Бекен Қайратұлы: ҚАЗАҚИЯ ҚАЛАЙ ОТАРЛАНДЫ? (2)

(Бірінші бөлім)

ХI-ХV ҒАСЫРЛАРДАҒЫ АЛТЫН ОРДА ЖӘНЕ РУСЬ КНЯЗЬДЫҚТАРЫ

Алтын орда дәуірі

Русь князьдықтарының күшеюі.

Қазақ хандығының құрылуы.

Алтын Орда дәуіріндегі Русь князьдықтары. Орта ғасырдағы түркі-моңғол шапқыншылығына дейін Русь жері бір-біріне бағынбайтын бытыраңқы дербес князьдықтардан құралды. Олар ІХ ғасырда Новгород русьтары, Х-ХІІ ғасырда Киев русьтары деген атпен тарихта белгілі-тін. Осы кездегі русь князьдықтарының патшалары:

Владимир Мономах (1053-1125).  Киев князы, 1113-1125 жылдары билік құрған. 

Юрий Владимирович Долгорукий  (1090-1157). Суздаль князы, 1155-1157 жылдары билік құрған, Москва қаласын салдырушы.

Вселовод Юрьевич Большое Гнездо (1154-1212). Владимир князы. 1176-1212 жылдары билік құрған. Оның түркі-қыпшақ әйелінен 12 ұл туған. Большое Гнездо (үлкен ұя) атауы содан шыққан.

Александр Ярославович Невский (1220-1263). Новгородта, Киевте, Владимирде князь болған. 1259-1263 жылдардағы ұлы князь («Русь и татары. Княжесткие роды.  Династические таблицы». Москва, 1994 ж. 39-б).

*****

ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде Жошының үлкен ұлы Бату басқарған түркі-моңғол шерігі:

1236 жылы Бұлғар патшалығын;

1237 жылы күзде Рязань князьдығының әскерін талқандап, Владимир князьдығының 14 қаласын;

1238 жылы Торжок бекінісін;

1239 жылы Чернигов князьдығын;

1240 жылы Киевті басып алды.

Сөйтіп, батыста Дунай жағалауынан бастап, шығыста Ертіске дейінгі апайтөс даланы Бату екі қанатқа бөлді. Бірін өзі басқарса, екінші бөлігіне Орда Ежен иелік етті. Батудың ордасы Еділдің төменгі сағасына жайғасып, Жошы ұлысы немесе Алтын Орда деп аталды. Бұл атаудың шығу тарихына қатысты, көптеген тарихшылар моңғолдың билеуші руы да өздерін «алтын әулет» деп атағандықтан, ұлыстың «Алтын Орда» аталуы да осыдан келіп шыққан болуы мүмкін, дейді (Рашид әд-Дин, әл-Жуайни).

Алтын Орда хандығы дәуірлеп тұрған заманда көне Русь князьдықтары Киев, Новгород, Владимир, Чернигов т.б. Ордаға бас иіп, бағынып тұрды. Ордаға алғаш бас иіп келген князь Ярослав Всеволодовичке Бату хан өзіне бодан болып, мемлекетке алым-салық төлеп тұруына келісті. Одан кейін 1246 жылдың күзінде Чернигов князі Михаил Всеволодович келіп Ордаға бас иді. Осы жылы Бату қаған Ярославтың інісі ІІІ Святослав Всеволодовичті «жалпы Русь князы» деп жарлық шығарды.

Қысқасы,  Батуға бас иіп келгендердің арасында 18 жасар Александр да (Невский) болған. Александр Невский  Сартақпен анда (бауырлас)  Батудың өгей ұлы болды, - деп жазады Л. Гумилев (Древняя Русь и Великая Степь, 2 том, Москва, 1997 жыл. 297-б).

Түркі-моңғол империясының құрамына кірген Руське шведтер мен левон рыцарьлары крест жорығын жариялап Новгород пен Псков қалаларын тартып алады. Осы тұста Батудың қолдауына ие болған Александр 1240 жылы 15-маусымда Нева өзенінің Ладога көліне құятын сағасында шведтер мен немістердің біріккен әскерін талқандап, «Александр Невский» деген құрметті атқа ие болады (С.М.Соловьев, 3-том, 148 бет).

