Физика ғылымдарының докторы Манат Мәуленбайұлы ҚХР-да дүниеге келген. Қазір АҚШ азаматы, Калифорния штатында тұрады. Онкология физикасы саласында үлкен зерттеуге қатысып, өкпе ісігін гама нұрымен емдеудің жаңа технологиясын тапқан. Ғалымның обырды емдеудің жаңа тәсілдері мен бұл бағыттағы ізденістер жайындағы сұхбатын назарға ұсынамыз.
– Аға, хош келдіңіз. Нұр-Сұлтан қаласына бірінші рет келуіңіз бе? Үлкен елден келген сізге жас мемлекеттің жаңа астанасы қандай әсер сыйлады?
– Жоқ, бұл екінші рет келуім. Алғаш рет 2006 жылы келгем. Ол кезде қаланың аты Астана болатын. Ал қазір Нұр-Сұлтан атаныпты. Қаланың аты да, заты да бөлек, көп нәрсе өзгерген. Шынымды айтсам бұл қала 10 жылда дәл осылай өзгереді деп ойлаған жоқпын. Алғаш келгенде шағын қала еді. Төңірегі сары жазық болатын. Ал қазір сол жерлердің бәріне зәулім ғимараттар салынып, қаланың іргесі кеңейіп, әсемдігі арта түсіпті. Әлемдегі көркем қалалардан еш кем емес. Жаңадан тауелсіздік алған бір елдің қысқа ғана уақыт ішінде астанасын көшіріп, осындай айтулы қала салуы оңай шаруа емес. Бұл ұлтын сүйетін әр қазақтың жүрегіне сенім, көңіліне қуаныш сыйлайтын үлкен жетістік.
– Ел ордамыздың атауы өзгерді, саяси жаңалықтар да болып жатыр.
- Қазақстанның осы күнге жетуі бірінші құдайдың қолдауы болса, екіншіден, Қазақстандағы қазақ халқын ұйтқы еткен әр ұлт халқының бірлігінің арқасы. Тұңғыш президент ретінде Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның іргетасын берік етіп қалады. Шекарасын шегендеп, іргесін бекемдеді. Буыны қатпаған жас мемлекетті алпауыт елдердің азуына түсірмей, не бір қиын қыстау кездерден аман алып шықты. Қазақстанмен қатар тәуелсіздік алған мемлекеттер соғысып жатқанда, бұл ел бейбіт даму жолымен жүрді. Былайша айтқанда, Назарбаев сынды көреген көшбасшы Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосты. Шынын айтқанда, Қазақстанның алғаш тәуелсіздік алған жылдардағы жағдайына қарап «Қазақстан ел болмайды, қазақты қазақ басқара алмайды» деп кері толғағандар көп болды. Ол күдіктің де күлі көкке ұшып еді, «Назарбаев ұстап тұр, ол кісі биліктен кеткен күні Қазақстан былығады» деп күдіктенгендер көбейді. Енді міне бейбіт жолмен билік ауысты. Атап айтқанда, Назарбаев өте көрегендікпен шешім жасады. Қазір дүниеде өзгеріс көп, мемлекеттердің тұрақтылығына, қауіпсіздігіне қатер төндіретін факторлар аз емес. Дәл осындай кезеңде Қазақстанда биліктің ың-дыңсыз ауысуы өте қуанарлық жағдай. Мұны біз ғана емес, тұтас әлем солай бағалап жатыр.
Алтайдан АҚШ-қа дейін...
- Оқырмандарға түсінікті болу үшін осы арада өзіңіз жәйлі қысқаша айта кетсеңіз.
- Мен Қытайдың Шынжаң ұйғыр автономиялы өлкесіне қарасты Алтай аймағының Буыршын ауданында тудым. 1983 жылы Шынжаң университетінің физика факультетін бітіріп, 1988 жылға дейін Қытай Ғылым Акедемиясының Шынжаңдағы филалында өз мамандығым бойынша қызмет істедім. 1988 жылы білімімді тереңдету мақсатында Швейцарияға барып, Женева қаласындағы Атом энергиясын зерттеу орынында халықаралық зерттеуге қатыстым әрі осы ғылыми орталықта 8 жыл қызмет істеп, атом күші жөнінде докторлық диссертациясын қорғадым. 1995 жылы АҚШ-қа қоныс аудардым. Қазір сол елдің азаматымын. Халықаралық «Refletion madical» компаниясында зерттеумен айналысам. Негізгі зерттеу тақырыбым – онкология физикасы.
– Онкология физикасы демекші, сіздер ракты емдеудің жаңа технологиясын таптыңыздар емес пе? Онкология физикасы деген не өзі?
