ЖОЛ БЕРЕМ...
Жол берем есектерге де дәмесі дардай,
Бұрыннан қиып ап жүрген мәресі бардай.
Көлденең өтсін алдымнан, тізгінім тартам,
Кетсін деп есектігін ол тағы есіне алмай.
Жол берем қара қарғаға қарғалығы үшін,
Іштарлық емес, бұл – нағыз тәубалық ісім.
Қарқылдап жүре бермей ме, не бәлесі бар,
Қиядан шалар қыранның арманы құрсын!
Жол берем дұшпандарыма «жасақтасым» деп,
Жайраңдап күліп, жеңіске жасап қалсын деп.
Жасағаным ғой жақсылық жалғанда мына,
Тасада тұрып сыртымнан тас атпасын деп.
Жолымды бірақ бермеймін тұлпарға нағыз,
Қалжың деп ойлап, шынымнан күлкі ауламаңыз.
Шын жүйрік озып алады өресі жетсе,
Арыңның аппақ жолынан бұлтармасаңыз.
Жолымды бірақ бермеймін қыранға текті,
Тырна емес болса көшпейтін тыраулап көкті.
Құзғындай құлдиламасын өлексе көрген,
Қос жанарында тұрса егер Күн аунап кекті.
Жолымды бірақ бермеймін адал досыма,
Қан жұқтырып ап жүрмесе ақ алмасына.
Жолымды кессе... кесер тек адалдығымен
Алланың берген бағы үшін адам басына.
...жалғанның мынау жамалы ерікті арбаса,
Кереметіне көз жетер көріп-барласа.
Жол берем бірақ ажалға, алдымнан өтсін,
Қасқа маңдайдан қасқайып келіп қалмаса!..

***
Тобылғы торы тіршілігім-ау,
Көбеңсіп қапсың көптен шын.
Дүлдүл тұяқтың дүрсілі дырау
Дүр рухыма от берсін!
Сексеуіл шоқты жанарым менің,
Жасын ойнатшы жалғанға.
Бақытқа байтақ бала күндерім
Алақан жайсын арманға.
Бала күндерім – балауыз бақыт,
Баяның кеткен жырақтап.
Қаймақ ерінге қара уыз қатып,
Қаймана жылдар жұбатпақ.
Жұбаныштарым – жыр ағыстарым,
Балауса белдің тұмасы.
Жанымның жазға құрақ ұшқанын
Сарғалдақтардан сұрашы.
Бөрте жусанды, бұйырғын белді
Үйірлі жылқым жусаған.
Құйғыта шапқан құйын күндерді
Талғажау етіп жүр санам.

***
Тастан да тасқа секіріп,
Тауда бір ойнар кекілік.
Біздің елде... жалғыз ғана жетім ұлт,
Сен ешкімге айтпа, кекілік!
Кекілін самал сүйген құс,
Тау тұғырында билер құс.
Бұратаналар – хан ұлындай шіренген,
Мен Қазақ боп қалдым – именгіш.
Қанатың барда қағылмас,
Тағдырың таумен тамырлас.
Бүгінде мен де, сен де бір – айна қатесіз,
Жорға жүрістен жаңылмас.
Өмірің өтер өкініп,
Қауырсын қайта жетіліп.
Бескүндіктегі тірлігің жарқын бір күнгі,
Әйтпесе... өмірдің өзі өтірік.
Кекілік кербез тауда жүр,
Жайқалған жасыл бауда жүр.
Қамсыздығың-ай, мәнсіз ғұмыр-ай,
Дәл менің тірлігімнен аумағыр!

***
Жота кездім, жүдедім,
Қыр басына түнедім.
Балбал тасқа бас сүйеп,
Қалғып кетсем – тілегім.
Таң нұрына боялсам,
Күнге құшақ жая алсам.
Балбалтастың жүрегі
Бүлк еткенде оянсам.
Балбал тасым – бал бөбек,
Саған да әлди ән керек.
Құсасы ма бабамның –
Құлағымда зар бөлек.
Балбалым-ай, мұңлығым,
Көк Тәңірге құлдығым.
Туған жерге сен ғана
Байлап қойған кіндігін.
Құлағымда мұңлы үнің,
Іңір кештім, ілбідім.
...шекесін кеп қасып тұр
Жұртта адасқан бір құлын.

