(жалғасы)
Үлкен Орда ұлысы. Бұл – Алтын Орданың ыдырауы нәтижесінде құрылған мемлекет. Аумағы алғашында Қара теңіздің Дон мен Днепр аралығындағы жағалауын алып жатты. Тоқтамыстың немересі Сейіт Ахмед хан Литваның ұлы князы Свидригайл оның көмегімен Алтын Орда мемлекетін сақтап қалуға тырысты. Оның құрған ұлысы орыс деректерінде Үлкен Орда деп аталды.
Үлкен Орда 100 мың сарбазы бар армия ұстап, ХV ғасырдың ортасына қарай Шығыс Еуропадағы аса қуатты саяси күшке айналды. 1455-56 жылдары қыста Қырым ханы Қажы Керей Үлкен Ордаға шабуыл жасап, оны Еділ жағалауына көшуге мәжбүр етті. Еділ бойына көшіп келген Үлкен Орда Ахмет ханның тұсында қайтадан күшейді. Ол орыстарды қайтадан тәуелділікке түсіруге ұмтылып:
1471 жылы Литва князьдығымен бірлесіп, Мәскеуге қарсы одақ құрды;
1477 жылы Мәскеумен одақтасқан Қырым хандығын талқандады;
1480 жылы қазан айында Мәскеуге шабуыл жасауға Ока өзенінің сағасы Уграға келіп тоқтағанымен, қарашада әскерін алып кері қайтты.
Осы оқиғадан кейін Мәскеу князьдығы түркі-қыпшақтардан біржола тәуелсіздік алды. Бұған қоса Ахмет хан Польшамен одақ құрып (1472), Түркиямен достық қатынас орнатты (1476). Бірақ 1465 жылы Үлкен Ордадан бөлініп, Ахмет ханға қарсы шыққан інісі Махмуд хан тәуелсіз Астрахан хандығын құрды. Өкінішке қарай Ахмет ханның мұрагерлері оның ісін жалғастыра алмады. Көп ұзамай, 1486-1491 жылдары Қырым ханы Меңлі Керей Үлкен Орданы талқандады да, 1502 жылы оны дербестігінен біржола айырды.
ХV ғасырдың өзінде Русь князьдары Ордаға емес, одан бөлініп шыққан ұлыстарға бағынышты болды. Әуелі Қазан хандығына бағынды. 1446 жылы Қазан ханы Ұлық Мұхамедке қарсы тұрған князь ІІ Василий Темный Суздаль түбіндегі шайқаста қазандықтар қолына тұтқынға түсіп, өз өмірі үшін аса көп құн төлеп, әрең жаны қалды.
1480 жылы Угра өзені бойында орыс жасағымен кездескен Ахмет хан шайқаспай шегініп кетті де, дәл осы оқиғадан соң Русь Ордаға тәуелділіктен құтылды. Алтын Орда ыдыраған соң 1547 жылы Иван Грозныйдың тұсында Русь князьдықтары Русия (Ресей) деген атқа ие болып, Мәскеуді (1547-1712) астана етіп тұрды. 1712 жылы әбден күшейген Руссия жаңадан Ресей империясы атанып, мемлекет орталығы ретінде Санкт-Петербург таңдалды.
Осы тұста әуелгі берекеден айырылған түркі-қыпшақ тектестер тарихтың тайғақ жолына түсті. Елдік сананы аяққа таптап, іргеде іріленіп келе жатқан Ресей қаупін ұмытты, яки мән бермеді (Мұхтар Мағауин).
Ноғай ұлысының әміршілері Мамай би мен Ағыс батыр 1523 жылы өздерінің бауырласы Қырым хандығына қапияда тап беріп, Махмет Керей бастаған әскерді қырып тастады.
Арада 30 жыл өткенде қыпшақ-түркілердің айдын-суаты Еділ дария – «Волга – русская река» атанды. Бұл жақсылықтың басы емес еді. Күндердің күнінде жарты әлемді шайқалтып, Еуразияның апайтөсінде империя құрған қыпшақ-түркілер орыстың табанында тапталып, барлығы қырғынға ұшырап, құлдық қамытын киіп, кейбірі мүлде құрып кетсе, қалғаны ұзақ отарлық дәуірді бастан кешетін заман туып келе жатты (Мұхтар Мағауин. Қазақ тарихының әліппесі. –Алматы: «Қазақстан» 1995. 24-б).
