– «Сәлем салу» ескіліктің сарқыншағы ма, жоқ әлде әдептілік белгісі ме?
Сәлем салу ықылым заманнан бері келе жатқан салт. Туыстық қатынастардың күрделенгеніне байланысты, әулеттегі жарасымды сыйластықтың жібін үзбеу үшін қалыптасқан дүние.
Қазақ қоғамында әйел затына қатысты ырым-тыйым, шектеу өте көп. Себебі әйел – өмірге ұрпақ әкелетін, оны өсіріп, тәрбиелейтін бірден бір адам. Сондықтан оның дені сау, көрегенді, тәрбиелі болуы керек. Отбасының кіші ұл-қыздары үйдегі шаруашылықтың бел ортасында жүрген келінге қарап бой түзеп, соған қарап өсетін болған. Ұрпақ өсіретін бірден бір адам әйел болғандықтан, ырым-шектеу де көбейе түскен.
Жалпы, келінген жүктелетін міндет көп қой. Солардың бірі – өзі түскен шаңырақта, өзі жүрген ортада жақсы аура қалыптастыру. Неге дейсіз ғой. Келіннің сәлем салуы – сыйластық ортаны қалыптастыратын, өзгелердің субординация сияқты дүниелерді қатаң сақтауына, өзін дұрыс ұстауына жетелейтін керемет бір этикалық мәні бар ереже, тәртіп ретінде орныққан дүние.
Сәлем салу жай ғана иіле салу емес, оның ар жағында үлкен тәрбие, сыйластық жатыр. Сәлем салған келінге үлкендер де «өркенің өссін», «бақытты бол», «көп жаса» деп жауап қайтарып, ризашылығын білдіріп жатады.
Сәлем салғаннан ешкім қорланып, кем болып қалмайды. Керісінше, бұл отбасындағы сыйластыққа жол ашып, оны одан әрі күшейте түсетін үрдіс.
– Келін қандай жағдайда сәлем салмайды?
Күйеуі қайтыс болған жесір әйелге жылын бергенше, бір жыл бойы сәлем салмауға рұқсат етіледі.
Бір жыл бойы аза тұтады. Жылын берген соң, аза тұту аяқталды деп есептеледі. Осыдан кейін дәстүрлі ортада әмеңгерлік салтымен жесір әйел қайын ағасына немесе қайын інісіне күйеуге шығуы тиіс. Яғни, әмеңгерлікпен әулеттегі еркек кіндіктінің біріне тигенше, сәлем салмайды.
Бүгінде сәлем салу дәстүрі барлық өңірде сақталмағанымен, ұмытылып бара жатқан жоқ. Керісінше, қазір қайтадан тамырын жайып, жаңғыра бастаған.
Сәлем салу, әсіресе, мына оңтүстік пен батыста жақсы сақталды деп ойлаймын. Бірақ тек осы екі өңірде ғана деп те кесіп айтуға болмас. Себебі бір облыстың ішінде бір ауданында да орындалып жатқан болуы мүмкін. Кейбір аймақтарда бұрын жоғалып кетсе, бірте-бірте оралып жатыр.
Тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Досымбек ҚАТРАНҰЛЫНЫҢ sputniknews.kz тілшісіне берген сұхбатынан.