***
Талмауыр ұйқымнан таң сәрі тұрғызды,
Зілмауыр ойларды миыма батпандап.
Шаңқайда шекемнен Күн қызды,
Арқаның самалы мақпалдап.
Солығын күл-қоқыс аңдыған мысықтың
Тебінгі тәріздес көлеңке қарбытты.
Бұтына бұралқы күшіктің
Қалалық шағала саңғытты.
Ақшамға қортылып таңда ішкен сәресі,
Еңкейіп батқанда қызылкөз Күн жылар.
Қаланың тірлігі дәл осы –
Дәтіңе дәретін сындырар!

***
Ахмет пен Жүніс қажы,
Тағдыр емей кім ұстазы?!
Анкарада кәрілік кешкен,
Алтайда өтіп күміс жазы.
«Шилі өзенім, қамыс-ай» деп,
Әнге басты жарыса-ай кеп.
Жас сорғалап сақалынан,
Самайының ағы сөйлеп.
Құмыл қайда, Алтай қайда,
Кәрі кеудең зар толғай ма?!
Туған жердің боз жусаны
Татыр ма енді бал таңдайға?!
Баркөлдегі кер бетеге
Жаныңды енді тербете ме?
Мәрмәр жайлап жатқаныңмен,
Көкірегіңнен шер кете ме?!
Туған жерің зарды ұқтырған,
Тағдыр екен шалдықтырған.
Салтанатты күнің қайда
Сарсүмбеде салдық құрған?!
«Әуел баста бұлақ Ертіс,
Бала Ертіс пен Қыран Ертіс.
Өр Алтайдан өрекпіген
Сай қуалап, құлап еңкіш.
Бұлғын, Шіңгіл бай қуатқа,
Жойқын ағыс, айдыны ақпа.
Қырық жерден Қытай буған
Қара Ертісте қайғы жоқ па?!»
...Сағынышы, құр сүлдері,
Көк Тәңірдің тылсым демі.
Жүрегімді жылатпашы,
Қос қажының күрсінгені.

***
Стамбұлда адасқан қаз,
жеті түнде желкемде,
Сабаланып қаңқылдайсың
үміт артып ертеңге.
Көк тіреген ғимараттар
көлеңкеңді көрсетпей,
Шым етті ғой кеуде тұсым...
жарымаған дерт-емге!
Жеті түнде көлеңкеңді
қайдан көрем, ақ қазым,
Жалқы ұшқаның жанға батты,
жабырқаулы тақ сазың.
Саған сүйеу бола алар ма,
сергелдеңге түсірмей,
Теңіздегі шағалалар
басқа киген бақ тәжін?!
Самала түн болғанымен
ерке самал мақпалдай,
Тентек теңіз Алтайдағы
көлің емес ақмаңдай.
Қаңқылыңмен жүрегіме
құйып бердің запыран,
Қанатыңды қасіреттен
боласың-ау қаққандай!
Кәрі күйші бармағындай
жаңылысқан шертістен,
Теңіздегі терісқақпай
теперіштен дерт ішкен.
Қайдан жүрсің, хабар бар ма
қарт Алтайдан, айта кет,
Әлде Қаба, әлде Бұлғын,
әлде ұштың ба Ертістен?!
...Төлегеннің алты қазы,
адасқаны – біреуі,
Бәзғаламның жалғыз қазы,
күл-парша боп жүрегі.
Менің дағы жанымда бар
сарыала қаз-сағыныш,
Емі бар ма, ескереді,
елең қылып кім оны?!
Содан бері күміс қанат
жан-көлімде мамырлап,
Сезімімді селт еткізді,
бұлттар көшіп шағырмақ.
Қара түнді ақ қанаты
ақинақтай тілгілер,
Менің құсым жүрегіме
ұя салды дамылдап!

