Оралхан Бөкей. ІЗДЕГЕНІН ТАПТЫ МА?

Баяғыда, тым-тым баяғыда да емес, анау бір жылдары біздің жаққа пішен өте қалың шықты. Тау-тас, орман-тоғай, жота-қырат, сай-қолаттың бəрі-бəрі құлпырып, желкілдеген шабындықтың астында қалып еді. Үйдің ар жағында тастақты төбе бар болатын, қақтамада жатқандықтан сап-сары болып, баланың жаялығындай сарғайыңқы кеспірінен арыла алмаушы еді. Биыл сап-сары ала бақпақтан тана тағынып жетіседі. Пішен оруға да ерте шықтық.

Біздің жақта шөп шабатын машинаға төрт ат жегетін. Төрт ат жегетін себебі, жер қия, өрлі-қырлы, екі-үш жұмыс көлігінің шамасы жете бермейді. Төрт ат жеккен соң, оның міндетті түрде ат айдаушы баласы болады. Алтыншы класты тамамдаған біздер сол атшы ұлдармыз.

Елең-алаңнан тұрамыз. Жылқышы қиқу сала айдап келген аттарды ұстап, жүгендеп, сақадай-сай етіп қоямыз. Содан соң қара шайды шикілеу піскен қара нанға қосып армансыз ішер едік, екі көзіміз төрт болып ауылдан келер «қожайындарымызды» күтер едік. Ал олар əсте асықпайтын. Астарындағы тоқ жарау аттарын сипай қамшылап, əлденені айтып, қарқ-қарқ күліп, қызара бөртіп келе жатар еді. Машинистердің осынау бақытты жүзі, еркін жүрісін көріп отырып, ержетіп, ерттелген ат мініп, езуге темекі қыстыруды қанша рет армандадық десеңізші, қанша рет... Жылдар өтіп... есейе келе, сол бақытты балалық шақты қайта армандап, кері оралар жолдың жоқтығына налып, табиғат-анаға өкпелеп, сананың саздау тартарын білдік пе, тəйірі, білдік пе... Енді, міне, енді, міне, енді, əне...

Менің машинист ағайымның аты – Мұхтар-ды. Ала көз, төртбақ денелі, гүрілдеп сөйлейтін, мінезі шатақ жігіт. Маған дейін үш-төрт ат айдаушы ауыстырып, жанына жақпаған, яғни айтқанына көніп, айдағанына жүрмеген баланы ұрып-соғып қуып салады жəне ауылға төсек-орнын арқалатып жаяу қаңғыртып жібереді екен. Иемнің осы қылығын білетін мен қайтсем көңілінен шығам деген ниетпен мұрным қанағанша безектеймін. Əзірше бетіме қарап көрген жоқ.

Дегенмен, машинистерден гөрі, біздердің, ат айдаушылардың жұмысы анағұрлым ауыр еді. «Баланың істегені білінбейді» деген мəтел сондықтан шықса керек. Əсіресе, біздерді қинайтыны – аттың үстінде келе жатып жерден көз алмай тесіліп, қалың шалғынның арасында жасырын жатқан ұры тас, томар, тышқан қорық көрінсе, айғай салып, машиниске ескерте-ескерте ес-ақылдан айырылып қалар қырағылық еді. Айғайлай-айғайлай үннен айырылып, қырылдап сөйлей алмай жүретінбіз. Кейбір кезде, əсіресе, шөп қалың жерлерде, бұғып жатқан жер тасты көрмей қалып, шөп машинасының бір тетігін бүлдіріп алсақ, бізге күн жоқ; ондайда қожайыныңның бишікпен қыр жіліншіктен осып-осып жіберіп, əкеңнен түсіп боқтауға құқы бар. Дегенмен, осындай қиындығына қарамастан ат айдаушы бала болудың қайталанбас, қашып кетпес қаншама мол қызықтары бар еді. Əсіресе, күн батар сəтте, дертеден мойны босаған, үсті-басы салтақ-салтақ, тер қақтаған аттарды алдымызға салып тырқырата қуып, қиқулап қара қосқа қайту – тек бізді ғана емес, ересек жігіттердің де делебесін қоз- дырып, қай-қайдағысын есіне салар. Қай-қайдағысы есіне түскен машинистер ойқастап, баяғының батырындай кеу- дені шалқақ тастап, шат көңілмен бір шырқар. Қамыт пен қамшыдан құтылып үйге қайтқанын ат байғұстар да сезетін, сезетін де жаппай желіп, жайтаң қағып басын изеп тастап, ауыздықтарын сүзе пырылдап, пысқырысып кетер еді.