Русия патшалары:
- Иван IV Грозный (Симеон Бекбулатович) 16.01.1547- 18.03.1584
- Фёдор I Иванович - 19.03.1584- 7.01.1598
- Борис Годунов - 17.02.1598 - 13.04.1605
- Фёдор II Борисович - 13.04 - 10.06.1605
- Лжедмитрий I - 20.06.1605 - 17.05.1606
- Василий Шуйский - 19.05.1606 - 17.07.1610
- Владислав IV - 27.07.1610 - 04.11.1612
- Михаил Фёдорович - 21.02.1613 - 13.07.1645
- Алексей Михайлович- 13.07.1645 - 29.01.1676
- Фёдор III Алексеевич - 30.01.1676 - 27.04.1682
- Софья Алексеевна- 29.04.1682 - 07.09.1689
- Иван V Алексеевич- 25.04.1682 - 29.01.1696
- Пётр I Великий - 27.04.1682 - 22.10.1721
Ресей империясының патшалары:
- Петр І Алексеевич - 02.11.1721- 08.02.1725
- Екатерина І Алексеевна - 08.02.1725- 17.05.1727
- Петр ІІ Алексеевич - 17.05. 1727- 30.01. 1730
- Анна І Иоанновна - 26.02. 1730 – 28.10. 1740
- Иван VІ Антонович - 28.10.1740 -06.12.1741
- Елизавета Петровна - 06.12. 1741-05.01.1762
- Петр ІІІ Федорович - 05.01.1762 – 07.1762
- Екатерина ІІ Алексеевна - 09.07. 1762 -17.11. 1796
- Павел І Петрович - 17.11. 1796 -24.03. 1801
- Александр І Павлович - 24.03. 1801-01.12.1825
- Николай І Павлович - 01.12.1825 – 02.03.1855
- Александр ІІ Николаевич - 02.03.1855 – 13.03. 1881
- Александр ІІІ Александрович - 13. 03. 1881 – 01.11. 1894.
- Николай ІІ Александрович - 01.11. 1894 – 15.03. 1917
Русь князьдықтарының күшеюі. Алтын Орда империясы ыдырап, кіші хандықтарға бөлінген соң Русь князьдықтары күшейді. ХV ғасырда Мәскеу князы Василий Темныйдің тұсында онымен көршілес орныққан Қасым хандығы русьтардың сойылын соғып, оған қуат берді.
ІІІ Василий Иванович князьдық құрған тұста Русь княздықтарының бірігуі жедел жүрді. Мәскеу князьдығына Тверь, Псков, 1514 жылы Рязань қосылды. Еділ бойын мекен етіп келген мари, мордва, коми, карель жұрттары бірігіп Ресей ұлысын құрады.
Князь Василий өлген соң таққа ІV Иван отырды. Осы тұстан бастап ұлысты нығайту үшін мемлекетті басқару заңдары қабылданып, әскери реформа қолға алынып, тұрақты әскери қарулы күш пайда болды.
«Қаһарлы Иван» өлген соң 1584 жылы Федор патша болды. Одан кейін Федордың әйелінің ағасы Борис Годунов таққа отырды. Бұл патшаның тұсында Ресейдің жері кеңейіп, қуаты арта түсті. 1590-1593 жылдары шведтермен соғысып, Балтық бойындағы Ивангород, Ям, Копорье бекіністерін басып алып, батыс шекараны бекемдеу үшін Смоленск бекінісін салдырды.
Осындай бекіністер елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде: Белгород, Саратов, Самара, Сібір жақта: Төмен, Тобыл бекіністері салынып, Ресей жері ежелгі Алтын Орданың иелігі болған аумаққа келіп тірелді. 1654 жылы Украинаны қосып алды.
1584 жылы төртінші Иван патша дүниеден өтіп, 1587 жылы патшалық билікті қолына алған Борис Годуновтан (1598–1605) кейін, Русия тағы үшін ішкі тартыс басталды да, отарлау ісі уақытша байыз тапты.
1605 жылы таққа отырған ІІ Федордың биліктегі ғұмыры 2 айдан аспаса, кейінгі патшалар: І Лжедмитрий (1605–1606) бір жыл, Василий Шуйский (1606–1610) төрт жыл, IV Владислав (1610–1612) екі жыл тақ иесі атанды.
1613 жылы земский собордың тікелей араласуымен Михаил Романов билікті қолына алған тұста Русия жан-жағын отарлау саясатын қолға алып, жүйелі түрде жүргізе бастады. Олар еуропалық отарлаушылардың Үнді-қытайға теңіз арқылы жол тартқанын аңдап, бұл іске Русияны құрлық арқылы араластыруды көздеп, 1560 жылы аяқты шығысқа қарай көсілу қажет деген шешім қабылданды.
Бұл ойын іске асырып көрмекке, патша үш дүркін Хиуа бағытына қарулы жасақ аттандырып, нәтиже шығара алмады. Осылай оңтүстік бағытқа жүргізілген отарлау ісінен нәтиже көрмеген соң, жартылай жаулап алынған Сібір өлкесін шығысқа қарай кеңейте түсуді көздеді.
Сөйтіп, кезінде ақырған Алтын Ордаға салық төлеп, түркі-қыпшақ хандарына жағынудан алдына сан салмайтын Русь князьдары біріккен Ресей патшалығын құрып, Алтын Орданың мұрагерлері Қазан, Сібір, Ноғай хандықтарына ауыз салып, бұрынғы Алтын Орданың бауырынан бөлініп шыққан қыпшақ-түркі тектестерді бірінен соң бірін жалмауды жоспарлап қойды. Алдымен іргесіндегі Қазан хандығына ауыз салды.
(Жалғасы бар)
6alash ұсынады