***
Желекті жиде ой ырғап,
Көзімді қайың көгендеп.
Есентай өзен бойында
Есімді жидым өлең деп.
Арман тұрды Айға асыла,
Басылмай жүрек лүпілі.
Ғалым Боқаштың басына
Кітап құлаған бір түні.
Қара өлең – қарашығымда,
Басымызға онда бақ ғашық.
ҚазМҰУ-дің қалашығында
«Ақшамнан жүрдік хат тасып».
Тауып ап мәз боп қаладан,
Өзгеріп салды бар таным –
«Торғайлар жұмыртқалаған»
Тыныштықбектің «қалпағын».
Жан-жүрекпенен сүйініп
Алтайдың алқатасына;
Оралханды оқып, ұйыдық
«Тағанның пәлсапасына».
Асқардан тауып марқадам,
Ақан, Біржанмен тілдестік.
Ақсұңқарұлы Арқадан
«Ұлыған» даусын күнде естіп.
Бәсіре жырым – бұла тай,
Қасиет-тегің – Қамбарда.
Кенежиренді Жұматай
Кеңсайға кетіп қалғанда...
Кешігіп келген кекілді ұл,
Өксігін қалай басарсың?!
Өмірім өтпей өкіндір,
Көктемім мәңгі жасарсын!

***

ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Ғайып болып күндізгі абат,
Түн жапқанда жұлдыз қанат;
Қыр басына телміртесің,
Қиялымды қыздырмалап.
Жұмыр баста ой көп бұлтың,
Уайымсыз бейнет-күлкім.
Шоқжұлдыздың тіліменен
Жылы ғана сөйлеп тұр түн.
Жаз жалғасса күзге абайсыз,
Жанарымнан сырғанайсыз.
Сынық Аймен сырласуға
Сіз қалайсыз?..

***

Тәңірден жарық нұр тілеп едім,
Аруды көріп ақмаңдай.
Арбалып қалдым күлкіңе керім
Күміс қоңырау қаққандай.
Сыр шашып терең сыңғыр қағысың,
Көркіңмен әсем көзге ұрдың.
Сағынып жүріп бұлбұл дауысын,
Сәуірде сені кез қылдым.
Ететін жан ем азға қанағат,
Сезімсіз жалған – көріксіз.
Еркелей күліп, наздана қарап,
Еркімді алдың еріксіз.
Арымдай аппақ арманға балап,
Үлбіреп еді үмітім.
Арманым қағып таңдарға қанат,
Күлкіңді күттім күні-түн.

***
Көркің ғажап-ақ, көркем дүние,
Жарқын болмасаң, сені сүрмеймін.
Еркімде емессің… ертең кім ие
боларын білмеймін.
Бір анық білерім – көңілім көк тірер,
Көк аспан әлемі – әдемі сарайсың.
Жаныма жақұтын сепкілер
таңдағы арайсың.
Арайлы аспанға жанарым тігіліп,
Тұтанам түнектің отынан.
Жұлдыздар алдында жүгініп,
омалып отырам.
Қабарған қара түн қақырап,
Түнектің етегін түремін.
Үзіліп түскенде жапырақ,
Кіжініп күлемін!
...ай, жүрегім!

***
Дүрдараз жауға өшігіп кекті,
Кененің басы кесіліп кетті.
Бақа басты жау бақ-баққа басып,
Есерлікпенен есіріп кетті.
Оспанның басын қытай жалмады,
Ұлтымның жауы ұпай қармады.
Шығыс Түркістан шырқырап сонда,
Көрмеген қазақ құқай қалмады.
Бас аман тұрса ерен ердегі,
Ай тақырға атан шөгерер ме еді?!
Марғасқа туған Махамбеттердің
Тілеуін Тәңір неге бермеді?!
Исатайлардың иығы мықты,
Арлан арманы миын ұлытты.
Дулығасына сыймаған басын
Құтырған қара құйын ұрыпты.
Тайлақ дәуренін тасыраңдатып,
Жазықсыз көздің жасын аунатып;
Иманы кәміл Иманжүсіптің
Үркіп те қашқан басынан бақыт.
Зарға бөктіріп запыран үндер,
Жанының жалмап жапырағын Көр.
Құдықта қалған Шәкәрімнің де
Бата оқып еді басына кімдер?!
Алынбай аға, әкеден кегі,
Халқына жеткен хат-өлеңдері.
Сарыарқасынан сая таппастан,
Мәдидің басы мәпеленбеді.
Ерге туғанда егестің күні,
Кейкінің басын Кеңес қылғыды.
Эрмитаждағы сөреден сөйлеп,
Ертеңге болды елес тірлігі.
Ешкімнің көрмей әспетін ұлық,
Жалғанның жалпақ тас беті күліп.
Балпаң да басып бабалар өтті-ау,
Алтын бастары бәске тігіліп.
Қалдырған жұртқа хас тағылымды,
Күлімдеп тұрған аспаны нұрлы.
Қара орманына қадірі артқан,
Ал бүгін кімнің бастары құнды?!
Бабамның бағзы күйін үлгі етем,
Ата жолыма сыйынып өтем.
...Ал Абылайдың түсіне неге
Бақа мен шаян, бүйі кірді екен?!.

