дәуірінде Әсет Найманбайұлының өлеңін алғаш С.Сейфуллин (1925) бастырған. Ал Қытайда Асқар Татанайұлы Әсеттің «Салиха-Сәмен» дастанын 1946 жылы Алтайда жеке кітап етіп шығарған.
Әсет әндерін кейінгі ұрпаққа жалғаған мұрагерлердің бірі – Қытайдағы Бұратала облысында өткен Кәдірихан ақсақал. Ол кісі – Әсет әндерін өз аузынан тыңдап, көкірекке тоқыған адам. Одан кейін жалғаушы – Дәнеш Рақышұлы. Ал Қытайда Әсет әндерін алғаш жинап, реттеп, нотаға түсірген Мәлік Шипанұлы, Баяқын Әлімбеков, Дәулет Халықұлы сияқты өнер тұлғалары болатын. Мен Мәлік ақсақалға 90 жасында кезігіп сұхбат алғанымда, Әсет әндерінің көбін сол Кәдірихан ақсақалдан жазып алғанын (жоғарыдағы «Қоңыр қаздың» мәтіні де сол кісіден жазып алынған) айтып, «Кәдірихан ән салғанда, Әсет тіріліп келгендей боласың» деп көзіне жас алып еді.
Әсет әндерін зерттеу үрдісі Қытайда бүгінге дейін үзілген жоқ. Рахметолла Хамитұлы, Бағдат Естемесұлы бастаған музыка мамандары зерттеу мақалаларын жарияласа, Әсеттің өлең, дастандарын жинау, зерттеуде Қалиолла Нұртазаұлы, Жұмаділ Маман, Ғалым Қанапияұлы сынды баспагер, қаламгерлер еселі үлес қосты. «Әсет Найманбайұлы шығармалары» деген атпен екі томдық толық жинағы баспадан шықты. Ал Әсеттің домбырасы Бұратала қаласында әлі күнге дейін сақтаулы.
Әсеттің «Қоңыр қазын» нәшіне келтіре орындап, кейінгі ұрпаққа жалғаған өнерпаздардың бірі Дәнеш Рақышұлы еді. Алайда Дәнеш Рақышұлынан тартып қазіргі орындаушыларға дейін «Қоңыр қаз» әнінің қайырмасындағы «Ахау, бейсім, Қоңыр қаз бен шаһибаз» дегенді «Ахау, иісің», «Ахау иісің», «Ахау, үй сен», «Ахау дейсің», «Мен Қоңыр қаз, сен шаһибаз» деп қате орындап келеді. Бұл Әсет әндеріндегі жоғары-төмен, ойнақы, иірімді, тез, баяу, құбылмалы дыбыс­тардың молдығының әсерінен болған. Себебі ол кезде Әсет әндерін ешкім қағазға жазып алып жаттамағаны анық. Ал тыңдап жаттағанға Әсет әндері күрделі. Сөзі де музыкасы жаңылдырып кетеді. Сол үшін әншілер Әсет әндерін үйренуде, айту­да өте мұқият, қағылез болуы керек.
Ұстараның жүзіндей төңкерілген дүние-ай деші! «Қоңыр қаздың» қос қанатындай Мәми мен Әсеттің, бірі Алтайдың асқарында, бірі Іленің шүлен алқабында аңыз боп қала берді. Қоғалы көлінен амалсыз айырылған Әсет те мамырлаған қоңыр қаз еді-ау! Ол айдын көлі қазақ еліне қайта орала алмады… Алайда тағдыры жетпеген жеріне тәтті әні тәбәрік болып жетті.

Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ,
журналист

"Астана ақшамынан" алынды

6алаш