Біз ең əуелі жұрт ауыстырарда, иесі жайлауға көшіп кеткен иен қыстақтардың маңайын тақырлап шауып алатынбыз. Есік-терезесі айқұш-ұйқыш тақтаймен қағылған иен үйді аппақ сандай етіп жуып, бөктеріп келген бөстегімізді төсейтінбіз. Бұл біздің бір апталық мекенжайымыз болады деген сөз. Ал үлкендер жағы қандай шалғай болса да тау басындағы иен қыстаққа түнемей, ат сабылтып ауылға қайтатын.

Міне, осындай бір қыстақтың қысқы азығын (мал азығын, əрине) шауып, келесісіне ентелей жете бергенде, менің машинисім Мұхтар аға шатақ шығаратын. Шатақ дегенде, пəлендей бір бас жарып, көз шығармағанмен, өз өктемдігін түсініксіздеу жүргізер еді. Машинистердің көшін əрқашан да өзі бастайтын Мұхтар аға:

– Ал, бала, – деп дауыстайды маған, – айдай түс астыңдағы атты. – Содан соң өзі дертені салақтатып ортаға алып келе жатқан түптегі екі жиренді шықпыртып-шықпыртып жібереді де, əдетінше, «Халалалау!» деп ақырады. Мен осы кісінің қас-қабағына қарап, əр қимыл-əрекетінен-ақ не ойлап немесе айтқалы тұрғанын сезіп, білуші едім. Əйтпесе болмайтын, болмайтын себебі – көңілінен жалғыз рет шықпасаң: – Айда, кет! Ат айдау не теңің, бақшаңа түскен ешкіні айдап ал! – деп жаяу қуып жіберері хақ. Ол кісіден бəрін, тіпті барлық көзжұмба əрекетті күтуге болар еді. Сондықтан да өл десе – өліп, тіріл десе – тірілуге əзір тұруға дайынмын.

Аттың сыры иесіне мəлім, қалың алабота, кендір араласа өскен шөп-шалам басып, төбесі мен мұржасы ғана қылтиған қыстақ сонадайдан көзге шалынса болды, қамшыны басамын. Өйткені иесі жоқ үйге Мұхтар ағаның бəрінен бұрын жеткісі келетінін, ал бұрын жетіп алған соң, бишігін сарт еткізіп рычагқа іліп, қобдидан не бізін, не машина болтын бұрайтын кілтін асыға алып, иен үйге қарай тұра жүгірер əдеті əлі қалмаған, тіпті ғұмыр бақида қалмайтын шығар. Бəрімізден бұрын жеткенде, ешқайсымызды маңайлатпай, тіпті аттан түсуімізге тыйым салғанда, Мұхтар ағаның, иен үйден не қарайтыны, не істеп, не қоятыны біздер үшін шешуі табылмас жұмбақ күйінде келеді.

Міне, бүгін де Көбентауы қыстағына елдің алды болып жеттік. Бұл жер жаннат секілді əдемі тау-текше еді. Үлкен төбенің дəл бауыздауынан сұп-суық, ішсең тіліңді зыр еткізетін бастау ағып шығып, көгілдір тартқан көлге құятын. Көлдің шеті батпақты, қопалы емес, шымдауыт нығыз. Мұхтар аға сүйекке сіңді əдетіне басып: – Др-р-др, – деп көлікті тоқтатты да, бишігін сарт еткізіп, рычагқа іле салды. Осы жолы орындықты сақ еткізіп саспай түсті де, темір қобдиды ақтарып, үшкіл бір темірді тауып алды. Асықпай темекісін тұтатты. Осы кезде ентелеп, аттарын қатты айдап, қалған шөпшілер де бірдемеден құр қалғандай келіп-ақ қалған еді. Мұхтар аға жақтырмай бетін тыржита қарады да, оң қолын көтеріп: «Хала-лау!» – деп ақырды. Барлық машинистер командирдің бұйрығын естігендей селтиісіп-селтиісіп қалт тұра қалды. Аттар танаулары пырылдап ентігеді. Кейбір ашқарағы тізгінін жұлқа тартып, шөптің басын шалып тықыршиды. Атшы балалар бет-аузына үймелеген шыбын-шіркейді қуып, пысынап отыр. Мұхтар аға сол оң қолын көтерген қалпы: «Мен шыққанша, бірің аттап басушы болмаңдар», – деп, иен қыстаққа сып етіп кіріп-ақ кетті. Бірақ осы жолы көп айналды. Дөшен деген түйдей құрдасы барды. Мұхтар ағаның жеті атасынан түсіп балағаттап отырды да: «Ей, Ораш, – деді маған. – Ақырын баспалап барып қарашы, ана ит не істеп жатыр екен».