***
Мен өмiрге келген күнiм –
өлген күн,
Жалған дүние – жарықсың деп
қол бердiм.
Тарамыстай тағдырымды
тануға
Тәңiрiмнен пешенеме
мөрлендiм.
Мынау күннiң, анау айдың,
сол жылдың
Жылнамасын жырлай-жырлай
болдырдым.
Құр тiлiмдi безей-безей
беталды,
Күлкi мұңлы, кiрпiгiмдi
зорға iлдiм.
Түсiме енiп, кiсiнейдi
көк құнан,
Көк құнанның кiсiнеуi –
тектi ұран.
Тәңiрқұттың жартасындай
жаңғырған
Сол дауыстан ой-санамды
отқа ұрам.
Жұлынымнан жұпар аңқып,
жыр көктер,
Ғұмырымнан көгередi
бiр көк бел.
Жүрегiме жүк артуда
күн сайын
Миымдағы мимырт табан
мiндеттер.
Бiр мүжiлiп, бiр толысқан
Ай-тағдыр,
Күн жолына кiре тартсам –
қайқаң кiл.
Аспаныма ақиқатымды
айтам да,
Айға қарап, жар жағалап
қайтам құр.
Меңiреулiк қалпың жаман,
мешел күн,
Екi иiннен дем алады
есер мұң.
Құба таңда құлын даусы
оятса,
Жыр-атанға жүгiмдi артып
көшермiн!

***
Күреңтөбел кісінейді құлын күн,
Құлын күннің түсінеді тілін кім?
Қыл мойынға құрық түсіп, тұқыртып,
Жүгенделген жылдарыма жүгіндім.
Құдайсызға құнсызданып құлдығым,
Көрген сәтте сүмбіленің сүргінін;
Күдері бел күреңімді сауырлап,
Күрең жалқын күнбатысқа сүңгідім.
Айналамда адамдарға алаңдай,
Қулығына ілестірер заман қай?
Қан қызыл кеш қаракүрең түске еніп,
Батқанынша бағытымды таба алмай...
Сәттерімде жүрегіме тіл біткен,
Жан дүнием алай-дүлей дүрліккен.
Көктің жүзі күреңіте бастаса,
Күдер үзем қызыл түлкі-тірліктен.
Күмбір-күмбір күйін шертсе күрең күн,
Қызарақтап қылғынамын, жігер – құм.
Жанарынан жалқын жасын ағызып,
Күрең Күннің көзін шұқып жібердім.
Алқызыл таң атқан сәтте қабарып,
Қаракүрең онда да бар қаралық.
Түн-теңізге жан-тәнімді лақтырдым,
Ала таңда шыққым келіп ағарып.
…Қазығына айналар деп қазанат,
Қалам, сені қағып кетем қада ғып!

***
Құлағымда – құбыладан қыдыр үн,
Қыдыр үнге қосылғандай күбірім.
Сұлбамды Айдың сүт сәулесі танытқан,
Елес қуған ессіздердің бірімін.
Міскініңді мүсіркеме, мөлтек түн,
Енді кімді сендірмексің, ертек күн?
Сағым сонар көлеңкемді зорайтып,
Дүниенің дауысынан селк еттім.
Ерке қыздың елесіндей ескі күн
Көз алдымда көлбеңдейді кешқұрым.
Байырқалап батқан Айдың жосыны
Келер күннің танытады кеспірін.
Өз елесім өз көзіме жатсынып,
Санамдағы сабырымды тапшы ғып;
Тағдыр мені қабырғамнан қапсырып,
Тақ төбемде ойнатады ақ сырық.
Шық ғұмыры кірпігінде түнемес,
Күн артында қылғынады қыл өңеш.
…Елге әңгіме айтуыма не жорық?
Көп елестің соңындағы бір елес...