Кешікпей Александр бастаған Русь жасағы Орданың қолдауымен 1241 жылы Новгородты крестоносецтерден тазартты. Келесі 1242 жылы Александр Псковты  басып алды. (С.М.Соловьев, 3-том, 150-бет).

Алтын Орданың сыртқы жауы Рим папасы Ордаға бағынышты Русь князьдықтарын католик дінін қабылдауға үгіттеп, түркі-моңғолдарды тәрк етуге шақырды. Князь Александр Невский Ордаға адалдық танытып, Рим папасының шақыруынан бас тартты. Нәтижесінде Бату хан оны «өкіл ұлым» (өгей емес) деп жариялап, 1252 жылы Бас князь атағын берді.

Алтын Орда тағына Батудың немересі Мөңке Темір отырған 1266 жылдан бастап Орда Қарақорымдағы орталық Ұлы қаған әмірінен тыс, тәуелсіз жеке саясат жүргізе бастады. Мөңке Темірдің тұсында:

1267 жылы орыс шіркеулеріне еркіндік берілді;

1269 жылы Ордаға бағынышты Новгород князьдығын Ливон рыцарьларының шабуылынан қорғады;

Алтын Орда тағына Мөңке Темірден кейін інісі Туда Мөңке отырды. 1283 жылы билікті оның ұлы Төле Бұға қолға алды. 1291 жылы Төле Бұғаны өлтіріп таққа Тоқта хан отырды. 1312 жылы тақ билігі Өзбек ханның қолына көшті. Орданы 30 жыл билеген Өзбек ханның тұсында:

Тверь князы етіп Михаил Ярославовичті бекітті;

1325 жылы Михаил князьдың ұлы Дмитрий мен басқа князьдықтар арасында қақтығыс пайда болып, Дмитрий князь Юрийді өлтіргені үшін Орда ханы Өзбек оның өзін өлім жазасына кесіп, князьдықты басқару ісін Александрға тапсырады;

1327 жылы жас  князь Александр Ордаға сатқындығы әшкереленіп, жазадан қашып Литваға өткендіктен, Орда Мәскеу князы Иван Калитаны күллі Русь князы деп жариялайды;

1339 жылы князь Александрға Орда билігі тарапынан сатқындығы үшін өлім жазасы берілді;

1340 жылы Орданың бұйырғымен Иван Калитаның ұлы Симеон күллі Русь князы атанды.

1342 жылы Өзбек хан дүние салды. Ол өлер алдында орнына баласы Тыныбекті мұрагер деп жариялады. Бірақ оған тақ бұйырмады. Інісі Жәнібек  алдын орап кетті. 1358 жылы Жәнібек өліп, баласы Бердібек таққа отырды. 1359 жылы Бердібекке қастандық жасалып, 1379 жылы Тоқтамыс билікке келгенге дейінгі 20 жылда 25 хан (Құлпа, Наурыз, Қыдыр, Темір қожа, Ордамәлік, Мамай, Адуллах, Келдібек, Мірполат, Мұрат, Болат Темір, Болат қожа, Азиз, Қажы Шеркес, Хасан, Әліпқажы, Қоғанбек, Араб шах, Махмұдбұлақ, Түленбек, Орыс, Тоқтақия, Темір Мәлік) ауысты. Осы уақыт аралығында:

1362 жылы Мамайдан қолдау тапқан Литва князы Ольгерд Чернигов өзінің қарсыластары Новгород, Северск, Трубчевск, Путивль қалаларын бағындырды.

Осы тұста орыс князьдарының алдында екі түрлі таңдау тұрды.

Бірінші. Ордаға бағынудан бас тартып, Мамайға салық төлемес үшін генуялықтармен одақтасып, Рим папасының қолдауына ие болу;

Екінші. Алтын Орда билеушілерімен қасық қаны қалғанша қарсыласып, тәуелсіздікке қол жеткізу.