–       Бармаймын, қорқамын, – деп едім, машинистер жан- жақтан ұлардай шулап қоя берді:

–       Қорықпа да саспа, біз бармыз, – деді Дөшен шіреніп.

–       Бəрімізге əлі жетпейді.

–       Ода тұрған не бар.

–       Сайтанның қызымен қызығы болып жүрмесін.

–       Шынында да, жалғыз өзі не істеп жатыр?

–       Өстіп атты да, өзімізді де шыбынға талатып тұра береміз бе?

–       Төрт көзіміз түгел кіріп барсақ қайтеді?

Міне, осы секілді сөздер құлаққашты қылған соң, аттан керенау түстім, бірақ Мұхтар ағаның артынан аңдып баруға жүрегім дауаламады.

–       Басқа баланы неге жібермейсіздер, мені көре қалыпты ғой, – деп əрі-бері қиқаңдап едім, Дөшен зекіп қорқыта бастады.

–       Егер бармаса, біз ауылға кеткен соң, бəрің жабылып ормандағы қарағайдың біріне байлап тастаңдар, аюдың жемтігі болсын.

Мен, шынында да, сескенейін дедім. Бұл Көбентауында аюдың бары рас. Күндіз шөп орып жүргенде, түнде ғана жапалап кеткен қиынан аттарымыз қорс-қорс үркіп, мазамызды алатын. Төрт ат жегілген машинаны басқа балаға тапсырдым да, бойлап өсіп кеткен қалың шөптің арасымен баспалай еңбектеп, қыстауға жақындадым. Басқаларда үн жоқ, демдерін ішіне тартып менің ізімді бағып тұр. Жүрегім дірілдеп, бейне бір жау жағына өтердей шошып-ақ келемін. Егер Мұхтар аға біліп қойса, осы қазір асқар таудың басынан төмен – анау көк мұнар астындағы ауылға домалатып жіберері рас-ты. Өлдім-талдым дегенде үйдің іргесіне іліндім-ау, əйтеуір. Қолым мен бетімді шөп тырнады. Оған мəн беріп жатар мен емес, есіл-дертім қожамның көзіне түспеу. Иен үйдің айқастыра ағаш тақтай шегелей салған терезесінен ақырын сығаладым. Міне, қызық. Мұхтар аға иен үйдің бұрыш-бұрышын, жабық саңылауын, мəтке ағаштың, сыланбаған қарағай қабырғаның ырсиып, ашылып, жарылып, айрылып кеткен жерін, ескі пештің сау-тамтығын қалдырмай, бит қарағандай қарап жүр... Қолындағы үшкір темірмен шұқып тұрып бір нəрсе іздейді... Содан кейін жертөленің қақпағын ашып астына түсті. Мен таң-тамашамын. Мұхтар аға не іздеп жүр екен... қызық... белгісіз затқа құмарлық, əйтеуір, жоқ дүниені іздеу жеңсігі мені де жеңдей бастап, мойнымды тырнаша соза беріп едім, ол қарғып қайта шықты. Үсті-басы былғанып, өрмекшінің торы жабысып қалған екен, қақты да, шырт еткізіп түкіріп тысқа шықты. Үйге кірерде көлденең-көлденең қағылған тақтайлардың біреуін теуіп кірсе керек, шығарда екіншісін теуіп ұшырды. Менің аузым аңқиып отырып қашып үлгермедім. Аттарға Мұхтар аға бұрын жетті. (Р.S. Мұхтар деген есімге ағаны қосып айтпасам, күні бүгінге дейін таяқ жейтіндей сескенемін).

–       Ораш қайда кеткен? – деді зілдене.

–       Мен мұндамын, – дедім шөп арасынан шошайып.

–       Неғып жүрсің?.. – Көзі бұрынғыдан да алайып кетті.

–       Дүзге отырып... өз тапқырлығыма өзім риза болдым.

–       Тапқан екенсің отыратын уақытты.

Шөпшілердің бəрі жамырай күлді. Мен лып етіп атқа мініп үлгердім.

–       Өзің не бітірдің? – деді Дөшен.

–       Онда сенің шаруаң болмасын, – деп Мұхтар кесіп айтты. – Мен де дүзге отырдым.