***

АҢСАР
Толыбай да жоқ заманда,
Күреңбай да жоқ,
Қазанат тұқым, кеттің бе
кілең майда боп?
«Әбдіғайса шал жасаған
ауыздықпенен, –
ауылға барсам, іздеймін, –
жүген қайда?» – деп.
Басымнан менің аса алмай
бұлт табандасын,
Жүйрік деп өткен бабамның
ұрттағам жасын.
Құмарым қанбай қойды бір,
тақымым толмай,
Құмарбек шапқан ер-тоқым
жұртта қалғасын.
Елеңдеуменен құлақты
еліме түріп,
Сонау күндерді сағынам
шегіне тұрып.
«Халықтың жауы» Құмар шал
қатал ед неткен,
Жез сыбызғысын ап кеткен
жеңіне тығып?!
Туған жер, сені көп болды
жырламағалы,
Көліңнен аққу-қаз әнін
тыңдамағалы.
Әке, сен аңғал екенсің,
«қожанасырлау»,
Құлынға құда түсетін
тумаған әлі.
Еңіреп ерлер жетеді
ел деп арманға,
Жүйріктер сүйреп жүйткиді
кең даламды алға.
Құрдастарың да есімде –
әлі сенбейтін
Жотасы биік сол құлын
жорға болғанға.
Мінем деп талай құлынды
өскенде ат қылып,
Бәсірелерді санаушы ем
бас бармақ бүгіп.
Тайқызыл жорға, тағдырың
қандай болды екен,
Әкеммен бірге жылаған...
көштен қап тұрып?!
Заманның мынау жеткендей
заңды асқарына,
Көшпелі кербез тірліктен
мән қашқаны ма?
Сұлу жорғаны әспеттеп
сөйлеп қайтейін,
Сұлы дорбаны білмейтін
қандастарыма?!
Бабын тапсам ба деп едім
бабамдай жырдың,
Бүгінде жүйрік мінбедім,
соған қайғырдым.
Атам басына барар ем,
білмеймін, қайда,
Алаяқ аттың басына
бара алмай жүрмін!

***

ӘНШЕЙІН...
Өр Алтайдан өркен жайып
гүл дестем,
Қайыртының жағасында
күн кешкем.
Әрине, бұл бабам өскен
топырақ
Астанада шығып кетер
күнде естен.
Қыңыр шалдар бір жамбастап
қисайып,
Бір мес қымыз аспай қалып
бір кештен;
Сонау жылғы әңгіменің
жалғасы –
Бір көшке кеп тірелетін
бір көштен.
Ал бүгінгі байтақ
Қазақстанда
Күндізімді таба алмаймын
түнгі естен.
...Көкше көңіл жон жайлауға
көсіліп,
Көкбастауға әкем қонған
ірге өшкен.
Шіркін, Алтай, бері болсаң
«сызықтан»,
Қансонарда алтайыңды
ілмес пе ем?!
Көксоқтада көктемірге
мінгеспей,
Көкжорғаның жотасында
жүрмес пе ем?!

***
Алтай астым, Алатауда түледім,
Сарыарқаға салдым жырдың түренін.
Таң асырып, тамшы терін тұндырдым,
Күн қақтырмай күлік ойдың күреңін.
Шабыт артқан шағымда бұл шалымды,
Елден алдым, елге берем барымды.
Ертіс жұлып, екпінімен ағызған
Емеспін ғой судан шыққан салынды.
Атамекен, тек өзіңе бар құрмет,
Сағынышым саған деген сан бүрлеп;
Жақпарда өскен жалқы, қасқа қайыңдай
Жанарыңда жәудіреймін тағдыр боп.
Қасқыр емген қалыбыма тартармын,
Алтайымнан асқақтыққа ант алдым.
Ай мүйізі шағылысқан Айменен,
Тамырымда қаны ойнайды арқардың.
Беу, туысқан, өкпең несін қабынар,
Жан бауырың мен боламын сағынар.
Ұшар басын тұғыр еткен құзардың
Ұшқат сынды тағдырымды танып ал!