– Онкология физикасы дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда, ракты лазер нұрымен күйдіру. Лазер нұры жоғарғы энергия арқылы шығатыны белгілі. Біздің зерттеу орнымыз емханалармен бірлесіп, ракты емдеу жұмысын зерттеді. Осы салада жаңалық та аштық. Қазір ракты емдегенде нұрмен күйдіреді ғой. Алайда бұл әдіспен рак жайылмаған немесе бір-екі жерге шоғырланған болса күйдіруге болады. Ал денеге жайылып кетсе, оның бәрін күйдіруге қазіргі технологияның шамасы жетпейді. Мысалға өкпе рагын алсақ, адам тыныс алған сайын рактың орыны қозғалып тұрады. Оны тазалап алу үшін өспе шыққан орынды үлкейтіп барып күйдіреді (Жаңғақтың үлкендігіндей ракты күйдіру үшін оның көлемін алмадай қып үлкейту керек). Күйдіргенде сау органдарды да зақымдайды. Егерде рак бір жерде болса, оны күйдіргенде оған адам шыдайды, ал екі-үш жерді солай күйдірсе адам өміріне қауіп төнеді. Біз осы мәселені шешу үшін адам тыныс алып, өкпесі қозғалып тұрған кезде лазер нұры арқылы өспенің орнын үлкейтпей ақ күйдірудің әдісін таптық.Асқыну дәрежесіне қарай, ракты төрт түрге бөледі. Мұның ең қатерлісі төртінші дәрежелі рак. Ол рак клеткалары бүкіл денеге жайылып кеткенін меңзейді. Егер ол өкпеден ілінген рак болса, онда үміт жоқ, жарты немесе бір жыл ғана ғұмыры қалды деген сөз. Қазіргі біздің істеп жатқан жұмысымыз осындай ракпен ауырған адамдарға үміт сыйлау.
- Бұл емдеу әдісі қазір қаншалық зерттелді? Қолданысқа енді ме?
- Бұл зерттеу тақырыбын Refletion madical компаниясы қаржыландырған. Зерттегенімізге 10 шақты жыл болды. Жоғарыда айтқанымдай, қазір жайылып кеткен ракты, қарапайым тілмен айтқанда, лазер нұры арқылы қуалап жүріп күйдіретін аспапты жасап шықтық. Тек АҚШ азық-түлік, дәрі-дәрмек сапасын бақылау, басқару мекемесінің рұқсатын ғана күтіп тұрмыз. Рұқсат алсақ ресми қолданысқа енеді.
- Зерттеу орнында сізден басқа қазақ бар ма?
- Біздің компанияда жоқ. Бірақ басқа орындарда зерттеумен шұғылданып жүрген қазақтар бар. Соның бірі Қасым дейтін азамат. Ол қазір рак биологиясын зерттейді. Ол кісінің зерттеу түйіні рак молекуласының гені, ал біздікі емдеу жағы.
– Сонда қазір раққа ем табылды ма? Ракты емдеп, жаза алатын деңгейге жетті ме адамзат?
– Ракты емдеудің жаңа әдістері табылды. Соның бірі, адамның иммундық қуатын пайдаланып ракты емдеу. Енді бірі адам денесіндегі Т клеткасын тартып алып, оған ракты жоятын клетка қосып, адам денесіне қайта құю арқылы емдеу. Бұл әдістер қазір АҚШ-та қолданыла бастады, екінші жақтан тереңдетіп зерттелу үстінде. Бірақ бұл ракты жеңдік деген сөз емес, тек оны емдеудің алғашқы қадамдары деуге болады. Мысалы, жоғарыда айтқан екі түрлі емдеу әдісі кейбір адамдарға оң әсер береді, ал кейбір адамдарға мүлдем әсер етпейді, мұның себебі әлі зерттеліп болған жоқ. Жаңағы Т клетканы алып шығып, оны ракқа қарсы дайындаудың өзі үлкен жұмыс.
- Қазақстанға келіп зерттеумен айналысу ойыңыз жоқ па?
- Әлемнің қай түкпірінде жүрседе қазақты ойламайтын, Қазақстанды аңсамайтын қазақ жоқ шығар. Сол сияқты бізді де бір күш осы топыраққа қарай тартады да тұрды. 2006 жылы келгенде осы елге келудің жолын қарастырып келгем. Атап айтқанда, ол кезде «компьютер томографиясы жағынан мамандығым бар, осы жағынан жұмыс істейін» деген ой болды. Бірақ ол сол күйі жүзеге аспады. Деседе озам деген ел білімдіні бағалауы керек. Бір елді ұлт пен ру емес, білім мен экономика дамытады.
- Сөз соңында қазақстандықтарға не айтқыңыз келеді?
– «Үйтсе, бүйтсе» деп ақыл айтқаным дұрыс емес шығар. Деседе дүниедегі барлық қазақтың тәу етер жалғыз шаңырағы бар, ол - Қазақстан. Біз шетел азаматы болсақ та, ешқашан Қазақстанды есімізден шығармаймыз, алыста жүрсек те осы елдің тілеуін тілейміз. Қазақстан үздіксіз өркендеуі үшін қоғамдық тәртіпті әлі де күшейтсе, жемқорлықты жоғалтып, дарындыларды қабілетіне қарай істете білсе екен деп тілеймін. Мәселен, мен тұрған Калифорния неге осындай дамып кетті десеңіз, бұл жерде тәртіп бар, заң анық. Жұрт соған бой ұсынады. Сондай-ақ, Қазақстанға дарындыларды тартатын арнаулы органдар керек. Бір жақсы мысал, Израиль техникасы дамыған ел. Бұлардың ғалымдарымен біз де араласып тұрамыз. Олардың жүйесі ашық, әділетті, тек қабілеттіңе ғана қарайды. Бізге де керегі осы.
Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