Қос жеріктен туған ғұлама

Алтай тауында 1868 жылы дүниеге келіп, 1940 жылы бақиға аттанған атақты қажы Әділғазы, үлкен дін ғұламасы, ақын Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақ анасы Жібектің қос жерігінен кейін дүниеге келген.

Ақыттың әкесі Үлімжі Тайлақ рулы Барлыбай бидің немересі Бекежанның қызы Жібек анамызбен некеленеді. 18 жасында келін болып түскен Жібек 33 жасына дейін бала көтере алмай, бедеу жүреді. Оның бедеулігі ел ішіне өсек болып тарады.

— Ой, ой, ой, Құдай, кексе әйел болғанша бала көтермеді, тақыр құрсақ бедеу жүрді, Үлімжі шаңырағы ұрпақсыз кететін болды, — деген қаңқу-шаңшу аралас қызыл өсек есік-есіктен кіріп, ірге-іргеден ұлып-үріп тұрды.

Бұл өсекті естіген Жібек расында кінәлі адамдай ұялып, жиі қымтырылып, топ ортаға, той-томалаққа бара алмай жүрді. Бір күні көз жасы бұлақтай ағып жылады. Алладан тілек қып бала сұрады. Сол күні түнде Жібек мынадай бір түс көрді. Түсінде он қолына алтын сақа ұстап, мойнына асыл ақық тас тағып, сол қолына жарық шырақ тамызып, аппақ көйлек киіп, тау басында тұрып оянды. Таңертеңгі шай дастарханында Жібек түсін жолдасы Үлімжіге жорытты.

— Е, Жібекжан, Алладан аян келіпті. Түсің оң болсын, Алла екеумізге бір ұл береді. Оң қолыңа ұстаған алтын сақа – сол. Мойныңа таққан асыл ақық – иман. Сол қолыңдағы жанған шырақ – оның білімі. Асқар таудың басында тұрғаның – шаңырағымыздың бет пен беделі. Ақ көйлек кигенің қайғыдан құтылып, қуанғаның. Иә, түсің қайырлы болсын, берекетін Алла берсін, — деп бетін сипады. Осы түстен кейін Жібек көп ұзамай жүкті болды. Жүкті болып жүріп, ақсарбас қойдың етіне жерік болды. Үлімжі Жібектің жерік асына қоралы қойынан таңдап, дені сау бір ақсарбас қойды сойып, жерік дастарханын жайды. Бір ай өткен соң, Жібек енді ешкінің етіне жерік болды. Үлімжі қоралы ешкісінің ішінен бір сұржағал атан серкені жерік асына шалды. Осыдан кейін тоғыз ай, он екі күн өтіп, Жібек балпанақтай бір ұл туды. Үлімжінің әкесі Қарымсақ немере сүйгеніне қуанып, үлкен шілдехана той жасады. Бесік тойында Қарымсақ немересінің оң құлағына азан шақырып, сол құлағына тәкпір айтып, немересіне «Ақыт» деп ат қойды.

Қарымсақтың немересіне Ақыт деп ат қоюының мәнісі Жібек түсінде мойнына ақық тасын таққан еді. Мына немерем ақықтай асыл азамат болсын, көкірегіне иман қонсын, жүрегі қуанышқа толсын, бәр істе жолы болсын, атын ел білетін болсын, асыл тастың қасиеті дарысын деп ырымдағаны еді.

Иә, Ақыт өте білімді болып, бүкіл қазақ халқына танымал ақын, қажы-қазы, дін ғұламасы ретінде елге танылды. 1907 жылы қажыға барып, екі жарым жыл қажы парызын өтеді. Құран кәрімдегі қасиетті сүрелерді, аяттарды қазақ тіліне аударып, өлең етіп жазып ел ішіне кең жайып таратты. Қасиетті Құран кәрім кітабын араб тілінен қазақ тіліне аударды. Бүкіл қазақ халқының ғұламасы атанған Абай Құнанбайұлынан 18 жыл бұрын, «Қазан» баспасында кітап шығарып үлгерді.

Ақыт қажының осынша білімдар және шешен шежіре болуының себебін ауылдағы ұлы қариялар жаңағы жерік асымен де байланыстырады. Сол заманда Ақыттың бір құрдасы бар еді. Оның аты Бажақ деп аталатын. Бажақтың шешесі оған ауыр аяқ кезінде ешкінің етіне жерік болыпты. Бажақтың мінезі ел аузында «бажылдаған ешкідей», Ақыттың мінезі «қоңыр қойдай» деген сөз әлі күнге айтылады.

Болат БОПАЙҰЛЫ

6alash ұсынады