***
Үрпі ұшынған үр жалғанның,
Ешкіемері емшек тістеп.
Тұлдыр жаным тұлданған күн
Кебінімді өлшеп-пішпек.
Жанға тәнді құл ете алмай,
Құбылуда құбылам мың.
Күллі иманым күнәкардай –
Ірігені қымыранның.
Қасқа маңдай қақшияды,
Мүсіркесе мүләйім күн.
Ұртқа сыймай ақсияды
Ұры тісі уайымның.
Сәулеленер сәтті ой қашан,
Ай да жатыр жаңаланып?
...Оңашада қап қоймасам,
Қастауыштан қалам алып!

***

ШАБАНДОЗ ЖАСТЫҚ
Үкілеп мініп астыма сандал
саңлақты,
Дүр етті лек, аспанды қою
шаң қапты.
Жіберіп тізгін, жантая жалға
жармасып,
Айғайлап келем, шақырып Абақ
аруақты!
Аламан белде арманым аппақ
ай қанат,
Көзді тарс жұмғам, жанарым желден
тайғанап.
Бәйгетөбенің байтақ бауырын
бетке алып,
Жұлдыздай аққан жарауы жеткен
жайдақ ат!
Қымқырып тізгін, қамшымды бүктеп
бүйірге ап,
Жүрісі қандай жүйріктердің
күй-ырғақ?!
Тебініп келем, емініп келем
ентелеп,
Көк дөнен көңіл көсіліп кеткен
құйындап!
Сыймайды сол сәт шабысты жырға
өлшемің,
Мінез-мұхиттың танытып тасқын
мөлшерін.
Оң қанатты алып, орамалыңды
оңтайлап,
Тағдыр-тұлпардың көзін сүртерсің,
келсе ебің.
Күлтелі жалды Күнді құрықтап,
Ай мініп,
Шабандоз – менмін, қиялым – одан
сәйгүлік.
Делебем қозып, дегбірім кетіп
делбелеп,
Санамда сол сәт бұлдырар көмбе,
бәйге-үміт!
Маң дала жатыр мәресін айтып
меженің,
Қамшымды сермеп, ұрандап тілді
безедім.
Қаршадайынан тақымын тайға
бекіткен,
Ғұмыр-бәйгенің өзімше шабандозы
едім.
Кермені бірден кесіп-ақ өтіп
кетердей,
Әспеттей бердім сыршыл сезімді
сетерлей.
Мен сонда мынау дүбірлі
өмір-додаға,
Көзімді жұмып, қойып-ақ кеткен
екем ғой!
Тағдырым, бәлкім, тап болар сүргін,
қарғынға,
Кермені көздеп, жалтақ жанарым,
талдың ба?
Көмбеден күткен тілеулес жұртым
секілді,
Тақымын қысып ажал тұр ма екен
алдымда?!.

***
Жарықтық жылқы жануарым-ай,
Сен десем естен жаңылам ұдай.
Қадірің артты жалғанда мына,
Қазақты тап қып бағыңа Құдай.
Тағалап мінсем – таймас табаның,
Сетер ат мінбей той бастамадым.
Жұлдызымды менің биіктен жақтың,
Жұлдызтөбел мен Айқасқаларым!
Атымды босқа терлетпес те едім,
Қайғының бұлты меңдеп көшкенім.
Жігерді жанып, намыс тұтатқан
Жібекжал менен Желжетпестерім!
Тілеуін көптің бұйрық қылып,
Жасанған жауға шүйіліп кіріп;
Жалауын жұрттың жыққан емеспін,
Жаратып жуан жүйрік мініп.
Жылқыдан ұстап бір таң астырып,
Саздауыт кешпей, қырқа бастырып.
Көбеңсігенде терлетіп келіп,
Отқа да қойғам күн таластырып.
Жылқының таңдап кілең саңлағын,
Туған даламды түгел шарладым.
Бәйгенің атын шідерлемедім,
Тісеу құнанға жүген салмадым.
Атойлап қарсы оққа да шапқам,
Сетерлеп мінгем топқа да мақтан.
Алтын ер ерттеп, арқаңа тисе,
Алтынын алып, отқа да жаққам!
Жоталар жөңкіп жолдан ғажап мың,
Жайлауға көшіп қонған қазақпын.
Жақсы атты көрсем жалғыз түнде ұрлап,
Барымташы да болған қазақпын.
Жағасын жайлап гүлді суаттың,
Жылқы да бағып күнді шұбаттым.
Ат болар тайға айырбас қылғам,
Үйірін беріп бір қысырақтың.
Жал-құйрығыңды Ай сылағанда,
Үйірден құлын-тай шұбағанда;
Кең дүниеге паң қарап тұрғам
Қамыс құлақты қайшылағанда.
Отырған хандай тақтың үстінде,
Әулиесіндім аттың үстінде.
Ажалға да арман – батырымды алу
Ат жалын құшар ақ күміс күнде!
Құйындай соғып көлденең жолды,
Бәйгеден келсем – кермеде ел көрді.
Жүрегім содан «жылқы» деп соғып,
Көңілім жүйрік көк дөнен болды.
Қиялдың ұшып самғау көгіне,
Тақымым қысып тарланкөгіме;
Айызым қанбас Ақан ақындай
Бір басып алмай «Маңмаңгеріме»!
Шалқарлы далам, шұғылалы өлең,
Самалың жұтып, сұғына берем.
Құйындай жүйткіп Құлагер шапқан
Құба белімді – құбыла көрем!
Құлагер – қазақ арманы деп біл,
Рухтың жүйткір тарланы деп біл!
Құлагер атты пыраққа мініп,
Ақан серінің аруағы кеп тұр!