–       Сен дүзге емес, үйге отырдың... Балалар қалай ұйықтайды. – Дөшен тайынар емес, мұндай ерлікке таңғалдық.

–       Айда, сөзді қойыңдар. Хала-лау! – деп дауыстады Мұхтар аға. Сол команда естілісімен, қыстаудың айналасын талқанын шығара жапырып шауып тастадық та, аттарды шештік. Осы мезетте күн де ұясына батып бара жатқан. Таудың кеші қысқа болады. Машинистер аттарының айылын тартып, құйысқанын салып ойға – ауылға аттанар алдында, Дөшен мені далдалау жерге шығарып алып, Мұхтар ағаның иен үйде не істеп жүргенін сұрады. Мен бəрін айтып бердім.

Ертеңінде түсте көлдің жиегіндегі пішенді шауып, тамақтанып отырғанбыз. Дөшен жөткірініп алды да, əңгіме бастады.

–       Əй, құрдас, – деді Мұхтар ағаға. – Осы сен иен үй мен қорадан шұқылап не іздеп жүресің?

–       Оны қайтесің? – деді ол.

–       Бірге іздесейік дегенім ғой. Жалғыз өзіңе бəрібір таптырмайды.

–       Оны көрген кім?! Қайсы əкең... Менің ізімді аңдыған?! Зəрем зəр түбіне кетті. Дөшенге жаутаңдап қарап едім,

ол мығым отыр екен. Мұндай қуанбаспын ба, жігіттер бір ауыздан:

–       Бəріміз! Көрген бəріміз! – деп шу ете қалды.

Мұхтар аға амалы таусылғандай, жақ сүйегін бұлтыңдата ет шайнап үнсіз біраз отырды. Содан соң:

–       Халалау! – деді тісі ақсиып. – Халалау, сендер де қызықсыңдар! «Не іздедің...» так, сондай да сұрақ бола ма екен. Қойшыларда ес бар ма, жайлауға көшерде жау қуғандай асығады. Иə, асығып жүрген қойшылар бір нəрсесін ұмытып, қалдырып кетуі мүмкін. Ал мен оны тауып аламын, білдіңдер ме?!

–       Астапыралла! – деп Дөшен жағасын ұстады. – Не деген тіміскілеген ит едің.

–       Əй, – деді Мұхтар аға, – Бас жаққа барыспайық. Өзім тауып алсам деп қызғанып тұрсың-ау.

–       Тфу!

–       Тфу!

–       Тфу!

–       Кім-кімнің түкіргенін білмеймін, есімде жоқ, əйтеуір, апай төс Мұхтар ағам көз алдымда өз-өзінен кішірейіп бара жатты. Кішірейіп...

* * *

Көп жылдар өтті. Өстік, ержеттік, қазіргі биікке шықтық. Анау бір жылдары ауылға қанша рет барып жүрсем де, Мұхтар ағаны жолықтыра алмап едім. Биыл көрдім. Дүкеннің алдында автобус тосып тұр екен, барып есендестім. Бұрынғыдай емес, бұйығы тартқан. Қартайған. Алақандай ала көзінің айналасы торланып, оты суала бастаған. Алпамсадай дене қушиып, тек ірі сүйектер ғана киім астынан шодырайып-шодырайып шығып тұр.

–       Халіңіз қалай, Мұхтар аға?

–       Жүрген ғой.

–       Алтынсары жеңешеміз қуатты ма?

–       Жүрген ғой.

–       Мұхтар аға...

–       Ау, інішек. – Бір түрлі қырсықтанып жауап берді.

–       Сіз осы баяғыда... Мен ат айдаушы болып...

–       Саған қол жұмсаған жоқ едім ғой, шырақ. – Сескене қарап, ары ысырыла отырды. Мен еріксіз күліп жібердім.

–       Жоқ, аға, мен оны айтайын деп емес, сонда сіз ескі үй, иен қорадан жалықпай, шаршамай іздеп жүргеніңізді таптыңыз ба?

Мұхтар аға түйіле ойланып біраз отырды да:

–       ІІІырақ, – деді маған тура қарап, – соғыстың иттігінен қара танымай қалған мені, жаман ағаңды былай қойғанда, өзің... білім, атақ, дəреже қуып, жер-жаһанды аралаған мына өзің... іздегеніңді таптың ба? – деп, орнынан атып тұрып кетті...

Ал, ағайын, сіздер ше?.. Таптыңыздар ма?!

6alash ұсынады