 1374 жылы Нижный Новгородта архиепископтың бұйрығымен Мамайдың елшілері өлтірілді;

1377 жылы Мамай әскері Руське басып кіріп, Пьян өзені бойында біріккен Суздаль-Мәскеу жасағын талқандады;

1358 жылы Орданың Бегич сұлтан басқарған бір бөлім әскері Дмитрий Московский басқарған Русь жасағымен қақтығысып, жеңіліс тапты;

1380 жылы Күлік даласында (Куликово) Мамай басқарған Орда әскері мен Дмитрий Московский басқарған Русь жасағы шайқасып ордалықтар жеңіліп қалды.

1379 жылы Алтын Орда тағына отырған Тоқтамыс хан ең алдымен іргесінде күшейіп келе жатқан біріккен Русь князьдықтарына соққы беруді жөн санады.

1382 жылы Тоқтамыс хан Ордаға бағынғысы келмеген Мәскеу князьдығына ойсырата соққы берді.

1391 жылы Әмір Темір мен Тоқтамыс арасында болған зор майданда Тоқтамыс жеңіліп қалды. Бұл оқиға атақты Алтын Орданың күйреуіне әкеліп соқтырды. Ақырында Алтын Орда бөлшектеніп: 1396 жылы Еділдің төменгі бойында – Темір Құтлық,  Жайықта – Едіге,  Қырымда – Тас Темір жеке-жеке билік құра бастады. Осы тұста бұрынғы Алтын Орда ханы Тоқтамыс өз жақтастарын жинап жеке хандық құрды. Осылай бір-біріне көз алартқан төрт патшалық пайда болды.

Соның өзінде бұлар Ордаға салық төлеп тұрған Русь князьдықтарын еркіне жібере қойған жоқ. Ахмет ханның тұсында:

Князь Иван ІІІ бір жылда Ордаға 140 мың алтын төлеп тұрды;

1480 жылы Мәскеу князьдығы алым төлеуден жалтарғаны үшін Ахмет хан жазалау жорығына атанды. 250 жыл бойы Орданың езгісін көрген князьдар қатты сасады. Бірақ Ордаға өкпелі түркі-қыпшақ әмірлері русьтар жағына шығып, князьды қарсы тұруға көндірді.

Алтын орданың ыдырауы. Түркі-қыпшақ тектестер ортақ ту тігіп, шаңырағын көтерген атақты Алтын Орда империясы 200 жылдан астам алып Еуразия құрлығында ең үлкен мемлекет ретінде айбыны асты. ХІV ғасырдың соңында Әмір Темірдің үш рет (1391, 1394, 1395 жж) соққысына ұшыраған Алтын Орда бірте-бірте ыдырай бастады.

ХV ғасырдың 20-40-жылдары:  Үлкен Орда, Сібір хандығы, Ноғай ордасы, Әбілхайыр хандығы, Қырым хандығы, Қазан хандығы, ал 1450-60 жылдары Қазақ хандығы, Астрахан хандығы бөлініп шықты. Атап айтқанда:

  1. Еділдің орталық аңғары ежелгі бұлғар-түрік жерінде Қазан хандығы;
  2. Қара теңіздің теріскейі Қиян дала мен Қырым түбегінде Қырым хандығы;
  3. Еділдің төменгі аңғарында Хажы-тархан (Астрахан) хандығы;
  4. Еділ мен Жайық, Жем арасында Ноғай хандығы;
  5. Сібір даласын жайлап жатқан түркі тайпалары Сібір хандығын;
  6. Алтын Орданың құрамында шығыс беткейді ен жайлаған бұрынғы Көк Орда жерінде Қазақ хандығы;
  7. Алтын Орданың ұйығы Еділ мен Дон арасы мен Қапқазды қаптай Ұлы Орда хандығы құрылды.

Алтын орданың ыдырауы кезімен тетелес Мәскеу князьдығы күш жиып, төңірегіндегі іргелес жұрттар: мордва, коми, карел, удмуртты бағындырып алды.

«Жыланды жеті тураса да, кесірткелік күші бар» дегендей Алтын Орданың  жеті хандығының кез келгені Русьтың ұсақ князьдықтарын төрт бүктеп астына басып алуға қауқарлы болатын. Русьтармен іргелес Қырым хандығы мен Ұлы Орданың әрқайсысы қажет болса жер қайысқан 300 мың әскер аттандыра алатын.

(Жалғасы бар)

6alash ұсынады