***
Көне жота көз тастап қырымына,
Туған далам – телмірдім тұғырыма.
Құлынымда қоңырау таққан елім,
Риясыз сеніп ем ырымыңа.
Төбемізден төнгенде төбет іңір,
Күн-қыранға – қызыл тау – көне тұғыр.
Есіңде ме, туған ел, жұмасына
Екі тайдың қолтығын сөгетін ұл?
Құба белден жортқанда өмір-құлан,
Көкке самғап кететін көңіл-қыран.
Есіңде ме әкесі ұрсатын ұл,
Шеки басып қалғанда шегір құнан?
Шаңын қосып шапқанда белге белдің,
Тізгін бермей, көз ұшы дөңгелендім.
Есіңде ме еңкілдеп жылайтын ұл,
Тайдырып ап сырғасын кер дөненнің?
Шапқан сайын сезімім – тасқындарға,
Айналатын арманым ақшуланға.
Есіңде ме кемсеңдей беретін ұл,
Қоңыр бесті тұрасын тасқа ұрғанда?
Тасқа, талға, жыраға соғылам деп,
Ойламаушы ем бір қазық жолығар деп.
Әкем сонда ұрсатын: «Осы сенің
тақымыңның, әйтеуір, желі бар», – деп.
Апам: «Сақта, Құдай!..» – деп күбірлесіп,
Тербететін жанымды қыдыр бесік.
Додаға ендім құйғыта шапқан күйде,
Домбыраға жырыммен дүбір қосып!
Базарында бал күннің, бұла шақтың,
Тізгін тисе қолыма, тұра шаптым.
Асау мінгім келетін ауыздықтап,
Жалықтырса мимырты жуас аттың.
Соның бәрін түсірсем есіме бір,
Келер ме екен қайтадан хошы көңіл?
Қайыс арқан сүйреткен қашағандай,
Қайда зытып барасың, есіл өмір?..

***
Қара өлең, қоңыр, ақ өлең –
Көрінген бәрі мәреден.
Қалам мен қағаз бетінде
Сары өлең... сосын және мен.
Өлеңнің түрі, түсі көп,
Әсеттің жыры – «Қысымет».
Елге бұрылмай кете алмас,
Кенже құлындай кісінеп.
Сары өлең – сары мұң расында,
Қазына болған Қасымға.
Жалғыз аршаға байланған,
Қарқаралының басында.
Қоңырым – қозы маңырақ,
Жалпыға қояр жамырап.
Жұпарлап берген Жұмекен,
Сарыала қаздың сазын ап.
Қара өлең – қайғым, көз жасым,
Шемен шерімді қозғасын.
Атанның жүгін көтерер –
Атамның жыры болғасын!

«БҮЛДІРГЕН АҒЫП ТҮСКЕНШЕ...» жыр жинағынан

6alash ұсынады